Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті турында жеңілістің кермек дәмін татқан Нұр-Сұлтанның «Барысы» тағы да өз жанкүйерлерін жерге қаратты.
Бұған дейінгі үш кездесуінде сыпыра ұтылған жерлестеріміз Қара теңіз жағалауында «Сочимен» шеберлік байқасты. Бәсекенің бастамасы жаман емес еді. 11 секундта Никита Михайлистен оңтайлы пас алған Кирилл Савицкий есеп ашты. Есесіне көп кешікпей айдын иелері біздің қақпамызға қатарынан үш шайба енгізді. Бұл голдардың авторлары – Артур Тянулин, Никита Феоктистов және Артем Николаев. Екінші кезеңде Савицкий мен Луис Энтони бір-бір реттен мергендік танытып, таразы басын теңестірді. Бірақ бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады. Үшінші кезеңде қайта қаһарына мінген «Сочидің» хоккейшілері нысананы үш рет дәл көздеді. Бір айта кетерлігі, осы үш шайбаны Андрей Назаровтың шәкірттері бас-аяғы 99 секунд аралығында соқты. Нәтижесінде сочиліктер 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Келесі кездесуін «Барыс» 13 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда Челябінің «Тракторымен» өткізеді.