Елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі аясында «Астана Опера» театрында «Бірлігіміз – әралуандықта» атты мазмұнды бағдарламаға толы концерт өтті.
Әлемнің әр түкпірінен келген мәртебелі меймандар еліміздегі бірегей өнер ордасының классикалық көркем сәулетін көріп, ерекше әсер алды. Алдымен сахнаға көтерілген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрболат Арзамас пен халықаралық байқаулардың лауреаты Жақсыкелді Маясаров ұлттық нақышқа бай дәстүрлі әндерді шырқап, халқымыздың өнерін паш етті. Ал дарынды скрипкашы, П.И.Чайковский атындағы халықаралық байқаудың лауреаты Ақбике Алғи Джон Уильямстің «Шиндлер тізімі» кинофильмінен алынған «Жоғалған жұмақ» шығармасын орындап, тыңдармандарды толқытты. Айта кетейік, танымал композитор холокост кезінде мыңнан астам польшалық еврейлерді өлімнен құтқарған Оскар Шиндлер жайлы осы фильмге музыка жазғаны үшін «Оскар» мен «Грэмми» сыйлығын қатар алған.
Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, солистер Азамат Жылтыркөзов пен Бибігүл Жанұзақ театрдың хоры және симфониялық оркестрімен бірге Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан «Тойбастарды» орындап кештің көрігін қыздырса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Жарқымбаева Дж.Каччинидің музыканттардың мәңгілік шабытына айналған Ave Maria шығармасын ұсынды. Халықаралық байқаулардың лауреаты Елена Ганжа «Бикеш тоғайда серуен құрды» атты поляктің халық әнін тамылжытып шырқап, жұртшылықты жылы әсерге бөледі.
Сонымен қатар аталған театрдың бас хормейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтың жетекшілігімен «Астана Опера» хоры П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан «Шаруалар хорын» тарту етсе, ал «Астана Опера» балалар хоры Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершін» туындысын нақышына келтіре орындап, бейбітшілікті дәріптеген әннің байрағын биікке көтерді. Сондай-ақ домбырашылар ансамблінің «Күй шашу» попурриі, М.Абдудың Aqrab El Nas-ын ұсынған «Астана сазы» ансамблі мен оркестрінің шығармалары да шынайылығымен тәнті етсе, «Астана Балет» театрының «Арулар шеруі» мен республикалық академиялық корей театрының «Самбук» хореографиялық композициясы да көрермендерді бейжай қалдырмады. Әсіресе «Мәңгілік ел», «Әдемі-ау», «Контраст», «Вайнах», Корей театры секілді бес би ансамблі бірігіп қойған «Бірлігіміз – әралуандықта» хореографиялық композиция – осы концерттің негізгі символына айналды.
Әсем сазды кеш соңында сахнаға қазақ өнерін әлемге танытып жүрген дарынды әнші Димаш Құдайберген шығып, ол музыкасын өзі жазған The story of one sky атты әнін кең тынысты көркем дауысымен шырқап, концертке келген қауымның ыстық ықыласына бөленді. Қысқасы, мазмұнды бағдарламаға толы музыкалық кеш мәртебелі қонақтардың алдында қазақтың ғана емес, елімізде тұрып жатқан барлық халықтың өнерін асқақтатты.