Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының съезі – Қазақстанның аса маңызды бастамасы. Бұл – діндер және өркениеттер арасындағы шиеленістерді сабасына түсіруге себепші болатын дуалы ауыз дін басшыларын біріктіретін бірегей форум. Қазіргі әлемдегі рухани және моральдық құндылықтарды нығайтудағы діннің, білім мен діни ағартушылықтың рөлі, бейбіт қатар өмір сүрудегі діни лидерлердің қосар үлесі тәрізді ортақ мәселелер негізінде құрылған диалог өзара ынтымақтастықтың келешегін кеңінен ашып, қазіргі заманның зорлық, фанатизм, экстремизм және лаңкестік тәрізді жағымсыз көріністерін еңсеруге түрткі болады.
Астанада бұған дейін өткен Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының съездері тәуелсіз Қазақстан тарихында ғана емес, әлемдегі аса ірі халықаралық іс-шаралардың бірі болды. Бұл съездер Қазақстанның дінаралық сұхбат үдерісіне қосқан қомақты үлесі болды және төзімділік, өзара түсіністік пен ынтымақтастық қағидаттарын нығайтуда әлемдік қауымдастықтың алдында айрықша орын алды. Форумдардың сәтті өтуі Қазақстанға үлкен саяси дивидендтер әкеледі, қазіргі заманның аса өзекті проблемаларына жауап бере алатын мемлекет ретінде халықаралық аренадағы еліміздің беделінің артуына себепші болды.
Дүниежүзілік діндер съезіне ұқсас іс-шараны XIII ғасырда Қарақорымда Шыңғысханның өткізгені туралы деректер тарихнамада кездеседі. Дегенмен, дінаралық сұхбат мәселесі соңғы жүз жылдықтарда өзекті түрде көтеріле бастады. Христиандар мен мұсылмандардың алғашқы ресми кездесуі 1970 жылы 20 желтоқсанда Ватиканда жүзеге асты. Конфессиялар арасындағы келесі бір маңызды іс-шаралар 1972 жылдың 18 шілдесінде Ливандағы ислам-христиан кездеуінде, 1974 жылдың 9-15 қыркүйегінде Кордовадағы ислам-христиан конгресінде, 1974 жылдың 11-17 қарашасында Тунистегі христиан-ислам коллоквиумында, 1986 жылы Италияның Ассизи қаласында экумендік бата жасауға көптеген дін өкілдерінің жиналуы діндер арасындағы сұхбатқа жол ашты. Ал Әлемдік және дәстүрлі діни конфессиялардың Бүкілдүниежүзілік съездерінің елордада өткізілуі осы дінаралық сұхбатты одан әрі дамыта түсті және бұл үдеріске әртүрлі дін өкілдері мекен ететін біздің еліміз де белсене араласты.
Осындай халықаралық және жергілікті форумдарда дінаралық сұхбат мәселесінің көтеріліп, талқылануы қазіргі әлемде діннің өте маңызды рөл атқаратынын, діннің ізгілік пен бейбітшілік негізінде адамдар мен қоғамды топтастыра алатынын, діннің заман талаптары мен қауіптеріне лайықты жауап бере алатынын, діннің адамгершілік мәдениетті көтеретінін, дінаралық келісімнің игілік екенін мойындауға әкеледі.
Бахытжан САТЕРШИНОВ,
профессор, философия ғылымдарының докторы