Словенияның Портороже қаласында жүлде қоры 203 024 еуроны құрайтын халықаралық турнир басталды. Бұл жарыста Елена Рыбакина да бақ сынауда.
Қазақстанның бірінші ракеткасы тұсаукесер кездесуінде Лаура Зигемундпен шеберлік байқасты. 34 жастағы Германияның өкілі қазіргі кезде әлемдік рейтингте 173-орынды қанағат тұтуда. Кезінде ол Ролан Гарростың ширек финалында ойнап, ТОП-30 теннисшінің қатарына енген еді. 3 сағат 25 минутқа созылған бұл тартыста Рыбакина 6:7, 6:4, 7:6 есебімен жеңіске жетті. Екінші кезеңде жерлесіміз Тереза Мартинцовамен кездеседі. 27 жастағы чехиялық ойыншы WTA тізімінде 66-орынды иеленген.
Словениядағы турнирде Елена Рыбакинадан бөлек, ұлыбританиялық Эмму Радукану, чехиялық Катержина Синякова, украиналық Леся Цуренко, аустралиялық Айла Томлянович және бразилиялық Беатрис Хаддад-Майя сынды танымал теннисшілер өнер көрсетуде.