Қаратал ауданына қарасты Қарашеңгел ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл өзі талай жылдан бері өңірдегі толғақты мәселенің бірі еді. 1926 жылы іргетасы қаланған ескі мектептің тозығы жетіп, оқушылар әр ғимараттың босағасын сығалап жүрген-ді. Енді, міне, өздерінің жеке-дара білім ошағы бар.
Биыл 15 мұғалім еңбек ететін мектеп табалдырығын 7 бала аттады. Жалпы, орталау мектепте 41 оқушы білім алса, мектепалды даярлық тобына 5 оқушы барады. Былтыр мектепті 3 оқушы тәмамдап, оның бірі үздік аттестатпен бітірген. Шағын ғана ауыл дегеніміз болмаса, заманында Қарашеңгел ауылының қара шаңырағы талай марғасқаларды түлеткен киелі орда.
Жаңа мектеп қайырымдылық көмек қорының есебінен салынды. Ішінде спорт залы, асханасы, сынып бөлмелері бар шағын мектептің құрлысын АВSK Building Company ЖШС жүргізді. Қайырымдылық қордан жаңа мектептің құрылысына 45 млн теңге бөлінген.
Жаңа білім ошағының ашылу рәсімінде Қаратал ауданының әкімі Ерлан Исабеков сөз сөйлеп, ауыл тұрғындары мен балаларды құттықтады. Одан кейін ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, есігін айқара ашқан білім ошағының лентасын қиды. Ішін аралап көрген қадірменді қонақтар мен аудан басшылары мектеп табалдырығын аттаған балдырғандардың сабағына қатысып, олардың таудай талабына ақ жол тіледі.
Жетісу облысы