Төрт адамның өмірін құтқарып қалған шарбақтылық азамат Еркебұлан Жүзбаевты Павлодар облысының әкімі арнайы барып құттықтады. Әбілқайыр Сқақов ержүрек азаматқа «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісін тапсырып, оның ерлік ісі жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
Отбасы күніне орай Павлодар облысында 554 отбасына көмек көрсетілді. Облыс әкімі бастаған қайырымдылық акциясын өңірдегі мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, демеушілер мен мәслихаттар депутаттары қолдады. Азық-түлік жиынтықтарынан басқа аз қамтылған отбасылардың қажеттілігі үшін 35,5 тонна көмір, 24 тонна шөп, 55 текше метр отын бөлінді және қаржылай көмек көрсетілді.
Жуықта Павлодар-Шарбақты тас жолында өртке оранған автокөліктен төрт адамды алып шығып, өмірлерін құтқарып қалған Еркебұлан Жүзбаевтың үйіне барған аймақ басшысы оның батырлық әрекетіне қандай мақтау айтса да жарасатынын жеткізді. Ерлік жасаған азаматты «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады. Отбасы күнімен құттықтап, отағасына қаржылай сертификат тапсырды.
– Сіздің жасаған ерлігіңіз жұртқа үлгі болуы керек. Облысымызда айналасындағы адамдардың тағдырына бейжай қарамайтын сіз сияқты азаматтардың бар болғанын мақтан етемін. Өңір тұрғындары атынан ерлігіңіз үшін алғыс білдіремін, – деді Әбілқайыр Сқақов.
Естеріңізде болса, қыркүйек айының басында Красноармейка стансасында темір жол монтёры болып жұмыс істейтін Еркебұлан Жүзбаев өртке оранған көліктен төрт адамды құтқарып қалған болатын. Апат Павлодар – Шарбақты автожолының Маралды стансасы маңында болған. Audi 100 көлігі КамАЗ-дың тіркегішіне соғылып, кейіннен өртене бастаған.
42 жастағы Еркебұлан Жүзбаев зайыбымен бірге екі қыз тәрбиелеп отыр. Қазір ол отбасымен тұрып жатқан баспанасын жөндеуде. Сыйлық қаражатты құрылыс материалдарын сатып алуға жұмсаймын, дейді отағасы.
Павлодар облысы,
Шарбақты ауданы