Футболдан Қазақстан чемпионатының аяқталуына жеті тур қалғанда «Астана» клубының бас бапкері ауысты.
Осыған дейін бұл қызметті 49 жастағы сербиялық маман Срджан Благоевич атқарған еді. Енді оның орнына Григорий Бабаян келді. Ол – Қазақстанның тумасы. Жасы 42-де. Кезінде Бабаян еліміздің жасөспірімдер құрамасында ойнады. Кейіннен Германияда шеберлігін шыңдады. 2003-2005 жылдары «Қайрат» пен «Алматы» клубтарының жейдесін киді. Көп ұзамай жаттықтырушылық кәсіпті таңдап, «Астана» мен Қостанайдың «Тобылында» бас бапкердің көмекшісі болды. Соңғы уақытта Мәскеудің ЦСКА-сында біраз еңбек етті.