• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Қыркүйек, 2022

Геологиялық музей ашылады

539 рет
көрсетілді

Павлодар география үйі қоғамдық бірлестігінің белсен­ділері болашақ геологиялық музейге жәдігерлер жинау мақсатында өңірде жүргізген арнайы экспедициясын аяқтап қалды. Алдағы уақытта жүздеген минералдар, тау жыныстары мен өзге де пайдалы қазбалардың үлгілерін музейден тамашалауға болады.

Жалпы, бұл жоба ERG (Еуразиялық Топ) құра­мындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауы­ты мен «Павлодар» ӘКК» АҚ қолдауымен жүзеге асып отырғанын айтып өтейік. Қоғам белсенділері қа­зіргі уақытта жи­налған үлгі­лерді жүйелеуге кірісті. Геоло­гиялық музей Ертістің Пав­лодар өңірінің табиғи байлығын көпшілікке насихаттап, аймақтың шикізаттық әлеуетін паш етпек. Бұл арқылы өңір тұрғындары мен сырттан келетін қонақтар өлкеміз туралы танымын кеңей­тіп, көпшіліктің эколо­гиялық мәде­ниетін арттырады деп күтілуде.

– Музейге қойылатын үлгілерді 2014 жылдан жинай бастаған едік. Осы уақыт ішінде әлемнің әр түк­пірінен 150-ге жуық жәдігерді жи­­нап үлгердік. Одан соң біздің өңір туралы толыққанды экспозиция ұйым­дастыруды мақсат еттік. Павлодар облысында қосымша экспедиция жүргізу керек болды. Ақсу ферроқорытпа зауыты біздің бастамамызды қолдады, – деп атап өтті география үйінің директоры Александр Вервекин.

Бірлестік мүшелері жоспар­лан­ған он экспедицияның тоғы­зын өт­кізді. Аймақтың түрлі кен орындары зерттеліп, халцедон псевдос­та­лак­титтері, кальциттер, кварциттер, дала шпаттары, мүйізалдамыш, мыс көгі, везувиан-пироксениттік родингиттер, ағаш және мүк опалдары, друза және кварц кристалдары жиналды. Май ауданындағы «Қалмаққырылғанның» гранитті алқаптарынан раухтопаз бен флюориттің хрусталь тәрізді өзегінің жарқын және қызықты үлгілері табылды. Арасында лампрофир-порфирит және долерит те бар. Осылайша, болашақ музей жәдігерлерінің жалпы саны қазірде үш жүзден асып отыр.

Жаңа музей алдағы қараша айын­да ашылады деп күтілуде. Айтып өтейік, география үйінде бұған дейін этно­графиялық музей, қоғамдық гео­­гра­фия­лық кітапхана және «Жұр­бай» жас өлкетанушылар клубы құ­рыл­ған.

 

Павлодар облысы