• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Қыркүйек, 2022

Бірыңғай QR-код жүйесі

412 рет
көрсетілді

Қазақстан QR-кодтардың бірыңғай банк жүйесіне көшеді. Бұл туралы еліміздің бас қаласында өткен e-commerce Day форумында хабарланды. Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасованың айтуынша, 2021 жылы ведомство осы мәселе бойынша жұмыс істеген. Жоба толық іске қосылған жағдайда клиенттер сатып алу ақысын барлық қазақстандық банктермен жұмыс істейтін бірыңғай терминалдар арқылы төлей алады.

«Сіз кімнің клиентісіз деген мә­се­ле маңызды емес. QR бар – кез келген банк бір-бірін оқи алуға тиіс. Ондай жағдайда он шақ­ты POS-терминал ұстап, әр терминалды жеке-жеке пайдаланып жатудың қажеті болмай қа­ла­ды. Бизнестің қолында бір ғана терминал болады және бұл бүкіл банкпен жұмыс істейтін болады. Біз осыған талпынуы­­мыз керек. Биыл барлық банк өз жүйесін жетіл­діреді және әрбір азаматта кез келген QR терминалы арқы­лы тө­лемдерді қабылдау, төлеу мүм­кіндігі болады деп сене­мін», деді халықаралық форумда Ә.Жанасова.

Статистика бойынша осыдан үш жыл бұрын, яғни, 2019 жылы бөлшек саудадағы онлайн-сауда үлесі 3,7 пайыз болса, қазір ол 9,6 пайызға жеткен. Бұл ретте тауар мен қызмет ақысын QR-код арқылы төлеу танымал трендке айналып жатыр.

«QR көмегімен төлем жасау­да Kaspi Bank сөзсіз жетекші болып тұр. Алайда мемлекет бұл саланы өз қолына алып, бір жүйеге келтіруге бел буған кө­рі­неді. Сатып алушылар тұр­ғы­сынан қарағанда бұл жүйе ыңғайлы. Өйткені кез келген банк қосымшасының көмегімен төлеу мүмкіндігі туады. Бірақ банк­тердің өзі үшін бұл аса қо­лайлы емес. Олар ортақ жүйе­ні пайдаланғаны үшін пайыз төлейтін болады. Ал өз жүйе­ле­рінде тегін жұмыс істеуші еді. Kaspi минуста қалды. Ол осы тех­нологияны ойлап тауып, енгізді. Енді бұл жүйе бәрі үшін ортақ етілмек. Яғни халыққа көмек­тесеміз деген желеумен Үкімет тағы да ақша табудың жо­лын қарастырмақ», деп жазады телеграмдағы marketanatomy каналы.

Бұған дейін Ұлттық банк әр­түрлі банктердің клиенттері ара­сында жедел аударымдар мен төлемдер үшін жедел төлем жүйе­сінің жаңартылған платфор­ма­сын енгізетінін ха­барлаған еді. Атал­ған жү­йе бүкіл банктің клиент­­тері үшін қолжетімді болады. Түрлі банк­тердің клиент­тері ара­сын­дағы аударымдарды ұялы телефон нөмірі арқылы, ал төлемдерді QR код арқылы жүзеге асыруға болады.