Диқандарымыз әбден тозған трактор мініп жүргенде, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру туралы әңгіме қозғаудың өзі күлкілі. Әлемдік нарықта бәсіміз биік болсын десек, оның алғышарттары техника мен технология жаңартудан басталуы керек.
Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да айрықша атап өтті. Президенттің айтуынша, салада озық технологиялар тапшы, азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін агроөнеркәсіпте жаңа тәсілдер енгізілуге тиіс.
Агрөнеркәсіп кешенінің барлығы көне техникамен қаруланған деп, аузымызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Дей тұрғанмен егін өсірушілердің барлығы жаңа трактор мініп жарылқанып жүрген жоқ. Иә, ірі шаруашылықтар үшін лизингке «Джон Дир» секілді алып себу кешендерін сатып алу айтарлықтай мәселе емес. Мыңдаған гектар жері, жүздеген бірлік техникадан тұратын машина-трактор паркі бар ондай субъектілерге банктер әрдайым қаржы беруге дайын. Мәселе елдегі ауыл шаруашылық өнімдерінің 80 пайызын қамтамасыз етіп отырған шағын шаруашылықтарға қатысты. Әрі кетсе «Беларусь» тракторын сатып алуға жағдайы бар қожалықтардың әлемде импорт тауарлардың бағасы шарықтап кеткелі техника жаңартуға деген үміттері шорт кесілгендей. Ал отандық зауыттардан шығарылатын, қазір жеңілдікті лизингпен беріліп жатқан агрегаттардың барлығына бірдей жетпейтіні әуел бастан белгілі болған.
Бір ғана Павлодар облысындағы агрокешенде бүгінде ұзын саны 54 691 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған статистикаға сүйенсек, оның 87 пайызы әбден тозса, 90 пайызы ескіре бастаған. Мысал үшін тракторларды пайдаланудағы нормативті мерзім 10 жыл болса, қолданыстағы дизельді көліктің 80 пайыздан астамы 13-14 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Комбайндардың 71, дестелегіштердің 83, тракторлардың 89 пайызы есептен шығаруға жатады.
– Ескірген техникалардың басым бөлігі Аққулы, Май, Павлодар, Ақтоғай аудандарына тиесілі. Егін шаруашылығы жақсы дамыған өңірлерде жаңартылған техниканың үлесі көптеу. Астықты аудандар бүгінде негізінен комбайн сатып алуға тырысады. Жыл басынан техника бағасының шарықтап кеткені біздің өндірушілерімізді тығырыққа тіреп қойғанын байқап отырмыз. Олардың кейбірі қаржы ұйымдарымен алдында арзанырақ бағаға келісіп қойған ғой, ал қазір олардың кейбірінің құны 2-2,5 есеге дейін өсті. Салдарынан диқандар қаржы таппай қиналып отыр. Ресейден техника жеткізу қазір азайып кеткен, керісінше отандық кәсіпорындарда және Қытайда шығарылған агрегаттарды жиі әкеле бастаған, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев.
Қазір өңірде астық ору жұмыстары қызу жүруде. Мамандар науқан барысында өнімділігі жоғары заманауи комбайндардың жетіспеушілігі байқалатынын айтады. Егер комбайн паркін қалыпты деңгейде ұстағымыз келсе, өңірге жыл сайын кемінде 200 комбайн сатып алынуы керек екен. Алайда бұл шама 60-70 данадан асып көрген емес. Салдарынан тозу көрсеткіші техника жаңарту үрдісін басып озғалы қашан.
Мына бір статистика да ойландырмай қоймайды. Жыл сайын облыстың ауыл шаруашылығы саласына әрі кетсе 1 мың жаңа техника ғана алынып, ол машина-трактор паркін шамамен 1-1,8 пайызға ғана жаңартады екен. Егер осы өгіз аяңмен жүре берсек, барлық көнерген агрегаттарды жаңалап шығуға кемінде жарты ғасыр уақыт керек. Ендеше жыл сайын астық өнімділігін арттыру туралы тапсырмаларды үстемелеп, шаруаларымыздың басын қатыратынымыз қай сасқанымыз?
Былтыр жергілікті егін өсірушілер өз қаражаттарына 662 техника, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 450 техника сатып алыпты. Биыл бұл көрсеткіштің құлдырайтыны айдан анық. Өңір шаруаларынан қазіргі уақытта қаржы ұйымдары арқылы жалпы құны 10,4 млрд теңге тұратын 608 техникаға құжаттар қабылданған. Алайда қаржы жетіспеушілігінен кейбір шаруашылықтар өтініштерін кері қайтарып алмақ ниетте.
Ауылшаруашылық техникасының жеңілдетілген лизингі бойынша биыл Үкімет 40 млрд теңге бөліп, «ҚазАгроҚаржы» АҚ шаруалардан өтініштерді жинап жатқаны да мәлім. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыз, бастапқы жарнасы жоқ несиеге құны 205 млн теңгеден аспайтын, Қазақстан аумағында құрастырылған кез келген ауылшаруашылық құралын сатып алуға мүмкіндік бар. Қаржы ұйымының Павлодар өңірлік филиалының директоры Байсал Алпысбайдың мәліметінше, аталған бағдарлама бойынша қазірдің өзінде облыста екі шаруа техника алып үлгерген. Оның бірі – Еssil КЗС 730 маркалы комбайн Железин ауданының Михайловка ауылына кетсе, Vector 410 KZ ИРС маркалы комбайн Успен ауданына жол тартты. Бүгінде жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге 38 қаржы лизингі шарты жасалса, 87,1 млн теңгенің 6 өтініші мақұлданып үлгерген. Тағы жарты миллиард теңгенің өтініштері қарастырылу үстінде. Байсал Аманоллаұлы шаруалар отандық 8 зауыт-компаниядан комбайн мен тракторлар, аспалы құрал-жабдықтар, түрлі агрегаттар сатып алу мүмкіндігіне ие екенін атап өтті.
Өкінішке қарай, кейбір шаруашылықтар қызығатын техникалар бізде өндірілмейді әрі кейбір агрегат түрлері 205 млн теңгеден асып кетіп жатады. Ал қаржы ұйымдары түрлі сылтау айтып, өтінішті қарау мерзімін жарты жылға дейін созып жүріп алатыны тағы бар. «ҚазАгроҚаржы» компаниясының тарапынан кездесетін түрлі қиындықтар шаруалардың меселін қайтарып, ол жаққа жылдар бойы аттап баспайтын ағайындарымыз да баршылық. Себебі құжат жинаудағы бюрократизм, әлдебір қағазға қол қою үшін 200-300 шақырым жерге сабылып барып қайту, өтінішті қарау рәсімін ұзаққа созу, алынатын техниканың несиесі бітпей шаруаға басыбайлы берілмеуі сияқты мәселелер шаруа баққан азаматтарға ұнамайды.
«Оразбаев» шаруа қожалығының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Сайлау Оразбаев жаңа техниканың игілігін көріп отырған егін өсірушілердің бірі. Өз әріптестерінің мұңын мұңдап жүрген азамат қазір елімізде таратылып жатқан жеңілдікті несиеге қажет техникалардың көбін сатып алу мүмкін емес деп отыр. Себебі көп агрегаттар елімізде құрастырылмайды. Ал бөлінген 40 млрд теңге барлығының жыртығын жамауға жетпейтіні мәлім.
«Бізге өнімділігі жоғары «Джон Дир» секілді қуатты тракторлар керек. Ал ондай техниканың құны қазір Қазақстанда 220 млн теңгеге жеткен. Жыл басында импорт комбайнды 80 млн теңгеге аламыз деп ойластырып қойғанбыз, жуырда қарасақ, бағасы бірден 120 млн теңгеге көтеріліп кетіпті. Техникаңыз заманауи әрі өнімділігі жоғары болмаса, науқанды уақытында аяқтап шығу мүмкін емес. Оның үстіне соңғы жылдары егіс танаптары ұлғайып, әртараптандырылуда. Негізі дәнді дақылды орудың өзіндік мерзімдері бар. Егер сол кезең ішінде жинап үлгермесеңіз, ала жаздай баптаған егініңіз рәсуа болады. Мұны тәжірибелі астық өсіруші ретінде жақсы білемін. Ал ұсақ шаруашылықтардың жағдайы тіпті қиын. Олар қолындағы ескі техникасына қарайлап, шықпа жаным, шықпамен отыр. Егістігін кеңейтуге, дәнді дақылдардың өзге түрлерін әкеліп егуге, жазда түрлі агротехникалық шараларды жүргізуге мүмкіндігі жоқ. Көбі көктемде тұқымды сеуіп тастайды да, жаз бойы Жаратқаннан жаңбыр тілейді. Себебі оларда біздегідей техникалық әлеует жоқ. Сондықтан мемлекетіміз бағдарлама әзірлегенде ең әуелі сондай азаматтарға көмектесуді ойлауы керек», дейді шаруа иесі.
Депутат бұған қоса ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін кооперативтер құру ісі де баяулап қалғанын қынжыла жеткізді. Бұл мәселемен жергілікті атқарушы билік айналысуы керек деп есептейді. Кооперативтер құны қымбат техникаларды сатып алуда көптеген артықшылыққа ие. Шаруалар ең әуелі лизингті бірлесіп өтеп, ортақ техниканың қызығын кезектесіп көреді. Оны науқан соңында өзге шаруашылықтарға жалға беріп, шығынын шығарып алуға да болады екен.
Сөз соңында айтарымыз, тозған техника мініп жүрген отандық шаруаларды қолдауға Үкімет тарапынан арнайы бағдарлама қабылдануы керек. Әрі бұл жерде қаржы ұйымдарының кең таңдауы болғаны да дұрыс болар. «ҚазАгроҚаржы» компаниясы монополист ретінде техника жаңартуға айтарлықтай үлес қоса алмады. Ендеше лизингтің жаңа тетігін ойлап табатын уақыт жеткен сыңайлы.
Павлодар облысы