18 қыркүйекте Аустралияның Вуллонгонг қаласында велоспорттан әлем чемпионатының шымылдығы түріледі. Бұл жарыста Қазақстанның 15 спортшысы бақ сынайды.
Аталған жарыстың бірғасырлық тарихы бар. Оның тұсауы сонау 1921 жылы Данияның астанасы – Копенгагенде кесілген. Соңғы чемпионат былтыр Бельгияның Фландрия өңірінде өтіп, ерлердің сайысында франциялық Жюлиан Алафилипп (жекелеген) пен Филиппо Ганна (топтық) алдына жан салмады. Әйелдер арасында италиялық Элиза Бальзамо (жекелеген) мен Эллен ван Дейк (топтық) дара шықты. Аралас жұптардың жарысында Германия құрамасының мерейі үстем болды.
Жасыл құрлықтағы жарыстың элиталық тобында Қазақстанның туы астында Алексей Луценко, Юрий Натаров, Вадим Пронский және Евгений Федоров, андерлер арасында Нұрберген Нұрлықасым, Глеб Брусенский, Андрей Ремхе, Евгений Федоров және Николя Винокуров өнер көрсетеді. Сондай-ақ жастар сайысында Алексей Ваганов, Максим Тараскин, Илья Карабутов, Виолетта Казакова, Алина Спирина, Милана Котельникова және Виктория Марчук бақ сынайды.