Нью-Йоркте жүлде қоры 60 102 000 АҚШ долларын құраған US Open-2022 турнирі аяқталды. Түрлі себептерге байланысты атағы алысқа жайылған теннисшілердің біразы аталған жарысқа қатыспаса, жұлдыздардың тағы бір шоғыры жарыс бел ортасына жетпей сүрінді. Осылайша, екі апта бойы жер-жаһан жанкүйерлерінің назарын өзіне аударған дүбірлі додада тосын нәтижелер өте көп тіркелді.
Ерлер арасындағы жарыстың ширек финалына жолдама алған сегіз теннисшінің бірде-біреуі бұған дейін «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде топ жарған жоқ еді. Ал атақ-даңқтары алысқа жайылған Стефанос Циципас, Стэн Вавринка, Фернандо Вердаско тұсаукесер кездесулерінде жеңіліс тапса, Григор Димитров екінші айналымда сәтсіздікке ұшырады. Сол секілді Даниил Медведев, Рафаэль Надаль, Энди Маррей, Марин Чилич және басқа да дүлдүлдер алысқа шаппады. Міне, сенсацияның «көкесі» осы емес пе?!
Ширек финалда ресейлік Карен Хачанов (№31) аустралиялық Ник Кирьосты (№25), норвегиялық Каспер Рууд (№7) италиялық Маттео Берреттиниді №14), испаниялық Карлос Алькарас (№4) Апеннин түбегінің тағы бір өкілі Янник Синнерді (№13) және америкалық Фрэнсис Тиафо (№22) орыс ойыншысы Андрей Рублевті (№11) қапы қалдырды.
Алькарас пен Тиафо және Рууд пен Хачанов арасында өткен жартылай финалдық сайыста алғашқылары жеңіске жетті. Ақтық сайыста 19 жастағы Испанияның аса дарынды теннисшісі мен 23 жастағы Скандинавия түбегінің саңлағы күш сынасты. Бұл ойыншылардың екеуі де ТОП-10-дықтың қатарында. Карлостың осы күнге дейінгі ең үздік көрсеткіші – АТР турнирінде бес мәрте топ жарып, биыл Ролан Гарростың ширек финалына шығуы. Каспер биыл Ролан Гарростың финалында ойнап, аса ірі халықаралық додаларда тоғыз рет дара шықты. Сан миллион жанкүйер тағатсыздана күткен бәсеке кеше өтті. Үш жарым сағатқа созылған бәсеке 6:4, 2:6, 7:6, 6:3 есебімен Карлос Алькарастың жарқын жеңісімен аяқталды.
Әйелдер арасында айтарлықтай тосын нәтижелер тіркелген жоқ. Жартылай финалға жолдама алғандардың барлығы да кіл мықтылар. Бұл межеде әлемнің бірінші ракеткасы, польшалық Ига Швёнтек WTA тізімінде жетінші орынға жайғасқан белоруссиялық Арина Соболенконы сан соқтырса, мысырлық Онс Жабер (№5) франциялық Каролин Гарсияны (№17) жеңді. Ақтық сынның алғашқы сетінде Швёнтек оңай жеңіске жетсе, екіншісінде Жабер әжептәуір қарсылық көрсетті. Ойын тай-брейкке ұласты. Десек те бұл жолы да польшалықтың мысы басым болды.
1 сағат 50 минутқа созылған бәсеке 6:2, 7:6 есебімен аяқталды. Осылайша, 21 жастағы Ига «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде үшінші мәрте бас жүлдені олжалады. Ал 28 жастағы Онс қатарынан екінші рет финалда ұтылды. Осыдан екі ай бұрын ғана ол Лондонда ұйымдастырылған Уимблдон додасының ақтық сынында қазақстандық Елена Рыбакинаға есе жіберген еді.
US Open турнирінде Қазақстан теннисшілерінің бірде-біреуі табысты өнер көрсете алған жоқ. Бұл жолы біз Елена Рыбакинаға (WTA рейтингінде 25-орында) зор сенім артқан едік. Таяуда ғана Уимблдонда айды аспанға бір-ақ шығарып, бас жүлдені олжалаған еліміздің бірінші ракеткасы Нью-Йорктегі турнирдің тұсаукесер кездесуінде әлемдік рейтингте өзінен әлдеқайда төмен тұрған франциялық Клара Бюрельге (№131) жол берді. Юлия Путинцева (№36) америкалық Аманда Анисимовадан (№22) айласын асырғанымен, екінші айналымда германиялық Юле Нимайердің (№108) осал тұсын таба алмады. Александр Бублик те дәл сол межеде сүрінді. Францияның өкілі Юго Гастонды (№72) жолынан ығыстырған жерлесіміз іле-шала Испанияның мықтысы Пабло Каррено-Бустадан (№15) ұтылды. Ал Михаил Кукушкин мен Дмитрий Попко іріктеу сынында сүрінді.
Жұптық сайыста да жолымыз болмады. Андрей Голубев пен Педро Мартинес-Портеро (Испания) және Юлия Путинцева мен Янина Викмайер (Бельгия) бірінші кезеңде жеңілістің кермек дәмін татса, Александр Бублик пен Хольгер Витус Руне (Дания) және Александр Недовесов пен Айсам Уль-Хак Куреши (Пәкістан) екінші айналымнан аса алған жоқ. Ең тәуір нәтижеге Анна Данилина қол жеткізді. Бразилиялық Беатрис Хаддад-Майямен иық тіресе ойнаған ол үшінші кезеңге дейін жетті.
Аталған жарыста жерлестеріміз сәтсіз өнер көрсетсе де, материалдық жағдайларын біраз жақсартып алды. Жекелеген және жұптық бәсекелердегі сыйақыларды қоса есептегенде, олардың табыстары мынадай: Бублик – 138,9 мың доллар (65,27 миллион теңге), Путинцева – 131,65 мың доллар (61,86 миллион теңге), Рыбакина 80 мың доллар (37,59 миллион теңге), Кукушкин мен Попко – 33,6 мың доллар (15,78 миллион теңге), Данилина – 28,2 мың доллар (13,25 миллион теңге), Недовесов – 17,9 мың доллар (8,41 миллион теңге) және Голубев – 10,65 мың доллар (5,04 миллион теңге). Қазақстан теннисшілерінің АҚШ-тың ашық біріншілігінде тапқан жалпы табысы – 474,5 мың доллар (222,9 миллион теңге).
Ал жекелеген сайыста бас жүлдені олжалаған ойыншылар 2,6 миллион доллардан иемденді. Ақтық сында жеңілгендер сол соманың тең жартысын алды. Жартылай финалға жеткендердің есепшотына 705 000 доллар аударылса, ширек финалға шыққандар 445 000-ды еншіледі. Төртінші кезеңде ойнағандар 278 000-ды иеленсе, үшінші айналымда сүрінгендер 188 000 долларға иелік етті.