Айтыс ақыны Әзімбек Жанқұлиевтің сахнадағы өнері халықтың жүрегінде сақталған. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкен тұлғаның әуені мен тапқырлығы жұрт жадынан ешқашан өшпек емес.
Жақында Байзақ ауданында Әзімбек Жанқұлиевтің 60 жылдығына орай «Өнердің аққан жұлдызы» атты еске алу кеші ұйымдастырылды. Әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде өткен іс-шараға жергілікті халық көп жиналды.
Ақынның аты ардақталған іс-шара барысында еліміздің еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан, айтыскер ақындар Ербол Қамбатыров пен Есет Досалы айтыс ақынының кісілік келбеті, азаматтық ұстанымы туралы естеліктерін ортаға салды. Сондай-ақ олар Әзімбектің үлкен айтыстарда орайын тауып айтқан ұтымды шумақтарынан үзінділер келтірді. Облыстық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Керім Ізбасаров пен жергілікті ақын Жанатбек Тұрғынбайтегі жылы естеліктерімен бөлісті.
«Талантымен талайларды тамсандырған Әзімбектің еліміздегі үлкен айтыстарда жасындай жарқырағанын баршамыз жақсы білеміз. Әдемі әуенімен, шырайлы шумақтарымен дараланған Әзімбек Өзбекстан, Түркия елдерінде өткен жыр додаларында да жүлдегер атанған болатын», деді жергілікті ақын Қасқырбай Нарбатыр замандасы туралы сыр шертіп.
Бұл күні Әзімбектің әлеміне үңілгендер ақынның өлеңдерін оқыды, жүрекке жылы тиген әндер шырқалды. Іс-шара соңында Әзімбектің ағасы Алтынбек Жанқұлиев еске алу кешін ұйымдастырған азаматтарға ризашылығын жеткізді. Әзімбекті айтыс өнеріне баулыған Қасқырбай Нарбатырдың иығына зерлі шапан жапты. Өз кезегінде Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов марқұмның ағасы Алтынбек пен әпкесі Мейізкүлге құрмет көрсетті.
Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы