Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті дәстүрлі ғылым саласындағы ізденіс конкурсының басталғанын хабарлайды. Биыл гуманитарлық, жаратылыстану ғылымдары, педагогика және түркология салаларында 6 сыйлық бекітілген. Сонымен бірге талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендиялар да бар.
Ғылым мен техниканың дамуына үлес қосқан ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерді көтермелеу мақсатында жыл сайын Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар тағайындайды. Мемлекет үшін басым бағыттарда іргелі немесе қолданбалы ғылыми-зерттеулер жүргізуге, ғылыми кадрлар даярлауға белсенді атсалысқан зерттеушілер осы марапатқа үміткер бола алады.
Сыйлықтар мен ғылыми стипендиялар конкурстық негізде келесі бағыттар бойынша тағайындалады:
– жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми-зерттеуі үшін Қ.И. Сәтбаев атындағы бір сыйлық;
– гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми-зерттеуі үшін Ш.Уәлиханов атындағы бір сыйлық;
– педагогика саласындағы үздiк ғылыми-зерттеуі мен жұмысы үшiн Ы.Алтынсарин атындағы бір сыйлық;
– түркология саласындағы аса зор жетістіктері үшін Күлтегін атындағы бір сыйлық;
– жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік жұмысы үшін жас ғалымдарға арналған Д.А.Қонаев атындағы бір сыйлық;
– гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік жұмысы үшін жас ғалымдарға арналған М.О. Әуезов атындағы бір сыйлық;
– 75 мемлекеттік ғылыми стипендия, оның ішінде 50-і талантты жас ғалымдарға арналған.
Қойылған талаптарға сәйкес рәсімделген конкурстық өтінімдер 2022 жылғы 7 қазанға дейін тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамында қабылданады, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.