• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Спорт 21 Қыркүйек, 2022

Ардагерлер арасындағы әлем чемпионы

366 рет
көрсетілді

Жақында Қырғызстанның Ыстық­көлінде стрендлифтинг спортынан тоғызыншы әлем чемпионаты өтті.

Ауыр атлетикаға ұқсас осы спорт Қазақ­станда да дами бастады. Елімізде қол күресі мен гір спортының негізін қалаушы, 1992-2004 жылдары Халықаралық гір спорты федерациясының вице-президенті, 2004-2012 жылдар аралығында Бүкіләлемдік армрестлинг федерациясының вице-президенті қызметін атқарып, қол күресінен дүние жүзінің үш дүркін чемпионы атанған, Алматыда, Өскеменде қол күресі мен гір спортынан әлем, Азия біріншіліктерін абыроймен өткізіп, осы спорт түрлерінің Қазақстанда, Азияда, әлемде өркендеуіне ерекше үлес қосқан Мұхамедолла Ағзамов жасы жетпістен асса да алпыс жастағы ардагерлер арасында 95 кило салмақта стрендлифтингтен әлем чемпионы атанды. Айта кету керек, М.Ағзамов – спорттың әртүрлі, өзара ұқсас емес екі түрінен әлем чемпионы атанған Қазақстандағы жалғыз атлет.

Қыркүйектің 5-і мен 10-ы аралығында Ыс­тықкөлде жалауы желбіреген әлем чемпионатында Қазақ елінен барған үш спортшы да намысты қолдан бермей, алтыннан алқа тақты. Атап айтқанда, Мұхамедолла Ағзамовтың жеңісті жолын Марат Марденов пен Иван Мальков 68 және 76 кило салмақтарда жалғастырды. М.Ағзамовтың ұлы Жүрсін Ағзамов ересектер арасында 115 кило салмақта қола медаль иеленді. Талантты ұстаздың ұлы осы жолы тағы бір құрметке ие болды. Дүниежүзілік стрендлифтинг федерациясының президенті Бабул Бикас Патрабанистың ұсынысымен Жүрсін Ағзамов осы федерацияның вице-президенті болып сайланды. Демек, болашағы зор спорт түрі Қазақстанда дами түспек.

– Стрендлифтинг – болашағы зор спорт. Ол Үндістанда дүниеге келді. Қазірдің өзінде әлемнің елуден астам мемлекетінің адам­дары стрендлифтингпен шұғылданады. Ауыр атлетикамен ағайындас, бірақ одан да күрделі спорт түрі болашақта Олимпиада бағдар­ламасына еніп жатса, таңғалмау керек. Яғни спорттың осы түрін Қазақ елі де жатсынбауы керек, – дейді М.Ағзамов.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

журналист

 

ӨСКЕМЕН