19-20 қыркүйек күндері Ақтаудағы «Халық Аренада» Қазақстанның ұлттық құрамасы Әзербайжанның футзалшыларымен жолдастық кездесу өткізеді.
Қазіргі кезде дәл сол Каспий теңізінің жағалауында біздің жігіттер оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Командамыздың бас бапкері Рикардо Кака алдағы бәсекеде мына футзалшыларға сенім артып отыр. Қақпашылар – Игита, Нарун Серіков («Кайрат»), Ақжол Қайратұлы («Каспий»). Қапталдағы ойыншылар – Дуглас, Дәурен Нұрғожин, Шыңғыс Есенаманов, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Альберт Ақбалықов, Эдсон («Қайрат»), Тайнан («Эль-Посо», Испания), Арнольд Кнауб, Райымбек Жұма, Жаһангер Рашит («Каспий»), Азат Валиуллин, Әбдірасұл Әбдіманапұлы («Аят») және Евгений Кошкин («Астана»).
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы санаулы күндерден кейін 2024 жылы өтетін әлем чемпионатының іріктеу турниріне қатысады. Өзінің алғашқы матчын жерлестеріміз 8 қазанда өз алаңында Словения құрамасымен өткізеді.