Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният медицина қызметкерлерінің ағаттығынан зардап шеккен қазақстандықтар қандай өтемақы ала алатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бұл ұсыныс. Заң жобасы әлі қарастырылады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, сақтандыру компаниялары науқастың қанша қаражат жұмсағанын және қандай шығын болғанын анықтайды», деп атап өтті Ажар Ғиният Мәжіліс отырысында.
Министр сақтандыру жарнасының мөлшері медициналық қызметкердің жауапкершілік дәрежесін ескере отырып, бейінді бағыттағы сақтандырудың бекітілген тарифтік мөлшерлемелері және жалақы негізінде айқындалатынын атап өтті.
Сақтандырушының сақтандыру жағдайы бойынша жауапкершілігінің шекті көлемі «Көлік құралдары иелерінің АҚЖ міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан заңына ұқсас есептелген.
Осылайша, науқастың өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшін:
Өлім жағдайында - 1 мың АЕК (3 063 000 теңге); Бірінші топтағы мүгедектік анықталған жағдайда - 800 АЕК (2 450 400 теңге); Екінші топтағы мүгедектік анықталған жағдайда - 600 АЕК (1 837 800 теңге); Үшінші топтағы мүгедектік анықталған жағдайда - 500 АЕК (1 531 500 теңге) ; Балада мүгедектік анықталған жағдайда - 500 АЕК (1 531 500 теңге); Мүгедектік белгіленбей денсаулыққа зақым келтіру - пациентті амбулаториялық немесе стационарлық емдеудің нақты шығыстары мөлшерінде - 300 АЕК (918 900 теңге).Айта кетсек, бүгін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мәжіліс депутаттарына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды.