Венада алғаш рет «One world. New generation» мәдени іс-шаралар апталығы аясында Қазақстан балаларының сурет көрмесі ашылды. Еуропа жүрегіне қазақ елінің атынан барған жас таланттар – балалар шығармашылығын дамытуға арналған «Жануарлар – менің достарым» және «Менің жасыл планетам» байқауларының жеңімпаздары.
«Жануарлар – менің достарым» және «Менің жасыл планетам» конкурстары 2020 жылы Бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саинның идеясы негізінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қамқорлығымен өткен болатын. Бастаманы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін атап өту аясында БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы, Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, «Балалар бейбітшілікті салады» және «Мейірімділік» қорлары қолдады. Осы жобада қатарластарынан оқ бойы озған 10 жеткіншек айтулы көрмеге Қазақстанның Аустриядағы елшілігінің және Бас демеуші EduStream компаниясының қолдауымен келді.
«Жобаның басты мақсаты – қоғам санасының жануарларға деген қарым-қатынасын өзгерту және қатыгездікке жол бермеу», дейді ұйымдастырушылар. Тақырыпқа терең үңілген 6 мыңнан астам өрен тек сурет салып қойған жоқ, сонымен қатар ересектерге арнап эссе, бейнеүндеу жазып, қатыгездікті сынға алды, қоғамды мейірімділік пен махаббатқа шақырды.
«Ересектер кіп-кішкентай қорғансыздарды қалай қаңғытып қояды, бұл менің миыма сыймайды. Адамдық қасиетімізді жоғалтпайық, үй жануарларын және жер шарындағы барша хайуанаттарды қорғайық», деп жазды өз эссесінде сарыөзектік Ақжан Қайырбекқызы. Ал павлодарлық Артем Кустов балаң үнін табиғатты қорғау тақырыбында жазған өлеңімен жеткізді.
– Балаларымыздың жан айқайы еленетініне үмітіміз зор. Олардың ересектерге, Парламентке және Үкіметке жасаған ұсыныстары жер шарын, біздің сүйікті Қазақстанымызды, табиғатты, жануарлар әлемін сақтап қалуға ықпалын тигізер. Балалардан бұрын, ересектердің санасы өзгерісті қажет етеді, неге десеңіз, бала жағдайы мен ғаламшарымыздың қауіпсіздігі соларға байланысты, – дейді Қазақстандағы Бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин.
Апталық аясында Қазақстанның Аустриядағы елшісі Қайрат Омаровтың қатысуымен балалар суреті көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жас жеңімпаздардың туындысын БҰҰ Венадағы бөлім жетекшісі Гада Вали, аустриялық парламент депутаттары, бірқатар мемлекет елшілері, ЕҚЫҰ басшылары, сондай-ақ Вена мэриясы мен жергілікті мемлекеттік білім органдары бағалады.
– Балаға білім беру ісінде мәдениет пен өнер қатар жүргені абзал. Адам бойына қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті жастайынан сіңіру, принциптік тұрғыда маңызды. Жалпы, адамзат құндылығы табиғатымызды қорғау дамыған елдердің мектепте білім беру стандартында ескеріледі. Қазақстанның білім беру саласының қатысушысы әрі новаторы ретінде біз мектепке оқулық дайындағанда әлемдік талапты негізге аламыз, – дейді EduStream компаниясының бас директоры Наталья Мұхамеджанова.
Балғын суретшілерге шабыт берген бағдарлама көрмемен қатар тіл мектебінде шеберлік сабағын өтуге, сондай-ақ Аустрияның айшықты орындарын аралауға мүмкіндік сыйлады.
АЛМАТЫ