• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 11 Қыркүйек, 2022

Софиядағы сұлулар сайысы

223 рет
көрсетілді

14-18 қыркүйек аралығында Болгарияның бас шаһары – Софияда көркем гимнастикадан әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Әдеттегідей тоғыз жүлде жиынтығы сарапқа салынатын жарыс­та Қазақ елі намысын сегіз спортшы қорғайды. Олар – Елжана Тәниева, Айболат Ертайқызы, Рената Жолдинова, Сағина Мұрат­қызы, Әсел Шүкірбай, Айдана Шаяхметова, Аружан Қасенова және Роза Әбитова.

Көркем гимнастикадан әлем чемпионаты 1963 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Алғашқы жарысты Чехияның Прага қаласы қабылдады. Одан кейін аталған жарыс әлемнің әр қиырында өтті. Спорттың бұл түрінің фавориттері ресейліктер екені еш дау туғызбаса керек. Келмеске кеткен КСРО-ның қоса алғанда, олар барлығы 286 (141 алтын+91 күміс+54 қола) жүлде олжалады. Болгарияның да жеңіспен өрілген бай дәстүрі бар. Бұл елдің өкілдері 167 (66+53+48) рет жеңіс тұғырына көтерілді. Украинаның көрсеткіші де жаман емес. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері олар 89 (25+28+36) мәрте үздіктер қатарынан көрінді. Сон­­дай-ақ төрткүл дүниенің тең­дес­сіздері жиналған тартыс­та Беларусь (9+24+36), Италия (7+15+5), Испания (7+11+18), Гер­­мания (5+6+3), Чехия (4+5+8), Гре­кия (3+1+2), Солтүстік Корея (1+2+4) және Жапонияның (1+1+1) әнұраны шырқалды. Ал жүлде алғандар қатарында Әзербайжан (0+1+7), Израиль (0+1+2), Қытай (0+1+2), Франция (0+0+2), Ру­мыния (0+0+1) және Оңтүстік Ко­рея (0+0+1) құрамалары бар.

Өздеріңіз байқағандай, әлемдік додада олжа салу бақыты бар-жоғы 17 мемлекеттің өкілдеріне бұйыр­­ған екен. Өкінішке қарай, солар­­дың қатарында қазақ­стан­дық бұрымдылар жоқ. Жерлес­теріміздің арасынан ең үздік нәтиже Әлия Юсуповаға тиесілі. Шымкенттің сұлуы әлем чемпио­натында алғаш рет 2001 жылы Мадридте бой көрсетіп, одан кейін бірер жыл бойы ел намысын қорғады. Алғашқы жарысында Юсупова көпсайыстың қорыт­ын­дысы бойынша сегізінші сатыға табан тіресе, 2003 жылы Будапешт және 2005 жылы Бакуде жетінші орындарды иеленді. 2007 жылы Патрыда озық алты гимнасшының қатарына қосылды.

Әлияның әлемдік додада жолы болмағанымен, өзге байрақты бәсекелерде елеулі табыстарға қол жеткізді. Мың бұралған қазақ қызы 12 рет құрлық чемпионы атанып, Азия ойындарында екі алтын мен екі күміс медальды олжалады. Дү­ниежүзілік Универсиада мен Бүкіләлемдік ойындарда сан мәрте жүлделі орындарды еншіледі. 2004 жылы Афина Олимпиадасында төртінші орынды иеленсе, 2018 жылы Бейжіңде бесінші сатыға жайғасты. Қазіргі кезде Әлия Мақ­сұтқызы Қазақстан ұлттық құра­ма командасының бас бапкері қыз­метін атқаруда.

Соңғы әлем чемпионаты былтыр Жапонияның Китакюсю қала­сында өтті. Сол жарыста сарап­қа салынған тоғыз алтынның жетеуін Ресей құрамасы жеңіп алды. 23 жастағы Дина Аверина жекелеген жаттығуларда төрт алтын алса, егізі Арина екеуі командалық сайыста да алдарына жан салмады. «Таспада» белоруссиялық Алина Горносько топ жарды. Топтық бәсекедегі бас жүлденің екеуін ресей­ліктер жеңіп алса, біреуі Апеннин түбегінен келген аруларға бұйырды. Күн­шығыс елінде барлығы төрт елдің бұрымдылары ғана жеңіс тұғырына көтерілді. Олар – Ресей (7+4+2), Италия (1+3+1), Беларусь (1+2+4) және Жапония (0+0+2). Сол жарыс­та Қазақстанның бірде-бір гимнасшысы үздіктер санатына қосыла алмады.