• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қаржы 13 Қыркүйек, 2022

Қай қаржы секторында өсім жоғары?

239 рет
көрсетілді

Қаржы саласы тек банк секторынан тұрмайды, әрине. Оған сақтандыру, микро­қаржы ұйымдары және бағалы қағаз нарығы кіреді. Сонымен қатар қар­жы­лық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі де осы санатта қарастырылады. Бұл бес салаға да әуелі пандемия, одан кейін геосаясаттың салқыны тиді. Дегенмен түбірін шайқалта қойған жоқ. Секторлардың шаңы­рағын шайқамай тұрған жалқы фактор – тұтынушылық сұраныстың өсуі. Яғни жұрт кредит алады, көлігін, үйін, өмірін сақтандырады, қор нарығына барып инвестиция салады. Ірі компаниялар онсыз да қор нарығының көрігін қыз­ды­рады. Міне, осының бәрі саладағы жетекші компанияларды асырап отырады.

Қазір елімізде 22 екінші деңгейлі банк бар. Шетелдіктердің қатысуымен 12 банк жұмыс істесе, соның 10-ы – еншілес қаржы ұйымы. Сектордың жиынтық активі биыл шілдеде 2,8 пайызға немесе 1,1 трлн теңгеге ұлғайып, жалпы 40,3 трлн теңгені құрады. Клиент салымдарының 1,3 трлн теңгеге, несие портфелінің 240 млрд теңгеге өсуі есебінен активтер көлемі артты. Банктердегі жоғары өтімді активтер құны 12,6 трлн теңгеге бағаланады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, экономикаға берілген кредиттер шілдеде 1,6%-ға өсіп, 20,4 трлн теңгені құрады. Ұлттық валютадағы кредиттер 2,1%-ға, 18,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы кредиттер 3,7%-ға, 1,7 трлн теңгеге дейін төмендеді. Несиенің басым бөлігі өнеркәсіп (34,2%), сауда (21,3%), құрылыс (7,5%) және көлік (5,8%) салаларына тиесілі.

Заңды тұлғаларға берілген кредит көлемі 8,0 трлн теңгеге жетсе, жеке тұлға­лардың еншісінде 12,4 трлн теңге көле­мін­де несие бар. Ал NPL, яғни төленбегеніне 90 күннен асқан несие үлесі жалпы қарыз портфелінің 3,8 пайы­зын құрап, ақшалай мәнде 828 млрд теңгеге жетіп тұр. Жалпы, проблемалық несие үлесі жылдың басынан бері 58 млрд теңгеге ұлғайып кетті. Заңды тұлғалар қарыз портфеліндегі NPL үлесі – 4,1 па­йыз немесе 396 млрд теңге.

«Банктердің меншікті капиталы биыл шілдеде 7,2%-ға 5,65 трлн теңгеге дейін өсті. 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 17,6%-ды, меншікті капитал (к2) 21%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы ықтимал тәуекелдерді жабуды қамтамасыз етеді», делінген агенттік хабарламасында.

Ал елдегі 27 сақтандыру ұйымының (9-ы – өмірді сақтандырушы компания­) активтері 2 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Актив құрылымындағы ең көп үлесті бағалы қағаздар алса (1,4 трлн теңге), банктердің ақша қаражаты мен салымдары (137 млрд теңге) және дебиторлық берешектер де (98 млрд) біршама үлеске ие. Сектордың таза пайдасы – 7,9 млрд теңге.

2022 жылдың басынан жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 7 039 453 болды, бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыс­тырғанда 9,3%-ға көп. Негізгі өсу ауыр­ған жағдайда сақтандыру бойынша жа­салған сақтандыру шарттарының (176 658 шарт немесе 56,8%), көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша шарттарының (175 219 шарт немесе 5,6%) және туристі сақтандыру бойынша (138 555 шарт немесе 47,1%) шарттарының үлесіне келеді екен.

Жыл басынан бері міндетті сақтандыру бойынша 90,1 млрд теңгеге сыйлықақы жиналса, ерікті сақтандыру аясында 158,4 млрд теңге жиналған.

«2022 жылғы шілдеде сақтандыру төлемдері 14,4 млрд теңгені құрады, оның ішінде 5,3 млрд теңге сомаға қарыз­дарды сақтандыру сыныптары бойынша және 6,3 млрд теңге сомаға көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша төлемдер жатады. Жиынтығында 2022 жылдың басынан сақтандыру төлемдері 93 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 34,5%-ға артық», деп хабарлайды агенттік.

2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қор нарығын капиталдандыру 37,2 трлн теңгені құрады. Соңғы үш ай бойы капиталдандыру деңгейі төмендеп кеткен еді. Алайда индекстік компания­лар акциясының өсуі есебінен аталған көрсеткіш 0,9 трлн теңгеге дейін артты.

«1 тамыздағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) сауда тізімдерінде 103 эмитенттің 118 акциясы болды, олардың 46 шығарылымы KASE Global секторында айналымға жіберілді. Биыл шілде айын­да акциялармен сауда-саттық көлемі маусым айымен салыстырғанда 20,1%-ға немесе акциялармен мәмілелер санының 12,6%-ға қысқаруына байланысты 1,8 млрд теңгеге төмендеп, 7 млрд теңгені құрады. 2022 жылғы шілдеде KASE-де корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 238 млрд теңгеге дейін 11,3%-ға немесе 24,2 млрд теңгеге өсті», делінеді агенттік хабарламасында.

Микроқаржы нарығы да қызу қол­даныс­қа ие. Қазір мұндай қаржы ұйым­дары­ның актив көлемі – 1,8 трлн теңге. Несие портфелінің де көлемі осыған жете­қабыл – 1,6 трлн теңге. Соның 1,2 трлн-ы – жеке тұлғаларға, 418,5 млрд теңгесі заңды тұлғаларға берілген. Портфельдегі 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың (NPL) деңгейі 2022 жылғы 1 шілдеде 5,4%-ды құрады. Соның ішінде жеке тұлғалардағы NPL көрсеткіші едәуір жоғары – 7 пайыз.

«Жеке тұлғаларға берілетін қарыздар сапасының нашарлауы, негізінен, 50 АЕК-ке дейінгі сомадағы қысқамерзімді микрокредиттер сегментінде байқалады. Заңды тұлғалар портфеліндегі NPL деңгейі осы жылдың басынан бастап 0,2 п.т.-ға аздап төмендеп, 0,5%-ды (2022 жыл­ғы 1 қаңтарда NPL деңгейі 0,7%-ды құра­ды) құрады», деп түсініктеме береді агенттік.

Биыл екінші тоқсанда микроқаржы ұйымдарының міндеттемелері – 1,2 трлн теңгені, меншік капиталы 628,1 млрд теңгені құраған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жұмыс қорытындылары туралы да баян етті. Шілдеде агенттік банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің және сақтандыру мен бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметіне байланысты жеке және заңды тұлғалардың 2 478 өтінішін қарады, бұл 2022 жылғы маусыммен салыстырғанда 55%-ға аз екен.

«Өтініштердің ең көп үлесі банк секторына тиесілі (екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар), ол өтініштердің жалпы санының 74,1%-ын құрады. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өтініштер өтініштердің жалпы санының 10,5%-ын, сақтандыру нарығы субъектілерінің 3%-ын, коллекторлық агенттіктердің 2%-ын, өзге де ұйымдардың 10%-ын құрады», деп хабарлайды агенттік.