Облыс орталығынан да, аудан орталығынан да шалғайда орналасқан Шұға шағын ауыл болса да, іргесі сөгілмеген, ырысы төгілмеген елді мекен. Жуырда осыған тағы бір мәрте көзіміз жеткендей болды.
Шұға дегенде ойымызға Бейбіт Майлин жазған «Шұғаның белгісі» оралары анық. Ауылдың ерекше атауын естігенде, «жазушының әйгілі шығармасымен қандай байланыс бар?» деп сұрайтындар да көп. Ауыл үлкендерінің айтуынша, екеуінің арасында ешқандай байланыс жоқ. Шұға – әйгілі әнші Естайдың елі – Ақкөл-Жайылманың бір пұшпағы. Ауылдың қай уақыттан бері Шұға аталғаны, неге олай аталғаны туралы нақты дерек жоқ. Үлкендердің айтуымен жеткен болжам ғана бар екен. Олардың айтуынша, ертеде бұл төңіректе Шұға есімді парасатты бәйбіше болыпты. Соның құрметіне аталған деседі. Бұлай болмауы да мүмкін. Өйткені қазақтардың әйел есімін жер-су атауына беруі сирек кездеседі ғой. Жалпы, шұғаның матаның бір түрі екені баршаға мәлім.
– Архив деректеріне сүйенсек, Шұға ауылы әр жылдары Жалғыз құдық және 10-шы ауыл деп те аталған екен. Павлодардың мемлекеттік архивінде сақталған ескірген екі картадан «Шога», «Шега» деген атау кездеседі. Орыстар тілі келмеген соң Шұғаны «Шога», «Шега» деп жазған секілді. Бірінші карта «Павлодар округінің картасы» деп аталады. 1920 жылғы екен. Біздің ауылдың қазіргі аумағы «Шега» деп көрсетілген. Екінші карта 1931 жылы құрастырылған. Бұл карта «9-шы және 10-шы ауыл кеңестерінің еңбек секторының аумақтарын зерттеудің схемалық сызбасы» деп аталады. Бұдан бөлек, архивте біздің ауыл туралы деректер сақталған ескі папка бар. Мұқабасында «1929 жылға арналған Қызылағаш ауданы 10-шы ауыл кеңесінің «Шога» ауыл шаруашылығы артелінің жерге орналастыру материалдары» деп жазылған. Бұл папкада ауылда өткен жиындардың хаттамалары, ондағы отбасылардың тізімі бар. Төте жазумен жазылған парақтар да жүр. 1929 жылғы 13 шілдеде әзірленген отбасылық тізім бар. Онда есімдері аталған адамдардың біразының ұрпақтары қазір ауылда тұрып жатыр, – дейді ауылдың ардагер ұстазы Сираж Ахметжанов.
Қысқасы, ауылдың қай уақыттан бері Шұға аталғаны туралы ресми дерек жоқ. Ал архивтен табылған картадағы деректерге сүйенсек, Шұға деген атаудың берілгеніне 100 жылдан асып кеткен сыңайлы.
Жуырда ауыл халқы алыстан менмұндалап тұратын жаңа стелланың ашылуына орай «Шұғада туған – шын бақыт!» деген атаумен дүбірлі мереке ұйымдастырды.
– Қазір отбасылық той-думанның дені қалада өтетін болды. Ауылға көп жағдайда өлім-жітімге ғана барады екенбіз. Әрине, туған топыраққа жаназа мен құдайы асқа емес, тойға жиналғанның жөні бөлек. Сондықтан биыл ауыл азаматтары Шұғаның кәрі-жасына ортақ бір шара ұйымдастыру жағын ойластырған еді. Оған «сылтау» да табыла кетті. Ауылдың кіреберісіндегі жазу ескірген екен. «Ендеше, алыстан менмұндалап тұратын стелла орнатайық» деген идея тасталды ортаға. Стелламызды салтанатты түрде ашып, ауылдың ойдағы-қырдағы кәрі-жасын тегіс жинап, ұлан-асыр болмаса да, жас ұрпақ өнеге алар іс-шара ұйымдастырылды. Бір атап өтерлігі, бұл іс-шараға әу бастан сырттан адам тартпауға келіскенбіз. Солай болды да. Стелланың сызбасын ба, сұлбасын да, сырлауын да ауыл жігіттері атқарды. Әйтпесе, дәл осындай жұмыстармен айналысып жүрген шеберлерді жалдауға болатын еді. Стелланың дайын үлгілерін таңдай салуға да мүмкіндік бар еді. Біз сәл қиындау жолды таңдадық және мұнымыз өте дұрыс болған секілді. Салтанатты концертте де өзіміздің өнерпаздар ғана өнер көрсетті, – дейді іс-шараны ұйымдастырушы Ербол Дүйсенов.
Жаңа стелланы ауыл азаматтары өз күшімен жасағанын атап өту керек. Идея авторы – Мақсұт Секенов. Ал жаңа стелланың сызбасын жергілікті тұрғын Әкімбек Ержанов жасаған. Әріптерді темірден ойып, дәнекерлеген – Нариман Аханов. Кәсіби түрде сырлау жұмыстарымен Дарын Мейрамов айналысты. Стелланы ашу бақыты ауыл ақсақалдары Тоқтыбай Уәлиханов пен Тұрсынтай Шілтібаевқа, сондай-ақ биыл мектеп табалдырығын аттаған Балым Ерланқызы мен Досымжан Манатұлына бұйырды.
Ұйымдастырушылар бұл іс-шара үлкен той алдындағы дайындық екенін еске салды. Ауыл халқы алдағы уақытта бұдан да ауқымды іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Бұл күні Шұға ауылында көкпар, дәстүрлі садақ ату, қошқар көтеру, арқан тарту, гір тасын көтеру секілді спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Қошқар көтеруде баянауылдық Әділхан Қабылда жеңіске жетсе, гір тасын көтеру сайысында шұғалық Азамат Мәуеновке тең келер ешкім болмады. Көкпар додасында Ақкөл ауылының командасы жеңіске жетті. Екінші орын Жолболды жігіттеріне бұйырса, үштікті Шұға көкпаршылары түйіндеді.
Ауылға түскен келіндер Шұғаны «ақсақалы көп ауыл» деп атайды. Шынында да, бертінге дейін бұл ауылда ақсақалдар институты жұмыс істеген. Алақандай ауылдан Алашқа аты мәлім азаматтар да көп шыққан. Мәселен, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын ұзақ жылдар басқарған белгілі ғалым Тасболат Шаяхметов, ардагер тележурналист Жұмасейіт Бижан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жұмағали Қоғабай, таэквондодан үш дүркін әлем чемпионы, атақты Мұстафа Өзтүріктің шәкірті Исатай Кабеков, белгілі театр әртісі Бекболат Оқасов осы ауылда туған.
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы