• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Қыркүйек, 2022

Бөденемен шаруасын дөңгелеткен

415 рет
көрсетілді

Арқ­а­дан Жетісуға ат терлетіп келген Азамат Абыроев жер жәннатынан сүй­ге­німен қатар, сүйікті ісін де тапқан. Жергілікті жұрт қарағандылық жігітті ба­уырға басып, кәсібін ілгерілетуге жәрдемдесіпті. Бүгінде оның бүтін қаланы қам­та­­масыз етуге қауқарлы бөдене шаруашылығы бар. Оған қоса қыстай жылы­жай шаруашылығымен айналысады, ал келіншегі жылыжай жемістерінен түр­лі тағам дайындайды.

Ерінбеген адам кез келген кәсіпті шыр айналдырады. Сарқан ауданына кел­генде жаңа тынысы ашылған Аза­мат­тың іскерлігіне маңайдағы жұрт тамсана қарайды. Неге тамсанбасын, мұндағы халықтың ойына келмеген сан алуан істің тетігін тапқан талапты жас тұрғындарды жұмыспен де қамтамасыз етіп отыр. Әлеуметтік желіден көргенін үйде қайталап көруге құштар кәсіп иесі бө­денеден бөлек бал арасын да баптайды. Былтыр оның омартасында 23 ара ұясы болса, биыл оның саны 50-ге жеткен. Алдағы уақытта ара ұясын 200-ге жеткізу жоспарында бар. Бал технологиясын толық меңгерген соң бұл кәсіп түрін одан әрі дамытуға бейіл. Қазір кәсіпкер бөдене шаруашылығына мұқият зер салып отыр, тіпті әңгімесінің бәрі алақандай ғана құстың қызығы жайында.

Бұл іске шағын ауылға қоныс аудар­ған­нан кейін келген. Жас отбасы әуелде Алматыны паналап, үлкен шаһардан жұмыс іздейді. Алайда Жетісудың тұмса та­би­ғатын тамашалаған соң, қалаға қайт­қысы келмейді. Қазір отбасылық шағын шаруашылықта күніне 1 мың жұмыртқаға дейін өнім алынады. Жыл соңына дейін фермер бөдене санын ұлғайту арқылы оның көлемін 10 мыңға жеткізуді жос­парлап отыр.

«Қарағандының тумасы болғандықтан жоғары оқу орнын да сол жақтан бітірдім. Ал жұбайым Сарқан ауданының Қарғалы ауы­лында туып-өскен. Ауылға 2019 жылы көшіп келдік, осында келгелі жа­ңа тынысым ашылғандай. Ауа, азық-түлік таза, балалар еркін. Бірақ мұнда қарап жатпай, жұмыс істеу керек. Тәжіри­бе жүзінде көз жеткізгеннен кейін дие­та­лық ет пен жұмыртқа өте пайдалы екенін біліп, бөдене өсіруді қолға алдым. Туысымыз осы бөдене арқылы денсаулығын жақсартты. Бұрын ауыл шаруашылығын жете білмейтінмін. Кейін бәрін интернеттің көмегімен үйрендім. Былтырдан бастап ара шаруашылығымен де айналыса бастадым. Жылыжайымыз бар, қызанақ, қияр, көк шөптер өсіреміз», дейді А.Абыроев.

Қазір Азаматтың шағын фермасында 1 мың бөдене бар. Инкубаторға ша­мамен 7 500 жұмыртқа салынған. 17 күннен кейін балапан жарып шыға бас­тайды, шамамен қырқыншы күні ана­лық­тары жұмыртқаласа, қырық бесін­ші күнге қарай аталықтары сойыла бастайды. Бастапқы кезде 3 500 құс болған. Экологиялық таза еттің 1 килосын Азамат 3 500 теңгеден сатады, 1 жұмыртқаның құны – 25 теңге.

Азамат жергілікті фермерлердің арқа­сын­да құс азығы мәселесін шешіп алды.

«Бұрын Ресейде өндірілетін дайын азықты алуға мәжбүр болдым. Бұл қал­та­ға едәуір салмақ салатын. Қазір ши­кі­затты жергілікті фермерлерден сатып алып, құрама жемді өзім дайындаймын. Жақында тағы 100 тоннаға тапсырыс бердім», дейді ісін жаңа бастаған кә­сіп­кер.

Қазір фермер күніне 1 мың жұмыртқа алады, жыл соңына дейін құс санын 10-15 мыңға дейін көбейту арқылы жұ­мырт­қа көлемін 10 мыңға дейін жет­кізуді жоспарлап отыр. Өнімді өткізу мәсе­лесі де шешілді. Алматыдағы сауда нүк­тесімен келісімге отырған, онда бө­дененің жұмыртқасын, сондай-ақ мұз­да­тылған қалпындағы етін жібереді. Өнімді жергілікті тұрғындар да сатып алады.

Шағын ферма кеңейтіліп, ресми тір­кеу­ден өткеннен кейін Азамат нысан­ның іргесін одан әрі ұлғайтып, заманауи жабдықтар сатып алуды жоспарлап отыр. Ал әзірше кәсіпкер бөденеге торды өз қолымен жасап, Алматыда сатып алған инкубаторға арнап үй-жай салған. Ғажабы сол, келіншегі де Азаматтан қа­лыс­пайды. Бақшадағы, жылыжайдағы жұмыс негізінен соның мойнында. Бірақ Әйгерім оны ауырсынбайды, қайта өз еңбегінің жемісін көргеніне қуанады.

«Қияр, қызанақ, көк бұрыш, тәтті бұ­рыш өсіремін. Экологиялық таза өнім­дерімізді бірінші кезекте ауыл тұрғын­дарына сатамыз. Сонан соң Сар­қан қа­ла­сы­на жәрмеңкеге апарамыз. Жылы­жай­ды қолға алғанымызға екі жыл болды. Былтыр қызанақ, қияр, шөптің барлық түрін өсірдік. Қаңтар айы­ның суығында жерлестеріміз балғын көкөністерімізді сатып алды. Биыл қиярға баса назар аудар­сақ дейміз. Жылыжайда фитолампалар орнатып, тамшылатып суаруды қол­данамыз», дейді Ә.Абыроева.

Жас кәсіпкер Әйгерім Абыроеваның ма­ман­дығы – экономист. Жуырда «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, қайтарымсыз грант алу үшін өз жобасын қорғап шықты. Енді отбасымен конкурс нәтижесін күтіп отыр.

«Черкас ауылдық округінің әкімі үнемі қолдау білдіреді. Әзірге бізде 30 сотық жер бар. Негізінде шешімін таппай жатқан түйткілдер жоқ. Алайда туған ауылымда жол жөнделіп, медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарғанын қа­лаймыз, балаларды әзірге шағын орта­лық­қа апарып жүрміз, балабақша ашылса жақсы болар еді. Мүмкіндігінше халықты төмен бағадағы сапалы өніммен қам­тамасыз етуге тырысамыз. Бұл – отба­сылық шағын фермамыздың басты мін­дет­­терінің бірі», деп түйіндеді жас фер­мер.

Қазір Черкас ауылдық округінде жалпы ұзындығы 5 шақырым болатын облыстық және аудандық маңыздағы жол­дар жөнделіп жатыр. Көктемге қарай облыстық маңыздағы Қойлық – Қарғалы арасындағы жолдың 10-24 шақырымдық учаскесінің орташа жөндеуі аяқталады. Бұл жолдың көп бөлігі ауыл ішімен өтетінін атап өту керек.

Ауылда жеке кәсібін ілгерілеткен Аза­мат­­тың еңбекқорлығы елге үлгі. Ол мем­лекеттің қолдауынсыз-ақ сүйік­ті ісінен пайда табуға болатынын дәлел­де­гендей. Жігерлі жастың еңбекке құмар­лы­ғы сондай, әлі де көптеген шаруаның басын қа­йыруға белсеніп отыр.

«Отбасыммен бірнеше жыл ме­га­по­лис­­те тұрдық, тынымсыз жұмыс істе­дім, пәтерді жалға алып тұрдық, ақша жетпейтін. Ауылға көшкенім дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Ақырындап аяққа тұрып келеміз. Балаларға да ұнады, денсаулықтары шыңдалып, тәрбиелері жақсарды. Әрине, мегаполисте тұрудың өз артықшылықтары бар, әсіресе онда медицинаның сапасы жақсы. Бірақ мен осы жақтан өзімді таптым, жермен жұ­мыс істеген, фермерлікпен айналысқан ұнайды. Өзімнің шағын бизнесімнің барлық сатыларын алдын ала ойластырып, ұзақ мерзімге бизнес жоспар жасап, оны іске асыруға барынша тырысамын. Еңбек етсең, жұмыс кез келген жерде та­бы­лады, бар күш-жігеріңді салсаң, жақсы табыс табуға болады. Ең бастысы, ерін­беу керек, шыдамдылық танытып, айналысатын ісіңді жақсы көрсең нәтижесі де көп күттірмейді», дейді ол.

Қазір шағын отбасылық шаруа­шы­лық­та ауылдың 7 азаматы жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақылары – 90-100 мың теңге. Кәсіпкер олардың бәріне істің мән-жайын өзі үйретеді. Ауылдық округтің қоғамдық өміріне белсене араласып, жерлестеріне барынша көмектесуге тырысады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қыз­метінің ақпаратына сүйенсек, Сарқан ауданында өткен 7 айдың қорытындысы бо­йынша ауыл шаруашылығында 17 071,4 млн теңгенің өнімі өндірілген. Нақты көлем индексі – 104,5 пайыз, яки 1 485,0 млн теңге инвестиция тар­тыл­ған. Экспортқа 508,577 тонна ауыл шаруашылығы өнімі шығарылды, соның ішінде дәрілік шөптер, арпа мен тары да бар.

 

Жетісу облысы