Павлодар қаласындағы көпқабатты баспаналардың 90 пайызы жылуға қосылуға дайын деп мәлімдеді жергілікті тұрғын үй инспекциясы. 15 қыркүйектен әлеуметтік нысандар, ал келесі аптада тұрғын үйлер орталық жылу желісіне қосыла бастайды. Дейтұрғанмен, кейбір үйлер оған қосылуға әзір болмай шықты. Мәселенің туындауына ортақ мүлікті басқарудың жаңа формаларына көшу түрткі болып отыр.
Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) немесе қарапайым серіктестікке (ҚС) көшу жұмыстары өңірде баяу жүргізіліп жатқаны байқалады. Жыл соңына дейін облыс бойынша басқарудың жаңа формасына 2 214 көппәтерлі үй өтуге тиіс деген жоспар бар еді. Алайда осы уақытқа дейін 1 375 нысан ғана жаңашылдыққа енген баспаналар тізіміне тіркеліпті. Оның небәрі 151-і ғана МИБ, өзгесі – қарапайым серіктестіктер. Екібастұз бен Ақсу қалаларында өзгеріске бейімделу бойынша тұрғындардың таңдау көрсеткіші жоғары. Аудандардағы санаулы көпқабатты баспаналар толық көшкен. Негізгі мәселе Павлодардағы үйлерге қатысты болып отыр.
Павлодар қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Рашитов бұл түйткілдің өзіндік себептері барын айтады.
– Шаһардағы көпқабатты үйлердің басым бөлігінде зейнеткерлер тұрады. Біз қаладағы жаңа басқару түрлеріне өткен үйлердегі тарифті шаршы метріне 29 теңге деп ұсындық. Мәселе былай, алдағы уақытта облыстық мәслихаттың қарауына тарифтің 3 түрін жібердік: 29 теңге – ең төменгі тариф, 35 теңге – орташа тариф және ең жоғары тариф – 50 теңге. Үйлер жаңа болса, тариф төмен, ал ескі болса қымбаттай береді. Жоба әзірше қабылданған жоқ. Павлодардағы көпқабатты баспаналардың басым бөлігі өткен ғасырдың 60-80 жылдары салынған. Бұл пәтерлерді мекендеп жатқан зейнеткерлер тариф бағасын аталған межеден де өсіріп жібере ме деген қауіппен жаңашылдыққа келіспей отыр. Осы арада нақты ескеретін жағдай, үйдің барлық тұрғыны ақылдасып, тарифті өздері белгілейді. Ал сервистік компаниялармен қызмет көрсету шарттары жасалады. Яғни ай сайын жиналатын қаражатқа фирмалар тұрғын үйдің коммуналдық желілерін қалыпты ұстауға жауаптанады, – деп түсіндірді инспекция басшысы.
Жоғарыда келтірілген статистикадан үй иелері көбіне қарапайым серіктестік түрлерін таңдап жатқанын байқаймыз. Неге бұлай?
Нұрлан Нұрғалиұлы қарапайым серіктестік (ҚС) дегеніміз – заңды тұлға құрмай, пәтерлердің барлық иесі тікелей бірлесіп басқару түрі екенін айтады. Ал МИБ-те міндетті түрде заңды тұлға керек. ҚС бойынша сайланған адамға үй иелерінің біраз бөлігі сенімхат берсе жетіп жатыр. Ол жеке жинақтаушы есепшот ашып, сол арқылы әрекет ете береді. Сондықтан ҚС-ны жиі таңдау себебі сол екен. Дегенмен кемі үш адамнан тұратын «үй кеңесі» құрылуы міндет. Барлық қаржылық мәселені солар шешеді. Қазіргі күні облыс орталығында 43 МИБ, 730 ҚС бар.
Тұрғын үй қатынастары туралы заңға енгізілгелі отырған өзгерістер алдағы уақытта көпқабатты баспаналарды басқарудың формасы бойынша үш түрге жіктемек. Егер тұрғын үйдегі пәтерлер саны 30-дан асса, онда ол жерде МИБ құрылуы шарт. Пәтер саны 30-дан көп болмаса – серіктестіктер, ал барлық пәтер саны 29-дан аспаса, үй иелерінің қауымдастығы құрылады. Қауымдастық – ең қарапайым түрі, бұл жерде ешқандай есепшот ашудың, жеке тұлға сайлаудың қажеті жоқ. Тұрғындар қажет кезде ақылдасып, мәселені ортақ келісіммен шешеді. Аталған өзгерістер қабылданса, барлық үй трансформациялануға тиіс.
Инспекция басшысы бүгінде Павлодардағы көпқабатты үйлердің 90 пайызы (1 129 үй) жылу беруге дайын деп мәлімдеді. Басқарудың жаңа түріне өткен кейбір үйлер мен сервистік компаниялар арасында біраз келіспеушіліктер туындап, салдарынан кестеден кешігушілік орын алған. Мысалы, Катаев көшесіндегі бірқатар үй «Әлем» сервистік компаниясына ақша төлеп келгенімен, ол дайындық шараларын мүлде жүргізбеген. Қазір фирманың басшысы ауысып, жауаптанған жұмыстар қолға алынуда, деп сендірді Нұрлан Рашитов.
Негізі, облыстық мәслихат 2020 жылы қабылдаған жаңа қағидаларға сәйкес, үйдің жылуға дайын екендігі туралы акті бұдан былай қажет емес. Пәтер иелері инспекцияға үйдің жаңа маусымға дайын болғаны туралы хабарлауға ғана міндетті. Өз кезегінде мемлекеттік мекеме «Павлодар жылу желілері» ЖШС-на дайындық көрсеткіші туралы хат жібереді. Алайда құр хабарламаға сеніп отыра беру біраз тәуекел туындатуы мүмкін. Сондықтан жылу желілеріне жауап беретін кәсіпорын жүйелердегі қысымды реттеу, үйдің ішкі жылу құбырлары мен тораптарды, су жылытқыштарды шаю сияқты шаралардың міндетті түрде жүзеге асуын қадағалайды. Содан соң ғана нақты дайын екендігіне көз жеткізеді.
«Басында біз барлық дайындық жұмысын үй иелерінің өз жауапкершілігіне беріп қойып, бақылаудан айырылып қаламыз ба деп қорықтық. Сондықтан «Павлодар жылу желілеріне» қадағалау шараларын ұйымдастыруы керек екендігін міндеттеп қоюға тура келді. Тұрғындар ортақ мүліктердің дұрысталуын, мысал үшін подъезді жылыту үшін терезелерді бүтіндеу, жылу батареяларын қою секілді дайындық шараларын жүргізе береді. Ал техникалық жағдайын бәрібір жылу беруге жауапты компаниялар назарда ұстауы керек деп ұйғардық. Ең бастысы, үйлердегі жылу тораптары мен ортақ құрылғылар сынақтан сәтті өтсе болғаны», дейді инспекция жетекшісі.
Атап өтейік, бүгінде облыс орталығында 130 пәтер иелері кооперативі әлі де жұмыс істеп тұр. Оларды трансформациялау алдағы жылдың еншісіне қала беретіндей.
ПАВЛОДАР