Осыдан екі жыл бұрын Димаш Құдайбергеннің Польшадағы жанкүйерлері Dimash атауымен радиостанса ашқаны БАҚ арқылы хабарланған-ды.
Оған дейін Димаш әндерін насихаттайтын мұндай радио Аргентинада ашылған еді. Осы тақырыпты зерттеу барысында білгеніміз – RadioDimash.pl ресми түрде тіркелген хабар тарату стансасы екен. Ұйымдастырушылар поляк баспасөзінде Димаш Құдайберген туралы контенттің аздығынан, ТВ мен радиода әндерінің аз берілетіндігінен осындай шешім қабылдаған.
Поляк жанкүйерлерінің жобасынан біздің Димаш хабардар болғанын әлеуметтік желідегі жазбасынан білдік.
«Бүгін Польшада Dimash радиосы жұмысын бастады. Менің қымбатты көрермендерім, осы сәтті пайдаланып өздеріңізге алғысымды білдіргім келеді. Сіздер мен үшін көп жұмыс істеп жатырсыздар. Әлем талантты вокалистерден кенде емес екенін білемін. Бірақ сіздер маған қолдау білдіру арқылы соған сеніп отырсыздар», дейді Димаш Instagram-дағы парақшасында.
Таяуда сол клубтың жетекшісі Тереза Какол бірер күнге Алматыға келгенін естіп, кездесуге асықтық. Біздің Димашқа деген ыстық ықыласының оянуына не себеп болғанын өзінен сұрап-білдік. Барынша салқынқанды музыка зерттеушісі Димаш жайлы сырттай білсе де аса назар аудармай, даусы тәуір көп әншінің бірі шығар деп ойлаған. Тіпті айналасындағылардың әртістерге табынып жүргені оған оғаш көрініпті. 53 жасқа дейінгі қалыптасып қалған көзқарасының мүлдем басқа бағытқа өзгеруіне Димаштың Қытайда өткен I am a Singer байқауының бірінші турында айтқан S.O.S әні себеп болған. Әннің өн бойын баурап алғаны соншалықты бір жыл бойы тыңдап, баяғы бозым бойжеткен кезіндегі күйді қайта бастан кешті. Одан кейін 2020 жылы Мәскеудегі Кремль сахнасында тұсауын кескен, сөзін есімі әлемге мәшһүр Лара Фабиан, әнін Игорь Крутой жазған Your Love әні де еркін билеп алған.
«Қандай әсер алғанымды сипаттауға сөзім жетпейді. Әннің ағзадағы бүкіл жасушаларды қозғап жіберетін құдіреті барын Димаш даусы арқылы білдім. Тұңғыш рет ағзамдағы мың-миллион жасуша бір мезгілде оянғандай, жүрегім кеудемдегі бекіністі жарып жіберердей күйді өз басымнан өткердім. Содан кейінгі әрекет интернеттен фан-клубтарды іздеуден басталды. Ол туралы деректің түгелін көз майым таусылғанша оқып шықтым, зерттедім. Сосын Димаштың шығармашылығы мен қазақ мәдениетін Польшада насихаттағысы келетін адамдармен жолымыз түйісті. Нәтижесінде, Dimash Kudaibergen Fanklub Poland деген атпен фан-клуб аштық», дейді К. Тереза ханым.
Оның ойынша, Димаш қазақтың ханзадасы деңгейіне көтерілген бекзат болмысты тұлға. Лондон, Прага, Санкт-Петербург, Дюссельдорфтағы концерттеріне қатысты. Даусын жақыннан есту үшін Мәскеуге үш рет келіп кетті. Ал Дубайда өткен концертіне Польшадан 50 адам барыпты. Клуб мүшелерінің қатары күн сайын көбейіп жатқандықтан концерттерге бару үшін арнайы автобус жалдап жүруге тура келіпті.
«Маған Димаштың феномені жақсы таныс. Ең алғаш естігінде осындай талантты 30 жыл күткенімді және енді табысқанымды ойладым. Ол ән құдіретін түсінетін жанкүйерлерінің өмірін түбегейлі өзгертті» – деп еске алады Тереза.
Тереза әңгіме барысында Димаштың атасын, әжесін, анасын көргенін де тілге тиек етіп өтті. «Оның бойындағы бекзаттық қаннан берілгеніне көзім жетті. Этнограф ғалым Григорий Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» десе, мен қазақтың болмысы бекзаттық пен сұлулықтың баламасы дер едім. Сосын сіздерде «атасы жақсы қандай-ды, анасы жақсы қандай-ды» деген сөз бар ғой. Менің елімде де тұлғаның шыққан тегіне көп мән беріледі, Димаштың өнеріне толыққанды баға беретін сарапшылар әлі туған жоқ. Олардың көзқарасы тек таңғалумен шектеледі. Димаш ХХI ғасырдың феномені. Оны өзіне дейінгі және өзінен кейінгілермен салыстыру мүмкін емес. Димаш әзірге эксклюзив», дейді Тереза ханым.
Польша теледидары мен радиосында Димаш әндері сирек беріледі. Мұның себебі, продюссерлерімен авторлық құқық туралы келісімшарт жоқ екен. Еуропа заңы авторлық құқықтың қатаң сақталуына басымдық береді. Заң бойынша ТВ немесе радиодан берілген әнге тиесілі қаржы автордың жеке есепшотына аударылады. Сарапшы айтып өткендей, Димаш әндерінің эфирден аз өтуіне осы жайт жолды байлап отыр екен.
«Димаштың әкесі Қанат Құдайбергеновпен Қазақстанда кездесіп, осы тақырып төңірегінде сөйлестік. Ол бұл мәселені алдағы уақытта қарастыратынын айтты, Димаш бір сұхбатында «Польшаға міндетті түрде барамын» дегені есімде. Бұйырса, ол күнге де жетерміз» дейді .
Әңгіме барысында белгілі болғанындай, Польшаның әр аймағында Димаштың өнерін насихаттау, әндерін көпшілікке жеткізу жұмыстары қалыпты жағдайда жүріп жатыр. Варшавадағы Қазақстан елшілігімен, Гда-ньсктегі Қазақстан Консулдығымен байланыс орнап, Қазақстан жағынан ұйымдастырылған барлық мемлекеттік іс-шараға қатысуға мүмкіндік туды.
«Димаш арқылы қазақтың ән-күйіне ықыласым ауды. Соңғы бірер айда домбыра шертуге ден қойып жүрмін. Гитарада жақсы ойнағандықтан, домбыраның тілін меңгеру маған қиынға түспейді деп үміттенемін. Шілденің ортасында Гданьск қаласында «Қазақстанмен танысайық» деген атпен өткен жиынға Варшавада тұратын журналист Жандос Қарынбаевты арнайы шақырдым. Ол Қазақстан туралы көп дерек айтты», дейді Тереза.
Терезамен әңгіме барысында фан-клубтың мүшелері радио арқылы Димаштың қазақ тіліндегі әндерінің мән-мазмұнын зерделеуге ден қойғанын білдік.
«Қазақ тілінің әлемдегі ең құнарлы, бай тіл екенін Димаш әндері арқылы білдім, Димаш әндері арқылы қазақ тіліне ғашықпын. Димаштың репертуарындағы «Қара торғай» әнінде «Келеді қара торғай қанат қағып, астына қанатының маржан тағып» деген тіркестер бар. Әннің тарихын білмегендер оның мазмұнын тура мағынасында түсініп қалуы мүмкін. Жақында нақ осы әнге қатысты жанды толқытып жіберетін әңгіме естідім. Оның авторы ХХ ғасырда өмір сүрген Ақан сері екенін жақында білдім. Жерге қона алмай жаны қиналған қыран бүркіттің қанатынан тамшылаған тер күннің сәулесімен лағыл түске боялған сәті ақынның назарына ілініп қалған. Бір ауыз сөзінен тарихы таңбаланып қалған мұндай тағдырлы ән қазақтан өзге халықта аз. Клуб мүшелері Димаштың барлық әнін поляк тіліне аударады. Қысқасы, мазмұнын білетін, түсінетін деңгейдеміз. Қазір біздің фан-клуб әрі ұйымға 26 000 адам мүше. Facebook желісіндегі жеке парақшамызды 14 мыңнан астам жанкүйер бақылайды. Тіпті клубымыздың ең жас мүшелерінің бірі ата-анасының күнделікті жол пұлына берген қаржысынан үнемдеп, қаржы аударған. Қысқасы, олар кез келген бастаманы, іс-шараны қаржыландыруға дайын. Жақында қазақстандық достарымның бірі танымал әндердің тарихын зерделеген кітап сыйлады. Енді алдағы уақытта қазақ әндерін насихаттаған кезде оның тарихынан да қысқаша деректер беріп отырамыз», дейді Тереза.
Спикерім әңгіме барысында Польшаның астанасында қазақ тілі курсын ашу туралы жоспарын айтып берді. Жоспар бойынша курс осы жылдың қаңтар айында ашылуы керек еді. Бірақ кейбір жағдайларға байланысты кешеуілдеп жатыр. Қазақ тілін үйренуге ден қойып отырған ынталы топ тіпті онлайн курс арқылы да меңгеруге дайынбыз деп отыр.
АЛМАТЫ