24 қыркүйекте Мәскеуде бірнеше мемлекеттен келген кәсіпқой боксшылардың қатысуымен ірі халықаралық жарыс ұйымдастырылады.
Кештің басты бәсекесінде аралас жекпе-жектің хас шеберлері Александр Емельяненко мен Вячеслав Дацик күш сынасады. Ресейдің атышулы қос алыбы бұл жолы бокс ережесі бойынша сайысқа түседі. Осы жарыста қазақстандық Әли Балоев та өз өнерін ортаға салады. Аса ауыр салмақта күш сынасып жүрген 29 жастағы Алматының тумасы кезінде әуесқойлар рингінде біраз табысқа қол жеткізді. Кейіннен Сағатбек Мұсахановтың шәкірті кәсіпқойлар арасында күш сынасуға бел буды. Бес жылдан аса уақыт аралығында 10 кездесу өткізген ол барлығында басымдық танытты. Жеті қарсыласын есінен тандырды.
Hardcore Boxing кешенінде Әли ресейлік Курейш Саговпен айқасады. 31 жастағы ингуш жігіті өзінің сегіз кездесуінің алтауында жеңіске жетіп, екі бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады.