• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 15 Қыркүйек, 2022

Алма бақты да сақтандыруға болады

288 рет
көрсетілді

Елімізде сақтандырудың жаңа бағдарламалары басталып, оның аясында алма бақтарын сақтандыру қолға алынбақ. Мамандардың айтуынша, агросақтандырудың жаңа бағдарламалары бау-бақша шаруашылығындағы қауіпті азайтады. 2021-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы шеңберіндегі негізгі міндеттердің бірі – отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен, оның ішінде алма өндірумен қамтамасыз ету.

Ауыл шаруашылығы министр­лігінің хабарлауынша, сақтандыру өнімдері өндірісті жүргізу ерекше­лігіне байланысты интенсивті және жартылай интенсивті алма бақтарына арналған. Интенсивті және жартылай интенсивті бақтарда өсірілетін алма ағаштарын отырғызғаннан кейін үшінші жылдан бастап (екі қыстаған соң), сонымен қатар ішкі және сыртқы нарықтарда жаңа терілген күйінде өңдеуге жіберу үшін алма жемісін сақтандыруға болады.

«Алма бақтарын (ағаштарын) сақтандыру бұршақ, өрт, қатты жел, қыста үсік шалу, көктемгі және күзгі үсік шалу, найзағайдың түсуі, шамадан тыс қар жауу немесе бұтақ қабығының мұздан зақымдануы, жабайы жануарлардың зиян келтіруі немесе жоюы, белгісіз тұлғалардың заңды немесе заңсыз әрекеті сынды тәуекелдің түр-түрін қамтиды. Бұл өнім бойынша сақтандыру тарифі – 0,8 пайыз, сақтандыру кезеңі – осы жылдың 1 қарашасынан келесі күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін. Алма жемісін сақтандыру көктемгі үсіктен, бұршақтан, қатты желден, өрттен, найзағайдың түсуінің, зиянкестер мен аурулардан егінге келетін шығыннан, белгісіз тұлғалардың заңды немесе заңсыз әрекеті сияқты қауіптен сақтайды. Бұл өнім бойынша сақтандыру тарифі – 11,2 пайыз, сақтандыру кезеңі – 15 сәуірден 15 қазанға дейін, егер өнім 15 қазанға дейін жиналса, уақыты­н­ан кешіктірмеу қажет», делінген ведомство хабарламасында.

«Аграрлық несие корпорация­сы» АҚ басқарушы директоры Ерлан Молдашевтың айтуынша, бұл сақтандыру, әсіресе Алматы, Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін қолжетімді. Бақтарды осы жылдың 31 қазанына дейін сақтандырып үлгеру қажет. Сақтандыру бағдарламалары бойынша сақтандыру сыйақысының 80 па­йызы субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау есебінен төленеді, яғни фермер сақтандыру полисі құнының 20 пайызын ғана төлейді.

Бағбандық бойынша сақтандыру өнімдерін Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігінің лицензиясы бар «Jusan Garant «СК» АҚ сақтандыру компаниясы енгізген. Бұған әлемдік сақтандыру нары­ғында «А» рейтингісі бар Swiss Re халықаралық қайта сақтандыру компаниясы тартылды. Отандық компания өзіне алатын тәуекелдерді қайта сақтандырады. Бұл сақтандыру жағ­дайы туындаған кезде кепілден­дірілген төлемді қамтамасыз етеді.

Басқа сақтандыру компаниялары өсімдік және мал шаруашы­лығын­дағы бұрын әзірленген өнім­дерге ұқсас сақтандырудың осы түріне қосыла алады. Бұл ретте сақ­тандыру компаниялары алма бақ­тарына арналған басқа да өнімдерді әзірлеуге құқылы.

Айтпақшы, сақтандыру рәсімін мобильді қосымша арқылы жүргі­зуге мүмкіндік бар. Шарт жасасудан төлемге дейінгі барлық рәсім ақпараттық цифрлық платформада жүргізіледі.