Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.
Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров биылғы қаңтар-тамызда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,1%-ды құрағанын мәлімдеді. Нақты сектор 3,3%-ға, қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,3%-ға өсті. Салалар арасында құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сауда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндіру өнеркәсібі жақсы қарқынмен дамып келеді. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 5,7%-ға дейін жеделдеді.
«Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқынының 5,7%-ға дейін жеделдеуі байқалады. Инвестициялар мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда 2 есеге, білім беруде 59,1%-ға, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсетуде 30,1%-ға, саудада 21,9%-ға, қаржы және сақтандыру қызметінде 20,2%-ға, жылжымайтын мүлікке қатысты жасалатын операцияларда 8,8%-ға, құрылыс саласында 15,7%-ға өсті», деді министр.
Аталған кезеңде сыртқы сауда айналымы 36,9%-ға өсіп, 74,3 млрд долларды құрады: экспорт 52,9%-ға өсіп, 48,9 млрд доллар болды, оның ішінде өңделген тауарлар 35,7%-ға өсіп, 14,3 млрд доллар болды, ал тауар импорты 25,3 млрд долларға жетті. Оң сауда теңгерімі 23,6 млрд доллар болды.
Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 7,9%-ға, оның ішінде автомобиль жасау 18,2%-ға, электр жабдықтары өндірісі 8,3%-ға, тамақ өнімдерінің өндірісі 3,5%-ға, сусындар өндірісі 7,5%-ға, пластмасса бұйымдарының өндірісі 5,1%-ға, дайын металл бұйымдары өндірісі 2,4%-ға, химия өнеркәсібі 11,8%-ға, киім-кешек өндірісі 7,1%-ға өсті.
Биылғы қаңтар-тамызда 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 1,2%-ға төмен. Оң өсу 14 өңір бойынша тіркелді. Ең жоғары көрсеткіштер Түркістан, Алматы, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалуда. Көрсеткіштің төмендеуі жаңадан құрылған Ұлытау және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Маңғыстау, Атырау облыстарында, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалуда.
Ә.Қуантыровтың мәліметінше, ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 4,3%-ға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 16 өңірде тіркелді. Ең жоғары өсуді Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ақмола облыстары көрсетті.
Аталған кезеңдегі республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтып берді. Оның айтуынша, осы кезеңде мемлекеттік бюджетке 10 трлн 85 млрд теңге кіріс түсті (жоспар 104,9%-ға орындалды), бұл ретте республикалық бюджет 6,8 трлн теңгеге (101,9%), ал жергілікті бюджеттер 3,3 трлн теңгеге (111,6%) толықтырылды.
Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,4%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,5%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 97,6%-ға орындалды.
Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 675 нысанды сату көзделген. Көрсетілген кезеңде 57 млрд теңге сомасына 240 нысан сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді.
Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Ә.Смайылов экономикалық өсудің негізгі драйверлері өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, оның ішінде автомобиль жасау, локомотивтер мен вагондарды қосқанда, басқа да көлік құралдарының өндірісі екенін атап өтті.
Өңдеуші секторда химия өнеркәсібі 2%-ға, жеңіл өнеркәсіп 7,5%-ға, металлургия 5%-дан астам және мұнай өңдеу 4%-ға өсіп, жоғары динамиканы көрсетті. Тау-кен өнеркәсібінде көмір өндіру 2,2%-ға, табиғи газ өндіру 3%-ға және кен өндіру 5%-дан астам ұлғайып, тұрақты өсім тіркеліп отыр.
Құрылыс секторында жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етіліп, 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығында, саудада, көлік және байланыс салаларында оң динамика тіркелген. «Барлық негізгі көрсеткіш Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында өсіп отыр. Барлық өңір әкімдіктері экономиканың өсу қарқынын төмендетпеуі керек», деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, тамыз айының қорытындысы бойынша елімізде жылдық инфляция 16%-дан асып кетті. «Өңір әкімдіктері мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру, азық-түлік өнімдерінің өндірісін ынталандыру және ішкі нарықты толықтыру бойынша жұмыстарды күшейтуі қажет», деді Премьер-Министр осы жағдайға орай.
Үкімет басшысы мәселені қорытындылай келе мемлекеттік орталық органдар мен өңірлер басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Халықтан түсіп жатқан шағым көп
Үкімет отырысында «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Мәселе бойынша баяндама жасаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Ұлттық жоба аясында мемлекеттік қызмет көрсетудің 175 бизнес-процесіне жаңа әдістеме бойынша реинжиниринг жасалғанын айтты. Осы жұмыс нәтижесінде жұмсалатын қағаз саны мен қажетсіз бюрократия жойылды. 2025 жылға дейін барлық 5 мың бизнес-процеске толық реинжиниринг жасалатын болады. Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр, бүгінде олардың үлесі 94%-ға жетті. Сондай-ақ 9 мемлекеттік қызмет түрін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, бейнеқызмет арқылы алу мүмкіндігі іске асырылды. Жыл соңына дейін оның саны 44-ке дейін жеткізілмек. ХҚО-ларды жаңғырту жоспар бойынша жүзеге асырылуда, қазірдің өзінде 8 жаңа фронт-офис халыққа қызмет көрсетіп жатыр. 2024 жылға дейін 115 халыққа қызмет көрсету орталығы жаңғыртылады.
Kaznedra бірыңғай платформасы бойынша бүгінде тестілеу режімінде minerals.gov.kz сайты іске қосылды. Қазірден бастап пайдаланушының жеке кабинетінде интерактивті картаға басылған жер қойнауы туралы 1,5 мың электронды есеп қолжетімді. Платформа арқылы жер қойнауын барлауға тиісті лицензияға өтінім беру және уәкілетті мемлекеттік органмен өзара электронды хат алмасу мүмкіндігі бар.
Құрылыс және көлік салаларын цифрландыру аясында E-Qurylys платформасында 92 республикалық автомобиль жолдарының құрылысын бақылау процесі жүзеге асырылып жатыр.
Ауыл шаруашылығы саласында 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап субсидиялаудың жүйесі іске қосылды. Мұнда фермерлерге қажетті мемлекеттік қолдау жөніндегі барлық ақпарат жиналған, бұл фермерлерге шығындарды 30%-ға қысқартуға, жалпы құжаттармен әуре-сарсаңды қысқартуға мүмкіндік береді.
Отын-энергетика кешені саласында барлық АЖҚС қосылған мұнай және газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесі пайдалануға енгізілді. Енді жанармай және өзге шикізаттың сатылуы мен қоры туралы ақпарат онлайн түрде қолжетімді болады.
Білім беруді цифрландыру бойынша маңызды жобалардың бірі – оқулықтар портфелін цифрлық форматқа көшіру. Бүгінде қолда бар 670 баспа оқулығының 97%-ы цифрлық форматқа көшірілді. Жыл соңына дейін 100% цифрландырылады.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық жоба аясында ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр Ұлттық жобаны іске асыру IT-саладағы ішкі жалпы өнімнің үлесін 5%-ға дейін ұлғайтып, қолданбалы ғылыми-зерттеулерді қаржыландыруда жеке сектордың үлесін кемінде 50%-ға арттыруға тиіс екенін айтты. Сонымен қатар оның аясында азаматтарға әлеуметтік қолдау алуды жеңілдетуге мүмкіндік беретін жобалар пулы іске асырылып жатыр.
«Жақында пилоттық негізде іске қосылған «Отбасының цифрлық картасы» жобасы – осы тәсілдердің бірі. Бұл жоба атаулы әлеуметтік көмек алуға мұқтаждық тууы мүмкін 480 мыңнан астам отбасын және зейнетақы төлемдері мен жәрдемақы алып отырған 100 мыңға жуық азаматты қамтуға мүмкіндік берді. Жобаны биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр», деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, «Әлеуметтік әмиян» жүйесін іске қосу және инвесторларға нақты уақыт режімінде минералдық ресурстардың деректер банкіне еркін қол жеткізуге мүмкіндік беретін Kaznedra платформасын енгізу жоспарланып отыр.
Премьер-Министр Үкімет алдында ғылыми-зерттеулердің нәтижелілігі мен экономиканың түрлі секторында қолданылуын арттыру сияқты маңызды міндет тұрғанын атап өтті.
Осы орайда Ә.Смайылов соңғы жылдары ғылым туралы заңнамаға біршама өзгеріс енгізілгенін және оны қаржыландыру 2 есеге жуық өскенін айтты. «Бізге жұмсалған қаражаттың тиімді қайтарымы қажет. Отандық индустрия, ғылыми қоғамдастық, университеттер мен бизнес барынша өзара тығыз байланыс орнатуы қажет. Ғылыми жетістіктер өндіріске енгізіліп, халыққа нақты пайда әкелуге тиіс. Ғылым министрлігі бұған ерекше назар аударуы керек», деді Ә.Смайылов осы жағдайға байланысты.
Бұл ретте Премьер-Министр бірқатар бағыт бойынша бұрын белгіленген жоспарлар мен кейбір көрсеткіштердің орындалмағанын атап өтті. Пациенттердің денсаулық жағдайын үздіксіз бақылау және проактивті медициналық қызмет көрсету үшін eHealth бірыңғай экожүйесін әзірлеу жұмыстары уақтылы жүргізілген жоқ. Сонымен қатар «Цифрлық агрокәсіпорын» және «Цифрлық карьер» жобаларын іске асыру барысында да сұрақтар бар. Жер мен жылжымайтын мүліктің мемлекеттік кадастрын автоматтандыру және орталықтандыру рәсімі аяқталған жоқ.
«Жалпы, интернет-қызметтердің сапасына сұрақтар бар. Алыстағы елді мекендерді айтпағанда, ірі қалаларымызда интернет байланысының сапасы барлық жерде бірдей жақсы емес. Халықтан түсіп жатқан шағым көп. Егер интернет байланысы жақсы болмаса, цифрлық платформалардың және ақпараттық жүйелердің пайдасы жоқ. Цифрлық даму министрлігі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстау керек», деді Ә.Смайылов.
Сондай-ақ ол цифрландыру саласындағы барлық мүдделі мемлекеттік органдардың және ұйымдардың жұмысын үйлестіруді күшейту қажет екенін айтты.
Сөз соңында Ә.Смайылов ақпараттық жүйелердің істен шығуын азайтатын жүйелі шаралар қабылдауды, биылғы жылдың соңына дейін «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» жобаларының тиімді жұмысын қамтамасыз етуді, сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін Kaznedra платформасын іске қосуды тапсырды.
Сонымен қатар Премьер-Министр елдің ғылыми-техникалық дамуына жеке инвестицияларды кеңінен тарту үшін жаңа ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар құруды басым инвестициялық жобалар тізбесіне енгізу мәселелерін пысықтауды тапсырды.
Отын бойынша ахуалды қатаң бақылау қажет
Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Мәселе бойынша баяндаған Энергетика министрі Болат Ақшолақов ішкі нарықты мұнай өнімдерінің қажетті көлемімен қамтамасыз ету үшін жанармай бекеттері мен мұнай базаларындағы отын қоры ұлғайтылғанын, оны жеткізу бағыттары оңтайландырылғанын, өнімсіз делдалдарды алып тастау және Қазақстан аумағынан отын шығаруды шектеу бойынша шаралар қабылданғанын айтты.
Бұдан басқа, Энергетика министрлігінде және жанармай бекеттерінің ірі желілерінде жанар-жағармай бағасын негізсіз көтеру және оны сатудан бас тарту мәселелері бойынша азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін колл-орталықтар құрылды.
Премьер-Министр жанармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін Үкіметтің барлық қажетті шұғыл шараларды қабылдағанын атап өтті. Әр облыста мұнай базалары мен ұсақ жанар-жағармай құю бекеттерін бақылау жөніндегі комиссиялар құрылды, зауыттарда мұнай өңдеу және дизель отынын өндіру көлемі ұлғайтылды, сондай-ақ зауыттардан мұнай базаларына және барлық өңірдегі жанармай құю бекеттеріне дейін мұнай өнімдерінің логистикасы жолға қойылды.
«Мұнай өнімдерін әкетуге жол бермеу мақсатында қажетті экспорттық шектеулер енгізілді, дизель отыны ішкі нарыққа делдалдарсыз жеткізіледі. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жанар-жағармай нарығындағы ахуал бір қалыпқа келіп жатыр», деді Ә.Смайылов өз сөзінде.
Дегенмен жағдайды үнемі назарда ұстап, қатаң бақылау қажет. Мысалы, кейбір өңірлерде сұйытылған газ тапшылығы пайда болды. «Сондықтан кешенді жұмысты одан әрі жалғастыру керек, өңірлерде отын тапшылығы мен іркілістер болмауға тиіс», деді Премьер-Министр осы проблема жайында.
Сөз соңында Ә.Смайылов 15 қыркүйектен бастап жанармай құю стансаларында жанар-жағармай босатуды есепке алудың цифрлық жүйесін енгізуді, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жеңілдікті дизель отынын бөлу жүйесін енгізуді қамтамасыз етуді, сондай-ақ өңірлердегі халықты сұйытылған газбен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар 2023 жылдан бастап Энергетика министрлігіне мұнай өнімдерін сату кезінде өнімсіз делдалдарды қатыстырмайтын мұнай өңдеудің жаңа жүйесіне көшуді міндеттеді.