• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Қыркүйек, 2022

Ғажапқа толы фестиваль

423 рет
көрсетілді

Елордада Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында бүкіл отбасы үшін ғылыми демалыс өтті. Елімізде алғаш рет өткізілген бұл PRO.NRG FEST ғылым, өнер және технология­лар фес­тиваліне жиналғандардың қатары қалың болды. Оған 4 мыңнан аса қатысушы жиналды. Бұл Қазақстанда STEAM-білімді дамытатын «Caravan of Knowledge» білім беру қорының бастамасы бойынша жүргізілді.

Фестивальда балалар, мұға­лімдер және ата-аналар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, жаңа оқу жылы басында ерекше тың жаңалықтармен шабыттанғанды. Фестивальға ке­лушілер өз спикерін таңдауға және білім қуатына ие болуға, дәрістердің ақпараттық ағымына енуге, шеберлік сабақтарына дағдылануға, ғылыми шоуларды көруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ фестиваль аясында оқушылар арасында роботтехника бойынша әлемдік чемпионат – First Global Challenge ұлттық кезеңінің фина­лы өтті. Жеңімпаз команда Женева­да өтетін әлем біріншілігінде 160 ­елден 190-нан аса команда арасында Қазақстанның намысын қорғамақ.

Бүгінгі таңда STEAM-білім пән­аралық және қолданбалы тәсіл­дерді қолдануға, сондай-ақ бар­лық бес пәнді бірыңғай оқыту схемасына біріктіруге негізделген. Оқу-ағарту министрі Асхат Айма­ғамбетов: «SТЕАМ-білім бала­ларды технологиялық әлемге даярлайды. Болашақ мамандар­­ға жаратылыстану ғылымдары­­ның әртүрлі білім беру саласынан жан-жақты дайындық пен білім қа­жет. Балалар өз бетін­ше тәжірибе жасауды, жобалар жасауды ұнатады. Сондықтан ЅТЕАМ-дағдыларды дамыту оқу­дың бірінші жылынан бас­талады. Білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде жаратылыс­тану ғылымдары негіздері мен ақпараттық сауаттылыққа ерте оқы­туды іске асыру жалғасып жатыр. Технологиялардың қар­қын­ды дамуы арқылы жаңа ма­ман­дықтар пайда болуда, ЅТЕАМ мамандарының сұранысы барлық жерде өсуде», деді.

Ал қор басшысы Зарина Биюм­баева: «Біз PRO.NRG.FEST сияқты фестивальдар қазақстандықтар­дың ғылымға, жаңа технологиялар­ға, білім берудің тиімді шешім­дері­не деген қызығушылығын арт­тыруға мүмкіндік беретін үздік форматтардың бірі екеніне сенім­діміз. Біз Қазақстанда ең озық білім беру практикасын ілге­рілететін жас ғалымдарды, ғы­лымды кеңінен танытушыларды, креативті педагогтерді бір алаңға біріктірдік», деді. Сондай-ақ ол екі жыл жұмысында 9 мың STEAM мұғалімінен тұратын қауымдас­тық құрылып, 200 мың педагог түр­лі оқу бағдарламасымен қам­тылғанын, халықаралық фор­маттағы 36 сертификатталған STEAM тренерлер даярланға­нын және 126 мұғалімге STEAM автор­лық оқыту бағдарламаларын жасауға көмектескенін атап өтті.

Өз кезегінде «Шеврон» еура­зиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесс аталған фестиваль мүмкіндіктерді жасауға, өсіруге және кеңейтуге арналған алаң екенін, мемлекеттік органдармен, ҮЕҰ-мен, мектептермен, ЖОО-мен бірлесіп, инвестициялар салу арқылы адам капита­лын нығайтуға ұмтылатынын мә­лім­деді.

Балалардың белсенділігін арттыратын фестивальда TikTok әлеу­меттік желісінде 1 млн жазылу­шы­сы бар қазақстандық химия мұғалімі Ұлан Үсенов далада көр­кем ғылыми шоу өткізді және хи­миялық тәжірибелер сиқырға ұқсас екенін дәлелдеді. Ал Ита­лиядан келген мұғалім Пьетро Олла ғылыми эксперименттерді цирк және театр техникаларымен біріктіріп, балаларға на­ғыз қойылым ұйымдастырса, бри­тандық ғалым Майкл Лондесборо біз өмір сүріп жатқан «пластикалық ғасыр» туралы айтып, зертханаларда ғалымдар қандай жаңа және берік материалдар мен полимерлер жасайтынын түсіндірді.

Белсенді талапкер, 12-сынып оқушысы Ерасыл Тәуе­кел құрдастарына NASA бағ­дар­ламасынан қалай өткенін және жас­өспірімдерге ғарышты үйренуге болатынын айтса, Mic­rosoft Kazakhstan-ның IT-сәулет­шісі Санжар Мырзағалым жасанды интеллект және машиналар қалай ойлайтынын түсіндірді. Ал «Дарын» РҒПО басшысы Әнуар Оңайбеков Қазақстанда олимпиадалық қозғалыс қалай құрылғаны және кез келген оқушы олимпиада ойындарынан мансабын қалай бастап, әлемнің үздік ЖОО-ның есігін қалай ашуға болатыны туралы дәріс оқыды.

Фестивальда ата-аналар мен мұғалімдерді белсенділікке ша­қыру да назардан тыс қалмады. Қаржы кеңесшісі Медер Аматов ата-аналарға тіпті инфляция жағ­дайында да ЖОО-да оқуға ақша жинауға көмектесетін құралдар туралы ойын айтса, арт-кеңесші Влад Слудский шығармашыл балалар үшін жаңа перспективалар ашатын ғылым мен өнердің сим­биозы туралы дәріс оқыды. Биз­нес-жаттықтырушы Аркадий Цукер алға жылжуға және мақсаттар­ға жетуге көмектесетін жүйелі ­ойлау туралы тренинг өткізді. Таи­ландтағы Оңтүстік-Шығыс Азия Білім министрлерінің ұйы­мы жанындағы өңірлік STEM-білім беру орталығының SEAMEO STEM-ED сарапшыларының пе­да­гогтары үшін арнайы шебер­лік сабақтары өтті. Олардың қарқын­ды бағдарламасы 36 қазақстан­дық мұғалімге STEM-оқыту қағи­даттарын үйренуге және өз сабақ­тарында жаңа әдістемені енгізуге көп көмектесті.

«РФММ» КеАҚ басқарма төр­ағасының орынбасары Алмас Ордабаев мектептерді бала­лар­­дың жан-жақты дамуына мүм­кіндік беретін шығармашылық зертханаларға айналдыру туралы айтып өтсе, байланыс жөніндегі сарапшы Латина Сатарова мұға­лімнің жеке бренд құрып, өзінің медиа жұмысы туралы қалай сөй­лесетіні жайында дәріс оқыды.

Сондай-ақ креативті мұға­лім­дердің арнайы көрмесі өтіп, онда қазақстандық үздік педагогтар­дың ғылыми STEAM-жобалары мен білім беру шешімдері ұсынылды. Тіпті ең іш пыстырарлық тақы­рып­ты қызықты түрде үйре­туге бо­латыны жөнінде, яғни орта­ғасырлық ноу-хау мен өнер­та­быстарды заманауи стартаптар мен әзірлемелермен салыстыра отырып, Қазақстан тарихы туралы Жанат Рахмани дәріс оқыды. Математика және информатика пәнінің мұғалімі Бегайым Мұрат интерактивті сабақ өткізіп, жасанды интеллектіні жануарлар­ды тануға қалай үйрету керекті­гін көрсетсе, биотехнолог Жанар Нұртөлеу адам ағзасы энергияны қа­лай өндіретінін және ағзада тағы қан­дай таңғажа­йып биохимиялық про­цестер жү­ре­ті­нін түсіндірді.