• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мультимедиа 18 Қыркүйек, 2022

Медициналық сақтандыру тәртібі қандай?

583 рет
көрсетілді

Биылғы қыркүйек айынан бастап өзін-өзі жұмыспен қам­ти­тын­дар үшін медициналық сақтандырудың тәртібі өзгер­генінен ел құлағдар. Ендігі жерде МӘМС-ке өздігінше ақша салып отырғандар төлемдерін алдағы бір жылға сақтандыра алатыны да айтылды. Яғни заңға енген өзгерістерге сәйкес бұдан былай сақтандыру жүйесіне қосылу үшін алдағы 12 айға жарна төлеуге болады.

Осының жай-жапсарын түсін­ді­ру үшін қыркүйек айының ба­сы­нан бері Алматыда екі бір­дей баспасөз мәслихаты өтіп, сақтандырылмаған пациенттер медициналық көмекті пайдалану үшін қыркүйек айынан бастап 2023 жылдың қыркүйегіне дейін жарна аудара алатыны мәлім бол­ған еді. Сол арқылы олар ал­дағы бір жылға өзін-өзі сақ­тан­дыру мүмкіндігіне ие болмақ.

Қазіргі таңда өз бетінше төлем жасаушылардың ай сайынғы жарнасы 3 мың теңгені құрайды. Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының басшысы Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда 3 млн-нан астам адам сақтандырылмаған.

Қыркүйек айының басында Тілеухан Әбілдаев: «Сақтан­ды­рылмаған азаматтар тәуекел тобына жатады. Өйткені олар кез­дейсоқ жағдайларды айтпа­ған­да, жоспарлы медициналық көмекті пайдалана алмайтын еді. Қа­зіргі өзгерістер осы ол­қы­лық­тарды реттеу үшін халық­тың сұранысы бойынша енгі­зі­ліп жатыр. Нәтижесінде, сақтан­ды­рыл­ма­ғандардың шамамен 30%-ы жаңа төлем түрін пайдаланады деген болжам бар. Сонымен қа­тар өткен айларға берешегі жоқ аза­маттар үшін МӘМС жарна­сын ай сайын төлеу құқығы сақ­та­лады», деген еді.

Осы арада оқырманға түсі­нікті болуы үшін бұған дейін сақ­т­андыру пакетіндегі қызмет­тер­ді пайдалану үшін дербес төлеушілер өткен 12 айдың жарнасын төлеуге міндеттелгенін еске сала кету керек. Мәселен, МӘМС пакетіндегі қызметтерді пай­далану үшін пациент биылғы қыркүйек айынан бастап 2023 жыл­дың қыркүйегіне дейін жарна аудара алады. Жалпы, жа­ңа механизм қалай жұмыс істейді? Бір жылға сақтандыру статусына ие болу үшін қанша уақыт кетеді? Осы аптада жаңа тәртіпке қа­тысты тұрғындар тарапынан тү­сіп жатқан сауалдарға МСҚ Ал­маты филиалының өкілдері жауап берді. Негізінен алматы­лық­тар тарапынан түсіп жатқан сұрақтар легі төмендегідей.

– Мен соңғы 12 ай бойы МӘМС жарнасын ай сайын тө­леп келемін. Енді алдағы 12 ай үшін де төлеуім қажет пе? Әлде әрі қарай да ай сайын төлей бер­сем бола ма?

– Жарнаны әр адам өз қала­уын­ша төлей алады. Егер уақ­ты­л­ы төлеп жүрген болсаңыз, бұрынғыша ай сайын аудара берсеңіз болады. Сондай-ақ әр тоқсанға немесе бір жылға алдын ала төлеуге де мүмкіндік бар.

– Бұрын-соңды жарна төле­меген едім. Осы мүм­кін­дік­ті пайдаланып бір жылға сақтандырылуға бола ма әлде, өт­кен айлардың қарызын да өтеуім қажет пе?

– Бұл өзгеріс азаматтардың жүйеге қосылуына мүмкіндік беру мақсатында енгізіліп отыр. Сіз ағымдағы ай мен алдағы 12 айдың жарнасын қоса төлеген жағ­дайда 3 күннен кейін сақ­тандыру статусына ие боласыз.

– Жарнаны ара-арасында төлеп жүрдім. «Сақ­тан­ды­рыл­ған» деген мәртебеге ие болу үшін жарна төленбеген айларға қор­даланған қарызды өтеуім қа­жет пе? Әлде, бірден 12 айға жар­на төлеуім керек пе?

– Сіз жарна аударылмай қал­ған айлардың қарызын өтесеңіз сақ­тандыру жүйесіне қосыласыз. Төленетін қарыз мерзімі 12 айдан аспауға тиіс. Немесе алдағы бір жылға төлесеңіз де болады.

– Алдағы бір жылға жарна төлеп сақтандырылдым. Одан ке­йін жарна аудармасам ста­ту­сым­­нан айырылып қалам ба?

– Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерден басқа санат­тар­дың статусы соңғы жасалған жарнадан кейін 3 ай бойы сақталады. Бірақ бұл жарна төлеу міндетінен босатпайды. Үш айдан кейін өткен айлардың қарызы жабылмаса сақтандыру статусы жойы­лады.

– Сақтандыру жарнасы ең тө­менгі жалақы (ЕТЖ) мен айлық есептік көрсет­кіш­ке (АЕК) байланысты өзгеріп оты­рады. Келесі жылы Қазақ­стан­да ЕТЖ 70 мың теңгеге өседі деп хабар­лан­ды. Ендеше, өзін-өзі сақтан­ды­ратындар тө­лей­тін жарна мөл­шері де өзгере ме? Келер жылдың жарнасы қан­дай болмақ?

– Жарна мөлшері әдетте 1 қаң­тарда (белгілі бір қаржылық жыл­дағы мөлшер бойынша) бел­гіленеді. Қазіргі таңда өзін-өзі сақтандырушылар ЕТЖ-ның 5 па­йызын төлейді (60 мың тең­генің 5%-ы – 3 мың теңге). Яғни келесі жылдың жарнасын биыл төлейтін болсаңыз, жарна қол­­даныстағы мөлшер бойынша есептеледі. Мәселен, 2021 жылдың қарызын өтеу үшін 2 125 теңге төлейсіз. Себебі өткен жылы ЕТЖ 42 500 теңге болатын, оның 5%-ы 2 125 теңгені құрады.

– Мен бір жылға жарна төлеп, сақтандыру жүйесіне қос­ыл­дым делік, содан кейін же­ңілдігі бар санатқа енетін болсам төленген соманы қай­тарып алуыма бола ма?

– Жаңа талап бойынша бір жылға алдын ала төленген тө­лем­дер қайтарылмайды. Жал­пы, сақтандыру жүйесінде артық немесе қате төленген төлемдерді қайтарып алуға болады. Ол үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы» КеАҚ-қа барып өтініш жазу қа­жет.

– Мен бұған дейін жеңілдік сана­тында болдым. Алдағы бір жылдың жарнасын төлеуім қажет пе? Әлде, ай сайын төлей берсем бола ма?

– Міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру туралы заң бо­йынша Қазақстанның барлық аза­маты және ықтиярхаты бар ше­тел­діктер жарна төлеуге мін­дет­­­телген. Бірақ жарна төлеу тә­­сі­­лін әр адам өз қалауынша таң­­дайды. Статустан айырылып қал­­мас үшін жеңілдік санатынан шыққан айдан бастап жарна тө­лей бастасаңыз жеткілікті.

– Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлейтіндер бір жылға ста­тус ала ала ма?

– Бұл механизм өзін-өзі сақ­тан­­дырушыларға ғана арналған. Егер ол санатқа өткіңіз келмесе БЖТ төлемдерін ай сайын немесе жылдың соңына дейін төлеп тастауға болады. Өкінішке қарай, екінші деңгейлі банктер әзірге жиынтық 2023 жыл үшін БЖТ қабылдамайды. Себебі келер жылдан бастап БЖТ мөлшері өзгеруі мүмкін.

Салық кодексінің 774-бабы бойынша жиынтық төлемді консультациялық, маркетингтік, аудит, бухгалтерлік қызмет, сақ­тандыру, заң, әділет саласына қатысты қызмет көрсете­тін­дер, шетел азаматтары, жеке кәсіпкерлер, азаматтық-құқық­тық келісімшарт бойынша ең­бек ететіндер, коммерциялық жыл­­жы­майтын мүлікті жалға беру­шілер төлей алмайды.

Осы арада тоқтала кетуге тиісті маңызды мәселе МӘМС жүйе­сіндегі статусты телеграмм арнасындағы Сақтандыру бот (https://t.me/SaqtandyryBot) ар­қы­лы, fms.kz сайты мен Qoldau 24/7мобильді қосымшасы арқы­лы анықтауға болады. Төлем тура­лы ресми құжатты электрон­ды үкімет порталы eGov.kz бере­ді.

Жарнаны бірден 12 айға төле­ген кезде әр айға бөліп төлеу қа­жет. Сонымен қатар ЖСН, тө­лем жасалатын ай мен жылды қа­­­тесіз көрсету маңызды. Қате­ле­сіп бір айға бірнеше рет төлеп қой­саңыз немесе ЖСН дұрыс көрсетілмеген жағдайда ақшаны қайтару үшін «Азаматтарға ар­нал­ған үкімет» мемлекеттік кор­­­по­ра­циясына арыз жазу қа­жет. Жарнаны екінші деңгейлі банк­­тер, банктердің мобильді қо­сым­шалары, терминалдар немесе «Қаз­пошта» АҚ арқылы төлеуге болады.

Тағы бір қаперге салатын жайт, медициналық көмек сапасына қанағаттанбаған жағдай­да азаматтар емхананың пациент­тер­ді қолдау қызметіне жүгіне алады. Егер мәселені сол жерде шешу мүмкін болмаса, МСҚ-ның fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы шағым қалдыруға болады.

 

АЛМАТЫ