• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Қыркүйек, 2022

Съездің басты миссиясы – тыныштық пен тұрақтылық

409 рет
көрсетілді

14-15 қыркүйекте елордадағы Тә­уелсіздік сарайында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне да­йын­дық кезеңі толығымен аяқ­талып, бағдарламасы мен баян­дамашылардың құрамы жасақталды. Съездің негізгі тақырыбы – «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік да­муын­дағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің рөлі».

Съезге ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Жаңартылған мәліметтерге сәйкес іс-шараға әлемнің 60 елінен 100-ден астам делегация қатысады.

Съезд қатысушыларының қатарында Рим Папасы Франциск, әл-Азхардың Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб, Израильдің Бас Ашкенази раввині Давид Лау, Израильдің Бас Сефарсд раввині Ицхак Йосеф, Иерусалим православие шіркеуінің патриархы Феовил III және басқа да діни көшбасшылар бар.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің ресми өкілі Назым Жанғазинованың мәлімдеуінше, Съезге ислам, христиан діні (барлық үш бағыт – православие, ка­то­ли­цизм, протестантизм), буддизм, иудаизм, ин­дуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм рухани көшбасшылары қатысады деп жоспарланған. Сондай-ақ осы жылы съезд жұмысына алғаш рет Үндістанның ежелгі діні – джайнизм өкіл­дері қатысады.

«Іс-шара барысында конфессияларды білдіретін діни көшбасшылар, соның ішінде бұрын қарым-қатынастың күрделі тарихы барлар бір үстел басына жиналады. Осылайша, діни лидерлер ізгі ниеттің, кез келген айыр­машылықты еңсе­руге дайын болудың үлгісін көрсетеді. Бұл – съездің басты миссиясы», деді VII съездің ресми өкілі.

Назым Жанғазинова айтқандай, БҰҰ бас­шылары, сондай-ақ беделді халықаралық ұйымдар басшыларының съез жұмысына қатысуының маңызы зор. Мәселен, съез делегаттарының арасында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) Бас хатшысы Хусейн Ибрахим Таха, Ислам білім беру, ғылыми және мәдени ұйымының (ИСЕСКО) бас директоры Салим бин Мұхаммед әл-Мәлік, Пар­ламентаралық одақ төрағасы Дуарте Пашеку, БҰҰ Бас хатшысының Өркениет альянсы жөніндегі Жоғарғы өкілі Мигель Моратинос және т.б. бар.