Әйнекті шағып, өз-өзіне қол жұмсамақ болған ба, түсініп болмадық, дереу рацияға түскен мекенжайға келгенбіз. Аулада жедел жәрдемнің көлігі тұр. Подъездің есігі тас жабық. Терген қоңырауымызға жауап жоқ. Шақырып алып, есікті ашпайтындары несі осы?! Онсыз да шақыртудан шақырту. Қабаттан қабатқа көтеріліп, аяқтан таусылып жүрміз...
Учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмыстары дәл мұндай қызықты, әрі қауіпті болар деп ойламаппын. Жуықта Өскемендегі Ертіс полиция бөлімінің инспекторларымен түнгі кезекке түстім. Кәдімгідей полиция формасын кидік. Әрине шартты бәрі. Соның өзінде иыққа қона кеткен қос погон үлкен жауапкершілік жүктегендей болды. Салмағы бар. Қалай десек те, полиция – мемлекеттің айнасы. Ел үшін, елдің қауіпсіздігі үшін қызмет қылады.
Қызметке кіріспес бұрын, Ертіс полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, майор Болатжан Рахимжанов учаскелік инспекторлардың міндеті мен қызметі туралы қысқаша түсінік берді. Түнгі кезекке №220 экипаж, екі учаскелік инспектор, бір жүргізуші шығатынын хабарлады.
– Әсіресе отбасылық кикілжіңдерге көп шақырады. Ал қылмыстық іс орын алса, баратын полицейлер басқа. Мәселен, пәтерді су басса, отбасылық ұрыс-төбелес болса, оқиға орнына біз жетеміз. Кейбір жағдайда, психикалық диспансерде тіркеуде тұрған азаматтар тәртіпсіздік жасайды. Ондай болса, №20 бригаданы шақырып, диспансерге жөнелтеміз. Егер де, отбасылық кикілжің орын алып, екі тараптың біріне орташа жарақат түсірсе, Қылмыстық кодекстің 107-бабына сәйкес орын алған оқиғамен басқа топ айналысады. Қысқасы, жұмыстың қызығы мен шыжығы көп, – деді полиция майоры Б.Рахимжанов.
Жұмысты бүге-шігесіне дейін түсінгендей кейіпте кабинеттен шығып бара жатқанымызда: – Жарақат алып қалмай, байқап жүріңіздер, – деп және сақтандырып қойды басшының орынбасары.
Соған қарағанда, тентектерді тезге салу полиция қызметкері үшін де оңай емес көрінді. Міндетіміз – кешкі сегізден таңғы сегізге дейін Ертіс полиция бөліміне қарасты аумақтағы шақыртуларға жету, қажет болса, хаттама толтырып, тәртіп бұзғандарға заң шеңберінде шара қолдану. «Сенбі күні болса, бір сәрі, апта ортасында шақыртулар түсер ме екен» дегенімше болған жоқ, Буров көшесіне шақырту түсті. Алдын ала хабарлағандай, адам қайтыс болған екен. Ұшып жетсек, сол аумақтың учаскелік полиция инспекторы барып, тиісті хаттаманы толтырып қойыпты. Мұндай жағдайда, алдымен полиция қызметкерлері мәйітте ешқандай жарақаттың жоғына көз жеткізеді, туыстарымен тілдеседі. Содан кейін ғана мәйітханаға жөнелтеді.
Екінші шақырту А.Чехов көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінен түсті. Барсақ, 50 жастағы әйел ұялы телефонына «полициядан» деп белгісіз біреулер хабарласқанын айтып шағымданды. Қоңырау шалғандар Гүлнардың атына алаяқтар несие рәсімдемек болғанын ескертіп, картасын блоктау керек деген көрінеді. Абырой болғанда, Гүлнар оларға ешқандай код айтпаған. Осындай қоңыраулар жиі түсе бастаған соң полиция көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Шақыртуына жедел жеткен жергілікті полиция инспекторлары Қуаныш Айбекұлы мен Эльдар Серікұлы мұндай қоңырауға мейілінше жауап бермеу керектігін айтып түсіндірді. Жауап берген жағдайда да, қысқа ғана сөйлескен жөн. Оның үстіне интернеттегі алаяқтарды қолға түсіру қиынның қиыны. Себебі өзге мемлекеттерде отырып, арам ойларын жүзеге асыруы мүмкін.
Инспекторлардың айтуынша, жұмыс күндері 70-ке жуық шақыртуға барады екен. Ал жұма, сенбіде жүзден астам азаматтың шағымына құлақ асады. Байқаймын, кейбіреу болмашы дүниеге де полиция шақыра беретін сияқты. Әр шақыртуға инспекторлар хаттама толтырады немесе рапорт жазады. Соған қарағанда, қағаз бен қалам шақ келмейді-ау.
Үшінші шақырту қаланың іргесіндегі «Лесхоз» шағын ауданына түсті. Хабарлағандай, бір көрші екіншісін ұрып жіберген екен. Анық-қанығына барған соң жетер.
Полицейлердің рацияларында быж-быж етіп, маза жоқ. «Лесхоз» шағын ауданының орталық көшесіндегі шамы жарқырап тұрған дүкеннің алдына тоқтадық. Жәбірленуші азаматша полиция көлігіне өзі келді. В.Боброваның жазған арызына көз салсақ, бұрынғы күйеуінің әйелі И.Гущина соққыға жыққан екен. Мән-жайды анықтап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жаяулатып, күйеуі тұрып жатқан үйге беттедік. Қатар тұрады екен. Көзге түртсе көргісіз, қараңғы көше. Жан-жақтан абалап иттер үреді. Жәбірленуші В.Боброва алдымызға түсіп алып, бұрынғы күйеуінің үйіне дейін өзі жол бастап барған. Түн ішінде есігін қағып жүріп ояттық. Сөйтсек күдікке ілінген И.Гущина арызданушыны бұл күні мүлдем көрмегенін айтып ақталды. Көрмесе көрмеген де шығар деп ой түйдім іштей. В.Боброва бәле жапқысы келгенге ұқсайды. Сөйтсек оны соққыға жыққан қазіргі күйеуі болып шықты. Он бес тәулікке қамалған В.Боброваның бүгінгі күйеуі бостандыққа шығып, үйіне келсе, В.Боброва бейтаныс ер адаммен ішімдік ішіп отырған. Әлбетте, ер жігіттің намысы бар, әйеліне қол жұмсаған. Ол болса, бұл жағдайды пайдаланып, Ирина Гущинаны себепсіз заңға тартқысы келген. Шым-шытырық оқиғаның ұшы қайдан, қалай басталғанын учаскелік полицейлер беске біліп отыр. Қос тарапқа да ескерту жасады, әдеттегідей түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал жазылған арыз полиция тарапынан жауапсыз қалмайды.
Төртінші шақырту. Үйді-үйдің арасымен полиция машинасы зу-зу етіп өте шығар ма еді. Көптеген үйлерде автотұрақ қарастырылмағандықтан ба, тұрғындар көліктерін бей-берекет қойып кете береді. Құдай сақтасын, көп пәтердің бірінен от шықса, өрт сөндірушілердің көлігі қалай өтер екен?!
Подъезден пәтерге қоңыраулаттық. Дауысы дір-дір еткен қыз есікті тез аша қойды. Үшінші қабатқа көтерілдік. Пәтерінің есігін біреу тепкілеген екен, аяқ іздері қалыпты. Тұтқасына дейін жұлып алған. Бізді көре сала, бұрынғы жігітіне шағым айта бастады. Полиция инспекторы Эльдар Серікұлы бірден: «арыз жазасыз ба?» деді. Қыз тартынған жоқ. Ыңғайлана отырып, арыз жазуға кіріскен. Иә, ауызша айтқан шағым өз алдына, арыз түссе заңдық күші бар. Ертеңгі күні тентектік жасаған азаматқа шара қолдануға мүмкіндік береді.
Арыз жазылды, қолы қойылды. Шолып шықтық. Қысқасы, арызданушы апта бұрын жігітімен ат құйрығын кесіскен. Бірақ бұл шешімге көндіге алмаған жігіті үйінің есігін қаққан. Бәлкім, кешірім сұрағысы келген болар. Қыз ашпаған соң, есікті тепкілеген, қорқытқан, қоқан-лоқы көрсеткен. Бұл жерде тәртіптің бұзылғаны анық. Енді жазылған арыз негізінде бұзақылық жасаған азаматқа шара қолданылады.
Бесінші шақырту. Кезекшілікке шыққанымызға екі сағат болмай жатып, бесінші шақыртуға кетіп барамыз. Аулада ойнап жүрген екінші сынып оқушысы Анастасияның басы жарылыпты. Біз барғанша, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция инспекторы Ермек Қалыбаев жетіп үлгіріпті.
– Егер тас лақтырған қыздың ата-анасы келіп кешірім сұраса, жәбірленушімен бітімге келсе, ешқандай шара қолданбаймыз. Егер олай болмаған жағдайда Әкімшілік кодекстің 73-бабына сәйкес айыппұл салынады, – деп түсіндірді Е.Қалыбаев.
Алтыншы шақыртуға асықтық. Әйнекті шағып, өз-өзіне қол жұмсамақ болған ба, түсініп болмадық, дереу рацияға түскен мекенжайға келгенбіз. Аулада жедел жәрдемнің көлігі тұр. Подъездің есігі тас жабық. Терген қоңырауымызға жауап жоқ. Шақырып алып, есікті ашпайтындары несі осы?! Онсыз да шақыртудан шақырту. Қабаттан қабатқа көтеріліп, аяқтан таусылып жүрміз... Бір уақытта есікті көршісі ашып, ішке ендік. Жас шамасы отыз-отыз бестегі әйел әйнекті шағып, өзіне қол жұмсамақ болған секілді. Біз кіргенде жедел жеткен №20 бригада қолын байлап, әкетіп бара жатқан. Оның үстіне, азаматша психиатриялық диспансерде тіркеуде тұр екен. Бәрінен де аяныштысы, көздері боталап кішкентай балалары қалды үйде...
Жетінші шақыртуға жүйткіп барамыз. Түнгі сағат он екіге таяған. Красин шағын ауданының тұрғыны шақыртқан екен. Қаусап тұрған қақпаны сығалата аша бергенімізде, үйшіктен үрейлене ит үрді. Терезені қақтық. Теледидардың жарығы үй ішін ала көлеңкелейді. Ешкім үн қатпаған соң есікті сықырлата ашып, үйге кіргенімізде:
«Қарсы алған уақытты, Мәңгілік досындай, Біздің ел бақытты, Біздің ел осындай!» – деп теледидардан әнұран шырқалып жатқан. Жадау үй, жүдеу тірлік. Ортаңғы бөлмедегі ұйықтап жатқан ер азаматты түртпектеп ояттық. Атып тұрып, полиция инспекторы Қуаныш Айбекұлымен жылы амандасты. Хал сұрасты. Бізге жайғасыңдар дегендей ишарат жасады.
– Ұлымды аулада ойнап жүрген жерінен шешесі алып кетіпті, – деді креслода тұрған оқушының сөмкесін иегімен нұсқап. – Ертең сабақ. Үй жұмысын да орындаған жоқ. Ендігі интернатқа алып кеткен шығар. Таңертең барып алып кетуі керек, – деді бізді шақыртқан Ержан Серікжан.
Полиция инспекторы Қуаныш Айбекұлы азаматтың әр сөзін мұқият тыңдап алған соң ақылын айтты. Арақ атаулыны татып алмауын өтінді. Иә, кәдімгі бауырындай жанашырлық танытып отыр. Ержан Серікжан да алғыс білдіріп, бізді шығарып салды.
Оқиға басы мынада: Бұл отбасы учаскелік полицияның бұрыннан назарында. Қамқорлығында десек те болады. Ержан Серікжан жары ішкілікке салынған соң ажырасып тынған. Онымен қоймай заң органдары әйелі Жаннэтті аналық құқығынан айырған. Кейін мектеп әкімшілігі, әкімдік өкілдері, учаскелік полиция инспекторларының жүйелі жұмыс істеуімен Ержан Серікжанды жалғыз басты әке деп танып, мемлекеттен жәрдемақы төленетін болған. Сонымен қатар тұрақты жұмысқа да орналасқан.
Гәптің бәрі Ержанның туған ағасы Елжанда секілді. Әңгіме ауанына зейін қойсам, аналары қаланың орталығындағы бір бөлмелі пәтерде тұрады. Ол кісі Елжанның қызын студентсің ғой деп жеке шығарып, Ержанның 7-сынып оқитын ұлын бауырына басыпты. «Қысқа жіп күрмеуге келмейді» демекші, қуықтай бөлмеге екеуін бірдей тұрғызу мүмкін болмаған шығар. Сол күннен бастап, Елжан бауырына суық қабақ таныта бастаған.
Красин шағын ауданы тұрғындары бір-бірін таниды. Түс ауа Ержан көше басындағы дүкеннен сыра алғанын бәзбіреулер ағасы Елжанға жеткізген, Елжан аналық құқығынан айырылған келіні Жаннэтке хабарлаған. Оны ести салған Жаннэт таксимен барып, кіші ұлы аулада ойнап отырған жерінен алып кеткен.
Енді ойлап қараңыз: екі ортада тентіреп жүрген бейкүнә балаларға обал. Олар ертең қандай азамат болары, белгісіз. Отбасылық құндылық қайда, тәрбие қайда?! Осының бәріне кінәлі – алкоголь. Жоқ, мүмкін адамның санасы, ақыл-ойы шығар...
Түрлі тағдыр, қилы қызық. Түн ауып барады. Учаскелік инспекторлар біріне хаттама толтырса, енді бір жағдайда рапорт жазып үлгеріп жүр. Жұмыстары қарбалас. Мінген көліктерінде де, өздерінде де дамылдауға мұрша жоқ. Кезекті шақыртудан соң келесі мекенжайға асыға шығып бара жаттық...
СӨЗ СОҢЫ. Таңғы сегізге дейін елуге жуық шақырту түсті. Сондағы көрген-білгендеріміз бүкпесіз жазылды. Тек қана этикаға сәйкес шағымданғандар мен күдіктілердің есімдері өзгертілді.
Шығыс Қазақстан облысы