Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елдегі битум тапшылығын сөз етті. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті ұят жағдай. Мемлекет басшысы Үкіметке осы мәселені түбегейлі шешуді тапсырғалы бері қоғамның назары да осыған ауған секілді.
Битум негізінен жол құрылысына пайдаланылады. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы ғылым және жаңа технологияларды енгізу департаментінің директоры Нұржан Досаевтың айтуынша, жол құрылысында битумның алар орны ерекше. Оны үй құрылысында пайдаланылатын цементпен салыстыруға болады. Бір қарағанда үйдің құрылысына аса бір көп көлемде цемент жұмсалмайды. Бірақ оның беріктігі, яғни үйдің сапалы салынуы дәл осы материалға байланысты. Сол секілді битум да жол құрылысында аз көлемде қолданылғанмен, жолдың сапалылығын қамтамасыз етеді.
– Әлбетте, битум тапшылығы өте өзекті мәселе және бұл биыл ғана көтеріліп отырған жоқ. Бұл туралы жыл сайын айтылып келе жатыр. Сондықтан дәл қазір битум тапшылығын жоюға қатысты қолға алынған шаралардың барлығы белгілі бір деңгейде өз жемісін береді. Бірақ бұл аталған мәселе түбегейлі шешіледі деген сөз емес. Ресейден битум импорттау туралы да айтылып жүр. Мұның да қордаланған мәселені шешуде өзіндік пайдасы болары даусыз. Дәл қазіргі уақытта біз Ресейден битум импорттай алмай отырмыз. Осы орайда битум тапшылығынан бөлек, оның сапасына да көңіл аудару керек. Біздің орталық отандық жолдардың сапасын тексереді. Жол құрылысына пайдаланылатын материалдардың бәрі ұлттық сапа стандарттарына сәйкес келуі керек. Айталық, жол құрылысындағы битумның үлесі 5 пайызды ғана құрайды. Алайда жол сапасының 90 пайызы дәл осы битумға байланысты. Сондықтан бұған атүсті қарауға болмайды, – дейді Нұржан Досаев.
Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы былтыр 1 400-ден астам жол сынамасын алып, тексерген екен. Өкінішке қарай, соның 300-ден астамында битумның сапасы тиісті стандарттарға сәйкес келмейтіні анықталған. Сонда 35 мың тонна материал сапасыз салынған болып тұр. Сондықтан битумның сапасына да аса мән беру маңызды болып отыр.
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың дерегінше, биыл Қазақстанда 726 мың тонна битум өндіру жоспарланған. Соңғы сегіз айдың қорытындысы бойынша шамамен 600 мың тонна өнім өндірілген екен. Бұл ретте QazaqBitum компаниясы өндірістік жоспарды орындай алмай отыр. Себебі битум бағасының жоғары болуына байланысты жол құрылысымен айналысатын компаниялардан өтінім түспеген. Өйткені QazaqBitum оны гудрон деген импорттық шикізаттан өндіреді.
– QazaqBitum-дағы битум бағасы (тоннасына – 225 мың теңге) Ресей мен Беларусь елдерімен салыстырғанда (тоннасына – 200 мың теңгеге дейін) төмен. Отандық компанияның жұмыс орындарын қамтамасыз ететінін және қосылған құнды құрайтынын ескере отырып, QazaqBitum өндірістік қуаттарын пайдалану орынды деп санаймыз. Сондай-ақ Қазақстан Энергетика министрлігі мен Ресей Федерациясының келіссөздері нәтижесінде гудрон импортының көлемі 280 мың тоннадан 430 мың тоннаға дейін ұлғайғанын атап өткім келеді. Елдегі битумның жиынтық өндірісін жылына 1,2 млн тоннаға дейін ұлғайту жұмыс істеп тұрған зауыттарды қосымша тиеу есебінен мүмкін болмақ. Яғни CaspiBitum Қаражанбас мұнайын өңдеу есебінен жылына 500 мың тоннаға дейін (+ 94 мың тонна) өсіреді. Сондай-ақ Ресейден жеткізілетін гудронның есебінен жылына 374 мың тоннаға дейін (+ 200 мың тонна) ұлғайтуға мүмкіндік бар. Бұл үшін жол-құрылыс компанияларының өтінімдері қажет. Оның ішінде битумға сұраныс төмендейтін қысқы-көктемгі кезеңдегі өтінімдер маңызды, – дейді Энергетика министрі.
Ал «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда битум өндірісінің ең жоғары қуаты жылына 1,37 млн тоннаны құрайды деп сендірді. Бұл ретте биыл битум тұтыну көлемі 1,1 млн тонна болады деп күтілуде. Былтырмен салыстырғанда өсім – 15 пайыз. Өндіріс көлемі 952 мың тоннаға бағаланды. Өндірістегі тапшылыққа «ҚазМұнайГаздан» басқа зауыттардың өндіріс қуаты толық жүктелмеуі және тұтынудың маусымдық өсімі себеп.
– Жылдық мұнай өңдеу көлемі 921 мың тонна екенін ескере отырып, биыл 99 мың тонна мұнай өңдеу және 62 мың тонна битум өндіру мүмкіндігі жоғалып отыр. Бұл мысалмен жыл бойы битум өндірісі мен мұнайды тең жүктеу арқылы битум өндірісін арттыруға болатынын көрсеткіміз келеді. Мәселе жол-құрылыс компанияларының сатып алу мүмкіндігінің жоқтығында емес. Оларды қаржыландыру мен жол-құрылыс маусымынан тыс уақытта битум сатып алу мәселесін тиісті органдар шешуге тиіс. «ҚазМұнайГаз» жыл бойы битум өндіруге дайын. Оның үстіне, біз CaspiBitum мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін арттыру мәселесін зерттеуді бастап кеттік. Алдын ала техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу бойынша жұмыс басталды, – дейді М.Мырзағалиев.
Белгілі экономист Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша, елдегі битум тапшылығын жою үшін CaspiBitum зауытын жыл он екі ай жұмыс істейтіндей деңгейге жеткізу маңызды.
– Өкінішке қарай, CaspiBitum жыл бойы жұмыс істемейді. Негізі қысқы уақытта да битум шығаруға мүмкіндігі бар кәсіпорын. Жол құрылысымен айналысатын отандық компаниялар алдын ала битум сатып алуға қызықпайды. Салдарынан отандық зауыт қыста қаңтарылып тұрады. Өйткені CaspiBitum қыста өнімін ешқайда өткізе алмайды. Мемлекет басшысы битум тапшылығын жоюды тапсырды. Ол үшін CaspiBitum зауытының жыл он екі ай жұмыс істеуіне жағдай жасау керек. Алдымен осы мәселені реттеу маңызды. Жол құрылысымен айналысатын компаниялардың сатып алу қабілетін арттыру керек. Әдетте, жол салумен айналысатындар тендерді ұтып алғаннан кейін ғана, битум іздеуге кіріседі. Мұндай уақытта битум тапшылығы бірден байқалады. Егер жол салатын компаниялар тендерді бір емес, бірнеше жылға ұтып алса, оларда ертеңге деген сенім, тиісінше артық қаражат та болады. Битумға деген қажеттілікті де сезінеді. Сөйтіп, қыстың күні де битум сатып алуға талпынады. Битум сақтауға жарамды материал, одан оның сапасы өзгермейді. Оны асфальт төсейтін кезде қыздырып, кәдеге жарата беруге болады. Айтпағым, елдегі битум тапшылығы көп жағдайда осындай ұйымдастыру жұмыстарына тікелей байланысты. Сондықтан Үкімет мұның да тетігін табады деген ниеттемін, – дейді Ж.Құлекеев.
Қазақстанда битум тапшылығының қазіргі күннің басты мәселесіне айналуының бір себебі Ресейге салынған санкцияларда жатыр. Өйткені осы жылы Ресей Қазақстанға битум экспорттауды шектеді.
– Ресейдегі шетелдік компаниялардың дені өз жұмысын тоқтатып, бұл нарықтан кетіп қалғаны мәлім. Соның салдарынан көрші елде жұмыссыздық пайда болды. Ел Үкіметі жұмыссыз қалғандарды қалайда жұмысқа тартуға тиіс. Оның ең оңай жолы – жұмыссыздарды жол құрылысына тарту. Сондықтан қазір Ресей мәжбүлі түрде жол салуға басымдық беріп отыр. Жол көптеп салынғандықтан, битумға деген қажеттілік те артады. Осылайша, Ресей экспортты шектегендіктен, біздің елде битум тапшылығы орын алды. Мұндай факторларға тәуелді болмас үшін мәселені өз күшімізбен шешуіміз керек, – дейді экономист.
Энергетика министрлігі битум қажеттілігі бойынша республиканы үш өңірге бөліп қарастырады. Ең аз қажеттілік батыс өңіріне тиесілі. Бұл өңірге жылына 191 мың тонна битум қажет. Солтүстік-шығыс өңірдің қажеттілігі 308 мың тоннаны құрап отыр. Ал оңтүстіктің қажеттілігі – 302 мың тонна. Сонда битум тапшылығы шамамен 1 млн тоннадан асып тұр.