• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 15 Қыркүйек, 2022

«Сбербанк» нағыз берекеге айналса игі

355 рет
көрсетілді

Батыс санкциясына ұшырап, қызмет ету мүмкіндігі айтар­лықтай тежеліп қалған «Сбербанк Қазақстан» еншілес банкін «Бәйтерек» холдингі сатып алды және банкке басқа атау берілді. Қаржы институты бұ­дан былай «Береке банк» деп ата­лады. Ал бұған дейін «Альф­а-Банк» атанған қаржы ұйы­мы­на бірнеше ай бұрын Eco Center Bank атауы берілген еді. Атал­ған қаржы институты да «Банк ЦентрКредитке» біржола жұтылды.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың айтуынша, меншік құқығына көшу бойынша транзакция 1 қыркүйекте жабылған. Енді, міндетті түрде ребрендинг болады.

«Жаңа банк Bereke Bank деп аталады. Бұл қазақша жақсы сөз – бір-бірімізге тілейміз. Меніңше, бұл қаржы институтының осыған дейінгі атқарған құндылықтары мен талпынысына сай келеді және келешекте де жалғасады деп үміттенеміз», дейді Қ.Шарлапаев. 

Бұл туралы Қазақстан қор биржа­сының (KASE) ресми сайтында да жарияланды. Сондай-ақ директор­лар кеңесінің мүшелері – Наталья Авдеенко, Тимур Козинцев және Михаил Мошиашвилидің өкілет­тіктері мерзімінен бұрын тоқта­тылған. Олардың орнына үш жаңа адам келді – Қанат Шарлапаев, Әділ Мұха­меджанов және Ерсайын Хамитов. Үшеуі де «Бәйтерек» өкіл­дері. Директорлар кеңесінің бұрынғы мүшелерінен тек Асқар Елемесов пен Мағжан Мәдиев ғана қалды.

Еске салайық, биыл 2 қыркүйекте «Бәйтерек» ҰБХ мен Сбербанк тобы қазақстандық еншілес банктің 100 пайыз акция пакетін сатып алу-сату мәмілесін аяқтаған еді.

«Мәміле өзара қолайлы шарттарға негізделді және реттеушіден қажетті мақұлдауларды алды. Банк клиенттер алдындағы өзінің міндеттемесін орындауды жалғастырады және банк өнімдері бойынша барлық шарт қазіргі клиенттер үшін өзгеріссіз қалады. «Бәйтерек» холдингі еліміз­дің қаржы жүйесі үшін банктің үлкен маңызға ие екенін бағалайды. «Сбербанк Қазақстандағы» өзіндік заманауи инфрақұрылым мен технология қызметті жалғастыруға және экономиканың нақты секторын қар­жыландыруға мүмкіндік береді. Мәміле арқылы банк белсенді операциялар көлемін, депозит тартуды және төлемдер жүргізуді, сондай-ақ халық пен бизнес үшін өнімдер мен қызметтерді дамытуды толық көлемде қалпына келтіреді», деп хабарлады «Бәйтерек» ҰБХ.

Қ.Шарлапаевтың айтуынша, санкциялар алынғаннан кейін Bereke Bank шетелдік инвесторға сатылуы, сату процесінің 18 айға созылуы мүмкін.

«Холдингтің басты міндеті – бұрынғы «Сбербанк Қазақстанның» қызметін қалпына келтіру, сосын сату. Жұмыс режімі қалыпқа келуі үшін қажетті жағдай жасалады. Мұның тек менің шешімім емес екені түсінікті. Бірақ қаржы нары­ғын­дағы ойыншылар арасында үлкен бәсеке тудыру үшін шетелдік инвесторға беруді дұрыс деп санаймын. Бірінші кезекте банк SDN тізімінен шығарылуы керек. Бұл тізімде АҚШ азаматтарына бизнес жүргізуге тыйым салынған адамдар мен ұйымдар бар. «Одан кейін халықаралық төлем жүйелерімен, рейтингтік агенттіктермен, басқа да ірі контрагенттермен қарым-қатынас жасау әлдеқайда мүмкін болады», дейді «Бәйтерек» басшысы.

2022 жылдың 11 шілдесінде АҚШ Қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) «Сбербанктің» мәміле жасау мерзімін 2022 жылдың 12 шілдесінен 2022 жылдың 11 қазанына дейін ұзар­татын лицензияны жариялаған еді.

Осыған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова банкті толықтай орнықты және төлем қабілетіне ие деп мәлімдеді. «Банкке қосымша капиталдандыру берілмейді, жағдайы орнықты. Капиталы жеткілікті болғандықтан, төлем қабілеті бар. Оның өтімді актив­тері және қарыз портфелінің сапасы өте жоғары. Банкті сатудың негізгі себебі – Сбербанкпен операция жасауға мүмкіндік беретін бас лицензияның күші 12 қазанда бітеді. 12 қазаннан кейін банк SDN тізіміне енеді. Бұл тізімге енген ұйымдардың операция жүргізу мүмкіндіктері шектеледі. Осыған байланысты банкті SDN тізімінен шығару үшін ресейлік акционерлер банкті сатуға шешім қабылдады», деді М.Әбілқасымова.

Батыс санкциясына ұшыраған тағы бір еншілес банк – «Альфа-Банктің» атауы Eco Center Bank болып ауысқаны және «Банк ЦентрКредиттің» сатып алғаны белгілі. Жақында Eco Center Bank өз қызме­тінің толықтай тоқтатылғанын мәлім­деді. Мұндай шешім банк акцио­нер­лерінің жиналысында қабылданған.

«Eco Center Bank» АҚ-ның («Банк ЦентрКредит» АҚ ЕБ) құ­қық­­­тық мирасқоры ретінде «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Eco Center Bank» АҚ-ның («Банк ЦентрКредит» АҚ ЕБ) бар­лық мүлкін, құқықтары мен мін­дет­­терін, сондай-ақ оның барлық кре­­ди­­торына қатысты барлық құ­қық­­­тары мен міндеттемелерін беру ту­­ра­­­лы өткізу актісі бекітілсін. «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Eco Center Bank» АҚ («Банк ЦентрКредит» АҚ ЕБ) «Eco Center Bank» АҚ («Банк ЦентрКредит» АҚ-ның ЕБ) «Банк ЦентрКредит» АҚ қосылуы нысанында ерік­­ті түрде қайта ұйым­дас­тырылуы шең­­б­ерінде қайта құрылуы мүмкін», делін­­ген қор биржасының хабарламасында. 

Санкция салынған тағы бір енші­лес банк бар, бұл – «ВТБ Қазақстан». Бірақ салынған санкцияға қарамастан, аталған қаржы институты Қазақстан нарығындағы жұмысын жалғасты­рып жатыр. Бұған дейін Ресейдегі бас ВТБ Қазақстандағы еншілес компаниясына қосымша капиталдандыру жасаған еді.