• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Кино 11 Қыркүйек, 2022

Кинематографияда қандай өзгеріс болады?

574 рет
көрсетілді

Мәдениет және спорт министрлігі қазақ киносын қолдау шараларын кеңейтуді көздеп отыр. Мысалы, енді қаржыландыруды тек ЖШС немесе қоғамдық қорлар ғана емес, жеке кәсіпкерлер де алатын болады. Түзетудің мақсаты – өз ісін жаңа бастаған ре­­жис­серлерді, дебюттік және фестивальдік жұмыстарды қол­дау.

Тарқата айтар болсақ, Мә­дениет және спорт министрі Дәурен Абаев Мәжілісте «Қазақ­стан Республикасының кинематография және мәдениет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер және толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында мәлімдеді. Министрдің айтуынша, түзетулер кинематография саласының қарқынды дамуына негізделген. «Ұлттық фильмдерді шығару кезінде сатып алынған сахналық-қойылымдық құралдарды сақтау және пайдалану мәселесін реттеу ұсынылады. Біз декорациялар, павильондар, сахналық жабдықтар туралы айтып отырмыз», деді министр. Сондай-ақ министрлік «Қа­зақ­фильмді» фильмдердің мемле­кеттік қорын сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлға ретінде бекітуді ұсынады.

Сонымен қатар түзетулер ая­сында шетелдік анимациялық фильмдер мен отбасылық фильм­­дерді қазақ тіліне дубляж­дау­ға мемлекеттік қолдау қарас­ты­рыл­ған, сондай-ақ түсірі­лім кезін­де субсидия алуға үміткер халық­аралық киностудиялар үшін талаптар жеңілдетіледі. Де­пу­тат­тардың сауалдарына жауап бере отырып, Дәурен Абаев елімізде фильмдер түсіру кезінде субсидия алуға үміткер халықаралық кино­студиялар үшін талаптар жеңілдетілетінін атап өтті.

«Мәдениет туралы» заңға өзге­рістер енгізу шеңберінде ел ішінде және шетелде мемлекет есебінен өткізілетін мәдени іс-шараларды ұйымдастыруда және қаржыландыруда жаңа қағидалар мен тәсілдер бекітіледі. Сол сияқты министрлік тарихи-мәдени мұраны қорғау қызметін мемлекеттік қорық-музейлерге жүктеуді ұсынады.

Бүгінде елімізде 12 респуб­ли­калық және 3 коммуналдық қорық-музей жұмыс істейді, олардың иелігінде 500-ден астам тарихи-мәдени мұра объектісі бар. «Қолданыстағы заңнамада оларды қорғау қызметі анықталмаған. Біздің түзету осы олқылықты жоюы керек», деді министр.