Біріккен Араб Әмірліктеріне алғашқы ресми сапары аясында ҚР Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың «Әл-Иттихад» газетінде сұхбаты жарық көрді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Премьер-Министрі екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың негізгі бағыттарына тоқталып, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылдың өсу қарқыны туралы айтты.
«Экономиканың түрлі секторларында өзара тиімді мүмкіндіктердің барын көріп отырмыз және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға екі елдің іскер топтарын ынталандыруға ниеттіміз», деді ол.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов Қазақстанның ұлтаралық келісімді нығайту және COVID-19 пандемиясының экономикалық салдарымен күрес жөніндегі қадамдары туралы айтып берді.
Айта кетейік, «Әл-Иттихад» - БАӘ-де араб тілінде күн сайын шығатын басылым. Таралымы 100 000 данадан асады. Алғашқы саны 1969 жылы шыққан, ал 1972 жылдан бастап күн сайын жарық көреді.