Шотландияның Глазго қаласында шымылдығы түрілген Дэвис кубогі жолындағы жарыстың тұсаукесер кездесуінде D тобындағы Қазақстанның теннисшілері Нидерланд құрамасынан 1:2 есебімен ұтылды.
Алғашқы болып кортқа Михаил Кукушкин шықты. Әлемдік рейтингте 214-орында тұрған жерлесіміз Таллон Грикспурмен күш сынасты. Ардагер спортшымыздың АТР тізімінде 46-сатыға жайғасқан 26 жастағы Нидерландтың өкіліне әлі жетпеді – 1:6, 6:3, 3:6. Одан кейін Александр Бубликтің өнерін тамашаладық. Үздіктер рейтингінде 44-орынды еншілеген отандасымыз Ботик ван де Зандшульппен сайысқа түсті. Мықтылардың тізімінде ол Бубликтен тоғыз саты жоғары орналасқан. Алғашқы сетте біздің ойыншы жеңіске жеткенімен, қалған екеуі ван де Зандшульптің пайдасына шешілді – 6:3, 1:6, 4:6. Жұптық бәсекеде қос Александр – Бублик пен Недовесов Весли Колхов пен Матве Мидделкопты қапы қалдырды – 6:4, 1:6, 6:3. Қорытынды есеп – 1:2.
А тобындағы Швеция Аргентинадан 2:1 есебімен айласын асырды. В тобындағы Канада Оңтүстік Кореяны ұтты – 2:1. С тобындағы Аустралия Бельгияға бет қаратпады – 3:0. Қазақстанның теннисшілері бүгін Дэвис кубогінің 32 дүркін жеңімпазы деген атағы бар АҚШ құрамасымен кездеседі. Бұл команданың сапында Тейлор Фриц, Томми Пол, Джек Сок және Раджив Рам сынды саңлақтар өнер көрсетуде. Ал 18 қыркүйек күні Ұлыбританиямен күш сынасамыз.