• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Ахмет Байтұрсынұлы 12 Қыркүйек, 2022

Көзайым көріністер: Әзербайжан мұрағатынан Ахмет Байтұрсынұлының суреттері табылды

462 рет
көрсетілді

Жақында Әзербайжан­ның Баку қаласына ғылыми іссапарлап барып, ондағы мұрағат­тардан 1926 жылғы Бүкілодақтық І түркі­танушылар съезінің құжаттары мен фотосуреттерін, кино және аудиожазбаларын іздестірдік. Жолымыз оңғарылып, съездің кинохроникасын, беймәлім архивтік құжаттары мен фотосуреттерін таптық. Басты жаңалық – бүгінде ЮНЕСКО аясында мерейтойы аталып жатқан ағартушымыз ­Ахмет Байтұрсынұлының қысқа бейнекадрда 7 рет көрінетінін байқадық.

Іссапар бір аптаға ғана жоспарлан­ғандықтан алдын ала интернетті шарлап, әзербайжандық деректер базасынан ол елдің мұрағаттары туралы мәліметтерге қанығуға тырыстық, ресми хат жолдадық. Әзербайжан Республикасы Ұлттық архив басқармасының директоры Аскер Расулов мырзадан құптау жауапхаты келген соң Тіл білімі институтының жас маманы Әрлен Сейт­батқал екеуміз Бакуге аттандық.

Шындығын айтар болсақ, басты мақ­сатымыз Ахаңның жанды дауысын табу болатын. Қаншама жылдан бері ойда жүргендіктен, Бакуге бара қалсақ, іздегенімізді табатынымызға тым сенімді едік. Себебі біршама жыл бұрын әзербайжандық YouTube каналдарында съездің 6-7 минуттық бұлыңғыр бейнежазбасы таралған. Яғни съезд барысы бейнекадрға түсірілген. Жиынның 416 беттік стенографиялық материалы да жарияланған, сол себепті оның аудиожазбасының табылуына жетелейтін бірнеше себеп те баршылық еді. Мысалы, стенографиялық есепте шешендердің баяндамасы барынша дәлдікпен хатқа түсірілген, тіптен оларға қатысты түрлі эмоциялары (қол шапалақтау, наразы болу, т.б.) да беріліп отырған. Мұның сыртында бейнежазбасы түсірілген тұста оның аудиожазбасы да болуға тиіс деген интуициялық болжамымыз да болды.

Әзербайжандық YouTube каналдарына қойылған бейнежазба мүлдем сапасыз-тұғын, сол себепті кейбір зерттеушілер тұрпаты, әлпеті ұқсас бір-екі адамның суретін «Ахмет Байтұрсынұлы» деп тұжырымдап, оны асығыстау жариялап үлгерген де болатын. Бірақ мұның ағат екені кейіннен анықталған. Біз тапқан бейнежазбада ол адамдардың Ахмет Байтұрсынұлы емес екені анық көрінеді және ғалымның бейнесі басқа тұста күмәнсіз анық танылады.

Түпнұсқа бейнежазба Әзербайжан Республикасының Ұлттық архив басқар­масында орналасқан Кино-фото құжаттар архивінен табылды. Бірақ, өкінішке қарай, ол кинохроника жалаң сурет, дыбыссыз болып шықты. Өйткені сол заманда кинокадр мен ілеспе дыбыс бір құрылғыға біріктірілмеген, тіпті дыбыс жазудың өзі аса күрделі жұмыс болған. Бейнежазбаның әр кезеңде фототаспадан көшірілген 3 нұсқасы сақталған. Үшеуінің сапасы үш түрлі, бірақ бәрі бір бейнежазба: экранда біреуі сарғыштау болып көрінеді (08.05 минут, файл көлемі – 1,4 Gb), екіншісі қаралтқым (07.54 минут, файл көлемі – 10,2 Gb), ал үшіншісі – ақшылдау, ең анық көрінетін нұсқа (07.50 минут, файл көлемі – 10,1 Gb).

Архив қызметкерлерінің жылы қа­­былдауы мен бауырлас қазақ ұл­ты­на, Қазақстанға деген құрметінің арқа­­сында біз бейнетаспа сақталатын қой­маның өзіне кіруге мүмкіндік алдық. Қой­мадағы сөреден съезд бейнетаспасын алып таныстық. Сары түсті дөңгелек қалбырға салынған бейнетаспа сыртына «SP26 – P950» деген белгі қойыл­ған, бейнетаспаның жалпы ұзындығы «224 м» деп көрсетілген және қорабы­ның қырында «1» деген жазу бар.

Мұны көріп, қолға ұстағаннан кейін съезд бейнекадрының бұл бірінші бөлімі емес пе екен, жалғасы, екінші, үшінші бөлімдері бар шығар, мүмкін осыншама ұзын бейнетаспа толық көшірілмеген болар деген зерттеушіге тән болжам, кү­дікті ой туындай бастады. Дегенмен қор­дың жауапты қызметкерінен «Бұл бі­рінші бөлімі сияқты, мұның жалғасы, екін­ші, үшінші бөлімдері бар ма?» деп сұра­ғанымда, «Жоқ, осы біреу ғана» деген жа­уап алдым. Бұл жауаптан кейін қойма сө­ресін рұқсатсыз қопару ыңғайсыз бола­тындықтан, осыны қанағат тұттық. Әйт­седе қазірге дейін менің көкейімдегі ше­шімі табылмаған бір жұмбақ ой қалды. съезд бей­нетаспасы қойылған сөренің ас­тың­ғы қатарларында мұның екінші, үшін­ші бөлімдері тұрғандай-ақ сезіле береді.

Қоймадан шыққаннан кейін түрлі техникалар орналасқан арнайы бөлмеде ескі кадрлардың заманауи видеоға айнал­дырылған түпнұсқасын көрдік. Жауапты маманның компьютерінде 3 файл дайындалып қойылыпты. Сол компьютерге мені отырғызды да, Қор басшысы қасымда тұрып үш файлдың бірінші тұрғанын ашып, бейнежазбаны толық көрсетті. Бұл экранда сарғыштау көрінетін (уақыты 8 минут 5 секунд, көлемі 1,4 Gb) сапасы тым төмендеу бейнежазба болатын. Осының өзінен Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі бірнеше жерде анық көрінді. Қатты қуандық. Бейнежазба аяқтал­ған бойда, ұяттау болса да, өз бетіммен екін­ші файлды ашып қалдым. Онда алға­шында съезге қатысы жоқ кадрлар көріне бастады. Әр жерінен жылжытып қарағанымда, орта тұсынан съезд кадрлары көрінді. Сосын жиын кадрларының басталатын жерін тауып, соңына дейін қарадық. Бұл алдыңғы нұсқамен бірдей, бірақ одан әлдеқайда анық екен (уақыты 7 минут 50 секунд, көлемі 1,4 Gb). Сосын үшінші файлды да өзім ашып, жылдамдатып әр жерінен ақтара бастадым. Бұл видеофайлдан да съезд кадрлары табылды. Бұл бәрінен анық нұсқасы болатын (уақыты 7 минут 50 секунд, көлемі 1,4 Gb). Алдыңғы екеуінде байқалмаған Ахмет Байтұрсынұлының бейнелері бұл нұсқада анық көрінді. Әрнені артықша сұрап, ыңғайсыз болмас үшін осымен тоқтадық та, көрген бейнежазбаларды көшіріп беруді сұрадық.

Ахмет Байтұрсынұлы шәкірттерімен бірге: 1 – Ахмет Байтұрсынұлы, 2 – Елдес Омарұлы, 3 – Нәзір Төреқұлов, 4 – Әміре Қашаубаев

 

Архивтің ішкі тәртібіне сай, сол күні бейнежазбаны бірден ала алмадық, оның келесі күні ғана берілетінін айтты. Содан соң суреттер каталогін қарап едік, Ахмет Байтұрсынұлының фотосын таппадық. Мұрағат қорында тек съезд бейнежазбасынан скриншот жасалған суреттер ғана бар екен.

Осы орайда жоғарыда айтқанымыз­дай, алдын ала дайындықпен келге­ні­міздің пайдасы тиді. Осыдан үш-төрт жыл бұ­рын әзербайжандық сайттардан өз бе­тім­мен тапқан (http://photoirs.musigi-dunya.az/elm/agazade_f.html) Ахмет Бай­тұрсынұлы суреттері мен съезд сурет­терін көрсетіп, мұның түпнұс­қасы­ның деректерін сұрастырдым. Мұрағат қызметкерлері біраз іздестіре келіп, біз баруды мүлдем жоспарламаған «Әзер­байжан Республикасының Әдебиет және өнер мұрағатына» апарды. Сол мұрағаттан Сәмед Ағамалыұлы, Бекир Чобанзаде, Фархад Ағзадә, Әли Низами, Әли Хұсейнзадә, Рухулла Ахундов, Хабиб Габиев, т.б. Әзербайжан қайраткер­ле­рі­нің қор­ла­рында сақталған істерге тап­сырыс бер­дік. Осы тұлғалардың мұра­лары хат­талған қорлардың ішінде Әзербай­жан­ның ғылым қайраткері, латынграфи­ка­лы жаңа Әзербайжан әліпбиінің теория­лық мәселелерін дайындауға атсалыс­қан Фархад Ағзадәнің қоры­нан бұған дейін зерттеушілерге белгілі және ең маңыздысы – бірнеше белгісіз түпнұсқа суреттер табылды. Бірақ бұлар да бейнежазбалармен қоса, келесі күні ғана қолымызға берілетін болды. Осы олжамен іссапардың алғашқы күнін аяқтап, мұрағаттан қуанып шықтық.

Сол күні қонақүйге келген бойда интернетті шолып, орыс және ағыл­шын­тілді деректерден ескі киноқұрыл­ғылар мен кинотаспалардың тарихын, олардың жұмыс істеу механизмдерін зерделей бастадым. Негізгі мақсатым – 224 метр кинотаспа небәрі 8.05 минут болатын-болмайтынына көз жеткізу еді.

Келесі күні мұрағатқа бейнежазбаларды алуға барғанда, осы ақпараттардың пайдасы тиді. Көне құрылғылардың бар-жоғын, фототаспаны түпнұсқадан көруге болатын-болмайтынын сұрастырдық. Бірақ мұрағат қызметкерлері ондай көне құрылғылар жоқ екенін айтты. Бұдан соң көне кинотаспаны түпнұсқадан көрудің мүлдем мүмкіндігі жоқ-ау деп түйдік.

Бір күн күткен CD диск те қолымыз­ға тиді. Алған құжаттарымыздың дұрыс­тығын тексеріп көргенімде, дискіге жазылғаны экранда сарғыштау көрінетін ең нашар бейнежазба нұсқасы болып шықты. Бірден кеше өзіміз көрген өзге екі нұсқа жоқ екенін айтып едім, «бәрі бірдей емес пе» деді. Біз өзге екі нұсқаның сапасы бұдан жақсы екеніндігін қадап айтып, оларды да беруді өтіндік. Мұрағат қызметкерлері, олай болса, бүгінгідей тағы дайындап қойып, келесі күні бе­рілетінін айтты.

Бейнежазба табылғаннан кейін, түс ауа, оның басқа нұсқасын және ды­быс­тық жазбасын да тауып қалармыз деген үміт­пен әуелі Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік мұрағатына бардық. Бірақ онда іздегеніміз табылмады. Есесіне архив қорынан осы съездің шақырылуына негіз болған профессор А.Н. Самойлович­тің 1924 жылы 21 наурызда Ленинградта жасалған баяндамасы табылды. Бұдан өзге Әзербайжан Жаңа әліпби [латын] комитетінің құрылуына, оның жұмы­сы­на қатысты бірнеше құжат қолымызға тиді. Бұдан соң тағы да сол дыбыстық жазбаны табу үмітімен Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік ды­быс­­тық жазбалар мұрағатына бардық. Мекеме басшысы съездің дыбыстық жаз­басы жоқ екенін бірден кесіп айтты. Осымен бейнежазбаның басқа нұсқа­сын, бастысы оның дыбыстық жазбасын ­табу туралы үмітіміз үзілгендей болды.

24 тамызда түске таман бейнежазба­ның өзге екі нұсқасын алуға мұрағатқа келдік. Бірақ мұрағат қызметкерлері бір видеофайлда бірнеше бейнекадрлар біріктірілгендіктен және көлемі тым үлкен, 1-1,5 сағатқа созылатындықтан, дайындап қоя алмағанын, тіпті оны беруге болмайтынын айтты. Біз видео­файлдағы тек съездің бейнекадрын ғана қиып беруін сұрадық. Біз үшін өте маңызды екенін сезінген болуы керек, бұл нұсқаларды да беруге келісті. Ақыры алғаш келген күні бейнежазба көрген кабинеттен оларды түгел алдық.

Біз сол күні күтпеген жерден бейнетаспаны түпнұсқадан көру қуанышына кенелдік. Видеофайлдың керек жерін қиып берген маманға ХХ ғасыр басын­дағы ескі киноқұрылғыларды YouTube арқылы көрсеткенімде, мұндай ескі аппараттар жоқ екенін, бірақ бейнетаспаны көретін басқа құрылғы бар екенін айтты. «Сабақты ине – сәтімен» деген, біз алғаш келген күні бұл маман болмаған, еңбек демалысы бітіп, сол күні ғана жұ­мысына шығып отыр екен. Ол біздің осы құрылғы арқылы көруге қатты ынталы екенімізді байқаған болуы керек, бейнетаспаны бірден көрсете алатынын айтты. Осылайша, көне кинотаспаны түпнұсқадан екі түрлі заманауи бейнеқұрылғы арқылы тамашаладық. Сонымен бірге осы білгір маманнан көп жағдаятты білдік, сөйтсек сол кез­дегі кинотаспаға 1 секундта 24 кадр түсіріл­ген екен. Осылайша, бейнетаспаның ұзындығы 224 метр болса да, оның небәрі 8 минутқа созылатынын, бір сөзбен айт­қанда, түпнұсқаның толығымен видео­­файлға айналдырылғанына көз жет­кіздік. Көңілдегі бір күмән түйіншек тар­­қа­ғандай болды.

Бейнежазбаның үш нұсқасы да толық қолымызға тигеннен кейін жайғасқан қонақүйде оларды сан мәрте қайталап көрумен болдық. Қандай да бір маңызды деректі жіберіп алмау үшін ондағы әр нәрсеге назар аударуға тырыстық. Әсіресе съезге қатысушылардың түр-тұлғасымен қатар, кезінде онда қол­данылған техникалық құрылғыларды да саралауға тура келді. Қазірше съезге қатысқан 70-ке жуық адамның түрлі деректері мен өмірбаянын, 30-дан астам аса ірі тұлғаның бейнежазбадағы түр-тұлғасын анықтап отырмыз. Бұған қоса, ең маңыздысы, съезд 3 жерден кино­кадрға түсірілгенін анықтадық. Бізге белгілісі тек осының біреуі ғана, яғни ол – қолымыздағы жәдігер. Ал оның қалған екеуі президиумның қақ алдынан, өте жақыннан түсірілген. Демек қалған екі нұсқадағы бейнежазбалар өте анық та қанық болуы сөзсіз. Мұны табу, Ахаңның, басқа да Алаш арыстарының айқын бейнелерімен қауышу – алдағы үлкен ізденіс, міндеттердің бірі.

Осылайша, 1926 жылы Бакуде өткен Түр­кітанушылар І съезінде кинохро­ника түсірілгенімен, оның дыбыстық жаз­басы болмаған деген болжамға келуге мәж­бүр болдық. Есесіне съезд жұмысы сте­но­графияға тиянақты түсірілген, оны жыл­дам жазатын арнайы мамандар хаттап оты­рған. Ахмет Байтұрсын­ұлы бейнесі бар суреттің бірін­де президиумның ал­дындағы столда екі адамның қарама-қар­сы отырып жазу машинкасын басып отыр­ғаны анық кө­рінеді. Біздіңше, бұлар – сте­но­граф­тар. Алдағы уақытта олардың қо­лы­нан өткен жазбалар да іздестірілгені жөн.

Сонымен көзайым болған бейне­жаз­ба бізге көптеген мәселені анықтауға жол ашып отыр. Бұл бейнебаянды терең­деп зерттеу барысында әлі көптеген бей­мәлім дерекке ұшырасарымызға күмән жоқ.

Бұл тарихи бейнесуреттер біз үшін несімен құнды? Әрине, Алаштың руха­ни көсемінің Бакуге, Бүкілодақтық І түр­­­кі­танушылар съезіне барғаны, онда әлде­не­ше рет сөз сөйлеп, маңызды баяндама жасағаны сол жылдары ұлық жиынның стенографиялық есебі толық басылып шыққан ғылыми кітаптан бел­гілі. Әйтсе де ол ғылыми жазба-есептен біз аяулы Ахаңа – қазақ тіл білімінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлына қандай құрмет көрсетілгенін нақты айқындай алмаушы едік. Көзі тірісінде «қазақ жазуының атасы» атанған, әлем­дік дәрежедегі лингвист ғалымдар бірауыздан ол түзген қазақ әліпбиін «Бай­турсыновский алфавит» деп өз зерттеулері мен сол заманның энциклопедияларында айшықтаған қайраткердің түркітанушы ғалымдар алдындағы мәр­тебесі мен абыройының ерекше асқақ екенін осы бейнебаян қолға ұстатып тұр.

Съезге ресми түрде жалпы 131 адам қа­тысса да, басталған алғашқы күнінде төралқаға, президиумға 22 адам дауыс беру арқылы сайланады. Мәртебелі алқа мүшелері «Исмайлия» сарайының (оның өзінің қызықты тарихы бар) сахнасына сыймай, екі қатарға отырғызылады. Біздің көкірек кере мақтанатымыз – Ахаң аты-жөні күллі әлемге мәш­һүр, түр­кі жұртындағы ең беделді қайрат­кер­лермен, ғұлама ғалымдармен, өз елінің мәдени-руха­ни дамуы мен ұлт азаттық күресі жо­лындағы өшпес орны бар ірі тұлға­лар­мен бірге ең көрнекті орыннан, төр­дің өрінен табылады. Бұл ұлттың ұлы ұстазы, көшбасшы ғалым Ахмет Байтұрсынұлына, Ахаң түрлеген қазақ әдеби тіліне, ағартушы ойлап тапқан араб қаріпті төл жазуымызға («төте жазу») көрсетілген құрмет болатын.

Біздің қолымыздағы бейнежазбада Ахаң жеті рет әр қырынан көрінеді. Бірде мінбердегі баяндамашыны ерекше зейін қойып, мұқият тыңдап отырса, келесі көріністе шешеннің сөзін қостап, ризалықпен қолын шапалақтайды. Енді бірде үзіліс сәтінде қаумалаған көпке өз пікірін дәлелдеп, салиқалы кеңес құ­рып тұрғанын көруге болады. Бұл топтың ішінде Ахаңның әңгімесін зейін қоя тыңдап тұрған Елдес Омаров, Нәзір Төреқұлов, Әміре Қашаубаев сынды Алаш арыстарының бейнесі анық таң­баланған.

Тарихи мәні зор съездің кинохроникасы мен қолда бар оншақты түпнұс­қа фотосурет әлі де нақтыланып, талай ізденістерге тамызық болмақ. Алдағы уақытта да іздестірер, індетер ұрпақ болса әлі талай түпнұсқа суреттер табыларына күмәніміз жоқ. Олардың негативте­рін де, фотонұсқаларын да іздестіруді ­жал­ғастыруымыз қажет-ақ. Өйткені ­1926 жыл­ғы өткен съезд өзінің саяси ма­ңызы жағынан да, оған қатысқан делегат­тар­дың құрамы жағынан да, түркі халықта­ры­ның ірі қайраткерлерінің (олардың бар­шасы кейінгі сталиндік террордың құрбаны) басқосуы тұрғысынан да бірегей жиын болды. Оны қаны бір, тілі ортақ түркі жұртының тұңғыш Құрылтайы дегеніміз орынды. Сол себепті бұл тарихи бейнесуреттер тек Алаш арыстарының ғана емес, туысқан өзбек, қырғыз, саха қайраткерлері мен ғалымдарының да бейнесін таңбалап, түсін түстеуге нақты дереккөзі деп ойлаймыз. Ал олар туралы тарқата айту келесі бір келелі әңгіменің еншісі.

Сөз соңында тарихи мәні зор съез­дің құнды бейнежазбасына қол жет­кі­зуге көмек көрсеткен Әзербайжан Рес­пуб­ликасының мұрағат қызметкерлері­не, әсіресе ӘР Ұлттық архив басқармасы­ның директоры Аскер Расулов мырзаға, біз­ге жолбасшы болған Гүнел ханымға зор алғыс айтамыз. Түркі жұрты тұтас болып, ғылыми, рухани, мәдени һәм саяси бірлігінен ажырамасын тілейміз.

 

Ермұхамет МАРАЛБЕК,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, PhD