• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2010

ЕР МЕН ӘЙЕЛ: БЕДЕУЛІК СЕБЕБІ НЕДЕ?

5920 рет
көрсетілді

Қарапайым халықтың түсіні­гін­ше отбасындағы ерлі-зайыптылар­дың ұрпақсыз өтуіне тек әйел ғана айыпты деп саналып келгені шын­дық. Бірақ, ғылыми-зерттеудің нә­ти­жесінде әйелдің бала көтермеуі­нің үштен біріне еркек кінәлі екені анықталған. Сондықтан да бедеу­ліктің себебін білу үшін ерлі-зай­ып­тылардың екеуінің де дәрігерге тексерілгендері жөн. Сонда ғана бедеуліктің кімге байланысты екені белгілі болмақ. Ал кейде, тіпті ері мен әйелін бірдей емдеуге тура келіп жатады. Әйел бедеулігінің себептеріне келсек, әйелдерде болатын бедеулік екі түрде кездеседі. Оның бірі – өмірлік бедеулік. Бұл ешқандай емдеуге көнбейді. Екіншісі, емдеуге болатын бедеулік. Егер тұрмысқа шыққан әйел үш жылға дейін себепсіз бала көтермесе, оны “бе­деу емес пе?” деп күдіктену дұрыс емес. Өйткені, жаңа тұрмысқа шыққан әйелдердің он пайызы үш жылдан кейін ғана бала көтере бастайтындығын ғылым дәлелдеп отыр. Ал, кейбір әйел бір бала кө­тергеннен кейін қайтадан босанбай қалуы мүмкін. Бедеуліктің бірінші түріне ем қонбайтын себебі – әйел­дердің жыныс мүшелерінің өсіп, кемеліне келмеуі немесе олар­дың туғаннан кеміс болып жара­луы. Бірақ, бедеуліктің бұл түрі өмір­де сирек кездеседі. Кейде әйел­дің жыныс мүшесі әдеттегідей же­ті­ліп туғанымен де өмірде кезде­се­тін түрлі қауіпті аурулардың әсе­рі­нен оны сақтау үшін әйелдің жаты­рын, яки түтігін немесе аналық бе­зін операция жасап, алып тастауға тура келеді. Әрине, мұндай әйел ба­ла көтеру мүмкіншілігінен айры­лады. Сөйтіп, бедеулікке душар болады. Дегенмен де дәрігерлік тәжірибеде емге көнбейтін үмітсіз бедеулік сирек ұшырасады. Бала көтермеудің себеп­тері аз емес. Тіпті, режімсіз ішкен бірыңғай та­ғам, әсіресе онда А,С және Е тә­різ­ді құнды ви­та­миндердің жетіс­пеуінен жыныстық бездерінің қабілеті бұзылады... Туберкулезбен ауырған әйелдің де бала көтеру қабілеті бұзылады. Алайда, әйел негізгі науқасынан жа­зылғаннан кейін бедеулігі жойы­лып, бала көтереді. Сондықтан да туберкулезден әбден айыққанша, емделудің маңызы зор. Жыныс органдарының қабынуы да әйелдерді бедеулікке жиі ұшы­ратады. Өйткені, қабынған ағзаның тіндері қатты өзгереді. Олар бір-біріне және көрші ағзаға жабысып қалады. Міне, осының салдары еркек ұрығының (сперматазойд) әйелдің ұрығымен кездесуіне үлкен кедергі жасайды. Егер жатыр қа­на­тының түтігі қабынса, онық қуысы бітеледі, сөйтіп еркектің ұрығы әйел­дің ұрық клеткасына өте ал­май­ды. Сол секілді жатыр мой­ны­ның сілекей қабығы қабынғанда да (эндоцервит) әйел бала көтермеуі мүмкін. Қабыну үдерісінде жыныс мүшесі сұйық затын көбірек бөледі. Ол сұйық зат ұрықтың жолын бөгейді. Тіпті, оның қышқыл қа­сие­ті күшті болғандықтан, еркектің тұ­қым клеткаларын жойып жі­бе­реді. Бұл секілді жағдай жатыр мой­ны­ның жалағында да (эрозия) жиі аңғарылады. Өйткені, жалағы бар қынапқа жиналған ірің еркек ұры­ғын өлтіріп жібереді де, әйел бо­йына ұрық бітірмейді. Жатыр ішіндегі сілекей қабы­ғы­ның қабынуы (эндометрит) еркек пен әйел ұрығының қосылуына ке­дергі жасамайды. Бірақ сол тұ­қым­дық екі клетка қосылуынан пайда болған ұрық-клетка жатырдың ауыр­ған сілекей қабығына жабы­сып, табиғи жағдайдағыдай өсе ал­майды. Әйелдің бала көтермей­тіндігінің тағы бір себебі осы. Кейде дәрігерсіз өз бетімен бала түсіргеннен кейін (аборт) қабыну үдерісі басталады. Ғылыми дерек бойынша, бедеуліктің 70 пайызы осы өз бетімен бала түсіргенге байланысты. Әсіресе, тұңғыш кө­терген баланы алдыру өте қауіпті, себебі – ондай әйел өмір бойы бедеу болып қалуы ықтимал. Сондықтан да себепсіз абортқа бару, әсіресе, оны дәрігерлік мамандығы жоқ адамға жасату әйелдің өміріне қауіп туғызады. Еркек бедеулігінің себебі неде? Еркектің ұрығы клетка­лар­дан тұ­рады. Олардың бір мили­литрінде 60 миллиондай ұрық бо­луға тиіс. Егер ұрықтар саны одан кем болса, он­дай ұрықтың бала жасауға шамасы келе бермейді. Жыныс клетка­ла­рының кемдігі, яғни оның болмауы (азооспермия) кейбір ұзын бойлы, қыл мойын, жас жігіттерде жиі кездеседі. Бұл секілді жағдай олар­дағы уақытша құбылыстың, бол­маса тұрақты бедеуліктің белгісі болуы мүмкін. Кейбір адамдардың жыныс қа­ты­насы мен ішімдікке құмарлығы, де­недегі қоректік заттардың алма­суы­ның бұзылуы немесе сульфа­ми­ды секілді дәрілерді дәрігердің ба­қы­лау­ынсыз өз бетімен ұзақ ішуі де ұрық­тың сапа­сын кемітеді, қасиетін жояды. Ұрықтың тіршілігін, оның са­нын және қабілеттілігін тек лабо­ра­ториялық зерттеу арқылы ғана анық­тауға болады. Айталық, мик­ро­скоппен қарағанда, жыныс клет­калары шабан қозғалып жүрсе, олардың бала болуға шамасы келмейтіндігін аңғартады. Әйелдердегідей еркек бедеул­і­гінің тағы бір себебі, жыныс ор­ган­да­рының қабынып ауруына бай­ла­нысты. Әсіресе, дұрыс емделмеген және асқынған соз ауруы еркекті бедеулікке жиі ұшыратады. Кейде бала кезде болған жыныс орга­ны­ның жарақаттануы да тіпті ол ас­қын­баса да, ұрық шығаратын жы­ныс бездерінің қабілетін нашар­ла­тады. Мұндай еркектің жыныс қа­тынасында өзгеріс болмаса да әйе­лінің бала көтермеуі ғажап емес. Сон­дықтан жастарды төбелестен және жыныс мүшесіне зиян кел­тіретін қимылдардан сақтай білу қажет болады. Бедеулікті емдеу медицинадағы күрделі мәселенің бірі. Бедеулікті емдеп жазу оңай емес. Кейде оған ұзақ жылдар ке­­рек. Сондықтан біздің айтар кеңе­сіміз, дәрігердің белгілеген емін орындау, емнің ақырына шыдау мақсатқа сөзсіз жеткізеді. Маржан ЖАҚЫПОВА, Жанат АНЕТОВ, дәрігер-гинекологтар. МЕКТЕП ИНСПЕКТОРЫ Солтүстік Қазақстан облысы­ның ішкі істер департаментінде тәртіп күзетінде жүрген 303 әйел бар. Біз бүгін Петропавл қалалық ІІБ Кә­мелеттік жасқа толмағандар бөлімінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Бәшенова Роза жайлы әңгімелесек деп отырмыз. Розаның ішкі істер органдарында қызметте жүргеніне алты жыл болды. Ол қызметті Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавлдағы Бензострой ау­да­нында орналасқан №24 қалалық мектеп­­­­те мектеп инспекторы болып бастады. Бес жыл осы мектепте қызмет атқарған Ро­заның жұмысына ұстаздар қауымы үлкен баға беріп отыр. “Мектебімізде тәрбиесі төмен балалар аз болған жоқ. Роза болса бұл балалармен күні-түні жұмыс істеп, оларды дұрыс жолға қоюға тырысты. Күндіз мектеп қабырғасында оларды бақылауда ұстаса, кешке қарай мекен-жайлары бой­ынша аралап, немен айналысып жатқан­дарын тексеріп өтетін. Түнде көше қаңғы­рып жүрген балаларды үйлеріне апарып, ата-аналарының қолдарына тапсырады, бала тәрбиесіне дұрыс көңіл аудармайтын ата-аналармен алдын алу жұмыстарын жүргізіп, балаларының болашақтарын ойлауға шақыратын, – дейді мектептің әлеуметтік ұстазы – Розаның біздің мектептен басқа мектепке инспектор болып ауысып кеткеніне бір жылдан асты. Ал біз әлі күнге дейін оны мектепке шақыртып, көмек көрсетуді сұраймыз”. Роза қазір қаланың басқа ауда­нында орналасқан қазақ мектеп гимназиясында жұмыс іс­тейді. Бұл мектептің аш­ыл­­ғанына үш жылдай ғана уақыт болды, сол себепті жаңа мектепке тәжірибесі мол инспекторды жіберуге шешім қабылданып, Роза осында жіберілді. Роза­ның айтуынша, бұл мек­тепте 903 бала оқиды. Мек­теп оқушылары ара­сын­да кері қылықтары үшін тіркеуде тұрған жас­өспірімдер жоқ. “Жұмыс барысында біз балаларға байланысты әр түрлі жағдайлармен кезде­се­міз, – дейді Роза. – Ба­ла­ның дұрыс өсуі, бола­шақта жақсы азамат болуы, оны қоршаған ортаға бай­ла­нысты. Ата-аналары спирт­тік ішімдіктер ішсе, қасындағы құрбылары жастайынан әртүрлі нашар іске әуес болса, онда бұл баланың болашағы қандай болмақ. Кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспектор бол­ғасын, біз көбіне осындай балалармен жұмыс істейміз. Әрине, баланың аты бала, өкінішке қарай кейбір ата-аналар бала тәр­биесімен мүлдем айналыспайды, оларға дұрыс көңіл бөлмейді. Сондықтан бұндай балалар бақылаусыз қалып, ойларына келгендерін істеп жатады. Жаман әдетке тез үйреніп, кейде тіпті қылмыскерлер қатарын толықтырады. Ал бала үшін ата-анасының қамқорлығы өте маңызды. Сол себепті біз ата-аналармен де ұдайы жұмыс жүргіземіз. Олармен алдын алу әңгімелерін өткізіп, әкімшілік жауапкершілікке де тартамыз. Ата-ана құқығынан айыру бұл ең соңғы шара. Балаға әке-шешесінен артық адам жоқ екенін айтып та керегі жоқ. Бірақ, балаларының мектепке бармайты­нына көңіл бөлмей жүр­ген­дерін қоя тұра, оларды дұрыс ки­ін­дірмей, дұрыс тамақ бермей, өздері азғындап бара жатқан ата-аналар да кез­деседі. Бұл жағдайда, әрине, бала­лардын өмірлеріне, бола­шақ­тарына қауіп төніп тұрғасын, олардын әке-шешелеріне қатысты ата-ана құқы­ғынан айыру шарасын қолдануға тура келеді. Баланың жақсы өсіп-жетілуін үйде ата-ана, ал мектепте ұстазы, мектеп инспек­тор­лары қадалаған жөн. Сондай-ақ, баланың күнделікті мінез-құлқын бақылап, доста­рына да қарау керек. Сол себепті мектеп инспекторларының қызметі өте маңызды, ол үлкен жауапкершілікті талап етеді”. Қызметтен бос уақытты Роза үйінде күйе­уі Досанмен және баласы Дамирмен өткізгенді жақсы көреді. Және де гүл өсіріп, оларды күтумен шұғылданады. Оның үйі­нен әртүрлі гүлдерді көруге болады. Бала ке­зімнен гүлдерді жақсы көремін, жұмыс­тан шаршап келгенде осы гүлдер менің көңілімді көтереді, оларға өз сырларымды да айтып отырамын, – дейді Роза. Розаның ойынша, ана қандай жағдайда болмаса да, жұмыс барысында болсын, үй шаруасында болсын өзін әйел ретінде санауы керек. Рас-ау, балаға анадан жақын адам бар ма?! Қанат ҚАСЕНОВ, СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.