Түркістанда әулие Бекасыл Биболатұлының 200 жылдық мерейтойына арналған халықаралық V форум өтті.
Форумға қатысушылар шара басталмас бұрын Бекасыл баба кесенесіне барып, құран бағыштады. Музейімен танысты. Кеңесарық ауылындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Қасқасуда қазақ-қырғыз зиялылары бас қосқан Бекасыл Биболатұлының 200 жылдық мерейтойына Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы келіп, Президенттің құттықтауын жеткізді.
«Қасиетті Түркістан топырағында дүниеге келіп, ұлт руханиятының дамуына зор үлес қосқан ғұламаның «Зикзал» атты еңбегі халқымыз үшін асыл мұра. Қазақ руханиятындағы алып тұлғалардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ғұлама Бекасыл Биболатұлын аса құрметпен ұстаз деп мойындап, оның «Зикзал» атты еңбегін баға жетпес құнды ғылыми туынды деп бағалаған» делінген Президент құттықтауында.
Сондай-ақ атаулы шараға белгілі қаламгер, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов, мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, Қырғызстаннан келген делегацияның басшысы, халық ақыны Кожогелді Күлтегін мен осы ел Жоғарғы Кеңесінің экс спикері Зайнидин Құрманов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қатысса, форум модераторы Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек болды. Спикерлер баба мұрасы туралы ой қозғап, рухани іс-шараның деңгейін көтерді.
Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты тағылымы мол шығармасы жайында Зәріпбай Оразбай, аңыз-әңгімелері жайында Сауытбек Абдрахманов, Алтынбек Құрманов арнайы баяндама жасады. Анарбек Орман «Зикзал» еңбегінің практикалық мәні туралы пікірін ортаға салды.