Күні кеше ғана Нью-Йоркте US Open турнирі аяқталғаннан кейін теннисшілердің әлемдік рейтингі қайта жаңартылды. Ерлер арасында алғаш рет Карлос Алькарас көш бастады.
19 жастағы Испания өкілінің бұл табысына тамсанбау мүмкін емес. Бұған дейін де бірқатар аса ірі халықаралық турнирде табысты өнер көрсеткен ол АҚШ-тың ашық біріншілігінде де алдына жан салмады. Сөйтіп, Алькарастың есімі әлемнің бірінші ракеткасы атағын иеленген ең жас ойыншы ретінде теннис тарихында қалды. Екінші орынға Каспер Рууд көтерілді. 23 жастағы норвегиялық ойыншы үшін де бұл бұрын-соңды бағынбаған белес еді. Үздік үштікті атағы жер жарған испаниялық Рафаэль Надаль түйіндесе, ресейлік Дмитрий Медведев төртінші орынға сырғып түсті. Одан кейінгі сатыларға германиялық Александр Зверев, грекиялық Стефанос Циципас, сербиялық Новак Джокович, ұлыбританиялық Кэмерон Норри, ресейлік Андрей Рублев және польшалық Хуберт Хуркач жайғасты. Қазақстан ойыншылары арасында АТР рейтингінде ең үздік көрсеткіш Александр Бубликке тиесілі. Ол 44-орынды иеленді.
Әйелдер арасында 21 жастағы поляк қызы Ига Швёнтек алдына жан салар емес. US Open турнирінде ол әлемнің бірінші ракеткасына сай өнер көрсетті. Швёнтектен финалда ұтылған мысырлық Онс Жабер екінші орынға көтерілді. Сондай-ақ ТОП-10 теннисшінің қатарында Анетт Контавейт (Эстония), Паула Бадоса (Испания), Джессика Пегула (АҚШ), Мария Саккари (Грекия), Арина Соболенко (Беларусь), Коко Гауфф (АҚШ), Симона Халеп (Румыния) және Каролин Гарсия (Франция) бар. Үздіктер тізімінде Елена Рыбакина 25-орында тұрса, Юлия Путинцева 36-сатыға жайғасты.