Өткен аптада Шығыс Қазақстан облысы орталығында тағы бір саябақ ашылды. Тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілген саябақтың төріне даңқты қолбасшының мүсіні де қойылды.
Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік көрсеткен батыр атындағы саябақ Қазыбек би мен Ілияс Есенберлин даңғылдарының қиылысында орын тепті. Ал қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі тұғырымен қоса есептегенде 8,5 метрдей. Генералдың болмысын сипаттайтын мүсін шынымен де сәтті шыққан.
– Құрметті жерлестер, бүгін – облысымыз бен Өскемен қаласы үшін айтулы күн. Себебі біз Кеңес Одағының Батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған ескерткіштің ашылу салтанатына арнайы жиналып отырмыз. Сағадат Қожахметұлының өмір жолы барша қазақстандыққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Оның тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерін қалыптастыру және дамыту жолындағы атқарған еңбегі орасан зор. Осы ретте Сағадат Қожахметұлы Қазақстандағы Халық Қаһарманы және армия генералы деген атақтарға ие болған бірінші адам екенін де ерекше атап өткім келеді. Біздің міндетіміз – батырға лайықты құрмет көрсету, даңқты тұлғаның рухын жаңғырту. Генералдың ерлігі мен еңбегін насихаттау мақсатында салынған саябақ халықтың сүйікті демалыс орнына айналады деп сенемін, – деді салтанатты
жиынға арнайы келген аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Сонымен қатар Сағадат Нұрмағамбетовтің шәкірті әрі әріптесі, генерал-лейтенант Болат Жанасаев пен даңқты қолбасшының немересі Лира Нұрмағамбетова да жылы естеліктерімен бөлісіп, осындай саябақ пен ескерткіштің ашылуына үлес қосқан ел ағаларына алғыстарын айтты.
Ал ескерткіштің лентасын Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Құрмат Рахимов пен Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев қиды. Жиналған қауым батыр баба рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Аумағы бір жарым гектар жаңа саябақ отбасымен демалуға таптырмас орын екен. Төрт субұрқақ, терраса, 100-ге жуық орындық пен сәулет өнерінің өзге де туындылары көздің жауын алады. Саябақ аумағына 200-ге жуық түп ағаш отырғызылып, жеріне су жаңа газонның төселуі де келушілерді қуантатыны сөзсіз.
Шығыс Қазақстан облысы