• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 19 Қыркүйек, 2022

Келесі жылы елордада 13 мектеп салынады

468 рет
көрсетілді

Қала әкімі Алтай Көлгінов мектеп салынатын орындар анықталғанын мәлім етті. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Елордада мектеп салу үшін 72 жер телімі белгіленді. Бұл жер учаскелерінің аумағы 120 мың оқушы орнына (екі ауысымда 240 мың оқушы орны) арналған оқу орындарын салуға мүмкіндік береді. Аталған жер учаскелері әлеуметтік нысандарға деген қажеттілікті ескере отырып анықталды. Ол қаланың барлық ауданында орналасқан», деп жазды әкім.

Оның айтуынша, әлеуметтік нысандарды салуға арналған жер учаскелерінің саны жыл сайын артады. Әрбір ауданда (шағын аудандарда) оқу орындары болуы үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына арнайы бағыт бекітілген.

Мәселен, елордада биыл 11 мектеп салынып, пайдалануға беріледі: Есіл ауданында – 6 мектеп, Алматы ауданында – 4 мектеп, Сарыарқа ауданында – тағы 1 мектеп, Байқоңыр ауданында – 1 мектеп (ол 2023 жылы тапсырылады). Осылайша, 23 мыңнан астам оқушыға арналған орын ашылады.

«Алдағы 2023 жылы тағы 13 мектеп салып, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Осылайша тағы 22 мыңға жуық оқу орны ашылады: Есіл ауданында – тағы 8 мектеп (ауданда тұрғындар тығыз орналасқанын ескере отырып), Алматы ауданында – 4 мектеп, Байқоңыр ауданында – 1 мектеп. Сол сияқты мектеп санын арттыру, оның ішінде жеке қаражат есебінен де көбейту мәселесін қарастырамыз.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада 3 жыл ішінде 34 мектеп салынды. Бұл 70 мың оқу орнын ашуға мүмкіндік берді», деп жазды Алтай Көлгінов.