Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында грек-рим күресі шеберлері алғашқы жүлделерді сарапқа салды. Төрт салмақ дәрежесі бойынша өткен бәсекелерде, өкінішке қарай, Қазақстан құрама командасының мүшелеріне бірде-бір жүлде бұйырмады.
55 кило салмақта күш сынасқан Аманғали Бекболатов қола медаль үшін бәсекенің бірінші кезеңінен кейін өзбекстандық Жасурбек Ортикбоевты 5:0 есебімен ұтып жатып, жеңісті уысынан шығарып алды. Бұл ретте қандасымыздың үзілістен кейін өрескел қателікке бой алдырып, қарсыласына бірден төрт ұпай беріп қойғанын айта кетуге тиіспіз. Одан кейін Ортикбоев қарқынын бәсеңдетпей, ұпайын тағы да еселеді. Нәтижесінде, өзбек балуаны жеңіс тұғырына көтерілсе, біздің жігіт бесінші орында қалып қойды. Осы салмақтың бас жүлдесін көршілес қос мемлекеттің өкілдері – грузиялық Нугзари Цурцумия мен әзербайжандық Елдениз Азизли сарапқа салды. Бұл айқаста Азизлидің асығы алшысынан түсті.
Қос жерлесіміз жұбаныш бәсекелерінде бақ сынады. 72 кило салмақ дәрежесіндегі Ибрагим Магомадов болгариялық Дэвид Димитровты 4:0 есебімен ұтып, үшінші орын үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Бұл межеде оның жолы Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері, түркиялық Сельжук Канмен қиысты. Ибрагим да алғашында үш ұпайды еншілеп, алға шықты. Бәсеке қызған тұста Кан таразы басын теңселтіп кетті. Ақырында Анадолы елінің өкілі қола медальды мойнында жарқыратса, жерлесіміз жер сипап қалды. Чемпиондық тәж үшін тартыста сербиялық Әли-Фейзолла Арсалан әзербайжандық Улви Ганизадеден айласын асырды.
77 килодағы Темірлан Шадукаев пен Малхас Амоян арасындағы жұбаныш белдесуінде тең есеп тіркелді – 2:2. Соңғы ұпайды армениялық спортшы иеленгендіктен, жеңіс соның еншісіне жазылды. Бұл салмақта қырғызстандық Ақжол Махмутов мажарстандық Золтан Леваиды бас-аяғы екі минут аралығында айқын ұтты. Сербияның намысын қорғап жүрген грузиялық балуан Зураб Датунашвили мен Данияның туы астында өнер көрсеткен чешен жігіті Турпан Бисултанов 87 кило салмақ дәрежесінің алтын медаль үшін таласты. Бұл тартыс Датунашвилидің жеңісімен аяқталды.
Одан кейін тағы төрт балуанымыз бозкілемге шықты. 63 килодағы Ғалым Қабдынасыров тұсаукесер кездеуінде болгариялық Николай Иванов-Вичевтен (0:8) ойсырай ұтылды. 67 килодағы Дін-Мұхамед Қошқар франциялық Мамадасса Силлаға (5:9) есе жіберді. 82 килодағы Диас Қален мен 97 килодағы Ислам Умаев алғашқы айналымда Өзбекстанның өкілдерімен айқасты. Олардың екеуі де тым азулы қарсыластар еді. Атап айтсақ, Жалағасбай Бердімұратов – әлем чемпионатының қола жүлдегері және Азия чемпионы. Руслан Ассакалов – әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы. Биылғы жылдың тамыз айында былтыр екеуі де Ислам ынтымақтастығы ойындарында алтын тұғырға көтеріліп, жақсы бабында екендерін байқатқан еді. Өкінішке қарай, жерлестеріміздің әйгілі спортшыларға әлі жетпеді. Диас (4:5) Бердімұратовтан ұтылса, Ислам (0:9) Ассакаловқа лайықты қарсылық көрсете алмады. Нәтижесінде, Диас Қален ғана жұбаныш белдесуге қатысу мүмкіндігін сақтап қалды.