• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 13 Қыркүйек, 2022

Жеті жыл – жеткілікті мерзім

331 рет
көрсетілді

Amanat партиясының Орталық аппаратында Talqylau диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Сараптамалық талқылау тақырыбы – «Жолдау 2022: саяси реформалардың жалғасы».

Партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов бір реттік президенттік мерзім туралы бастама суперпрезиденттік модель­ден түпкілікті кету бойынша бұған дейінгі қадамдардың қисынды жалға­сы екенін атап өтті. Оның айтуынша, прези­денттік өкілеттіктің мерзімін 7 жылда бір каденцияға дейін қысқарту Әділетті Қазақ­станның саяси кепілі. «Осынау батыл да бірегей қадам еліміздің ал­дағы уақыт­тағы саяси бағытына қатысты сұрақтар­дың жауабын табуға мүмкіндік береді. Конституцияға тиісті өзгерістерді кейінге қалдырмай, осы жылдың өзінде-ақ енгізу қажет деп санаймын», деді Асхат Оралов.

Мәжілістегі Amanat партиясының депутаты Ерлан Саиров қоғамның Жолдауды белсенді талқылауы ұлттық тұтастықтың нығаюына ықпал етеді деп санайды. «Бұрынғы жүйені жою үшін президенттікті бір мерзімге шектеу қажет. Бүгінгі саяси реформалардың негізгі мәні – осы. Жеті жылдық мерзімге келетін болсақ, бұл ойға алған міндеттерді іске асыру үшін жеткілікті кезең. Сонымен қатар биліктің монополиялануына жол бермейді. Барлық саланың дамуында тұрақтылық пайда болады», деп атап өтті Е.Саиров.

Өз кезегінде қоғам қайраткері Ғалым Байтоқ Президент кезектен тыс сайлау жариялау арқылы батыл қадам жасап отырғанын атап өтті. Ол жеті жылдың қалыпты жұмыс мерзімі екенін айтады. «Егер қазіргі Президент осы жылы бірден жеті жылдық мерзімге бет алатын болса, онда оның өкілеттігі қайткен күннің өзінде 2029 жылы аяқталады. Яғни қазіргі нормаға сәйкес 2024 жылы сайлау­ға түссе де солай болар еді. Яғни оның өкі­леттік мерзімі іс жүзінде бір жылға да ұзар­майды. Сонымен қатар президенттердің өкілеттік мерзімі 10 жылдан 7 жылға дейін қысқарады», деді сарапшы.

«Президенттің орнықты әділ мемлекет құру жөніндегі нақты саяси мақсаты бар. Бұл мақсат реформаларды, соның ішінде танымалдылығы жоқ реформаларды қажет етеді. Оны іске асыру үшін мандат пен уақыт қажет. Жеті жыл – белгіленген реформаларды жүзеге асыру үшін жеткілікті мерзім деп есептеймін», деп атап өтті сая­саттанушы әрі қоғам қайраткері Данат Жұмин.

Talqylau отырысында Мәжілістегі Amanat фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева Жолдаудағы елдің эконо­микалық дамуына қатысты аспектілерге назар аударды. Кез келген өзгерістің негізі – мықты экономика екенін алға тартқан депутат: «Жолдауда ауқымды әлеуметтік-экономикалық блок ұсынылды. Бұл – реформалардың жаңа толқыны емес, бұған дейін белгіленген бағыттың қисынды жалғасы. Мемлекеттің экономикадағы рөлін азайту, оны монополиясыздандыру, ресурстарды әділ бөлу қадамдары алдағы уақытта елеулі экономикалық ілгерілеулер туралы айтуға мүмкіндік береді. Әділ қоғамның іргесі қаланады», деді.

Жиында Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры, профессор Марат Бәшімов сот-құқық саласын реформалауға қатысты ойын ортаға салды. «Судья тек сот төрелігімен айналысуы керек. Ол кадр мәселесіне араласпауға тиіс. Араласатын болса, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері пайда болады. Президент революциялық шешім ұсынды. Енді Жоғары Сот Кеңесі іріктеумен, оқытумен, аттестаттаумен және тағы басқамен айналысады. Ал судьялар өз жұмысын істейді. Тиісінше олар атқаратын жұмыстың тиімділігі артады», деді ол.

Ал «Қазақстанның Азаматтық Альянсы­ның» президенті Бану Нұрға­зиева­ның пікірінше, осы күнгі өзекті мәселенің бірі – мемлекеттік басқару жүйесін қайта жүктеу. «Біз тек түсіндіріп қана қоймай, бастамаларды жүзеге асыруға және қоғамдық мониторинг үдерістеріне өзіміз де араласып, қоғамды да жұмылдыруымыз керек. Жақсы реформаны қолға алуға болады. Бірақ оны жүзеге асыру барысы ерекше назар аударуды қажет етеді», деді сарапшы.

Talqylau алаңының модераторы партия Саяси кеңесінің мүшесі, танымал тележүргізуші Мақсат Толықбай болды.