Испанияның Севилья қаласында жалауы желбіреген халықаралық турнирдің ширек финалында қазақстандық теннисші Тимофей Скатов Ежи Яновичтен айласын асырды.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған сайыс 6:3, 6:2 есебімен аяқталды. Бұл – Скатовтың спорттық карьерасындағы ең елеулі жеңіс. Олай деуге негіз, 31 жастағы Польшаның өкілі кезінде Уимблдон турнирінің жартылай финалында ойнап, Хопман кубогын жеңіп алған. Дәл осындай деңгейдегі ойыншымен Тимофей бұрын-соңды кездеспеген еді. Бірақ жартылай финалда жерлесіміздің жолы болмады. АТР рейтингінде 79-орында тұрған испаниялық Бернабе Сапата Мираллеспен күш сынасқан ол 2:6, 1:6 есебімен жеңіліс тапты.
Латвияның астанасы Ригада мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдердің Гран-при турнирі өтті.
Қысқа бағдарламада Рахат Бралин төртінші орынды иеленгенде, ертең жерлесіміз жүлделі орындардың бірін иеленіп қалуы ықтимал деген үміт пайда болды. Себебі қазақстандық спортшы үшінші сатыға табан тіреген жапониялық Рио Накатамен бірдей ұпай жиды – 68,66. Екінші орынды олжалаған Күншығыс елінің тағы бір өкілі Цудой Суто да (69,64 ұпай) алысқа ұзай қойған жоқ еді. Ал италиялық Николай Мемола (83,04) жеке-дара көш бастады. Айтқандай-ақ, шешуші тұста Рахат өрелі өнерімен көзге түсіп, 130.72 ұпай олжалады. Нәтижесінде, отандасымыз қола медаль иеленді. Ал бірінші және екінші орындарды Мемола мен Наката олжалады.
Швейцарияның Цюрих қаласында жеңіл атлетикадан «Гауһар лигасының» финалдық сайысы аяқталды.
Бұл жарыста Надежда Дубовицкаяның жеңіс тұғырына көтерілуіне жақсы мүмкіндігі болды. Қазақстандық сырықпен секіруші 1 метр 91 сантиметрлік межені бағындырып, төртінші орынды қанағат тұтты. Бас жүлде украиналық Ярослава Могучихке бұйырды. Оның көрсеткіші – 2 метр 03 сантиметр. Ал Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп жүрген кениялық легионер Дейзи Джепкемей 3000 метрлік қашықтыққа жүгіруде 10-орынды қанағат тұтты.
Қазақтың қос кәсіпқой боксшысы Әбілхан Аманқұл мен Бек Нұрмағанбет 1 қазанда АҚШ-тың Коммерс қаласында өтетін жарыста күш сынасады.
Бұл жігіттердің екеуі де әуесқойлар арасында біраз белестерді бағындырды. Нұрлан Ақүрпековтің қол астында жаттыққан Әбілханның әлем чемпионаты мен Азия ойындарының күміс және құрлық біріншілігінің қола жүлдегері деген атағы бар. Орта салмақта өнер көрсетіп жүрген қандасымыздың бұл кәсіпқой рингтегі екінші кездесуі болмақ. Алғашқысын Аманқұл өз пайдасынан шешті. Кезінде Азия чемпионы атанған жартылай ауыр салмақтағы Бек бұған дейінгі жеті жекпе-жектің барлығын да айқын жеңіспен аяқтады.