• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ең қысқа әңгіме 21 Қыркүйек, 2022

Сірге мөлдірету

833 рет
көрсетілді

Күзгі дала сәл ғана күре­ңітіп жатыр. Орман-то­ғай­дың қойнауы әлі де жасыл бояуынан айырылмапты. Жа­уын-шашынның әсері-ау. Тө­ңіректегі егін жиналып алын­­­ған соң жаз бойы қа­мап ба­ғылған жылқының да аяғы ұзарған. Қарағаштың бергі бетінде жатыр екен. Қар түс­кенше тәп-тәуір қоң жинап қалуға тиісті.

Ежелгі дос Есенбайдың үйіне ат басын тірегенбіз. Біз­ден бұрын да келген қонақ­тар бар екен.

– Ауыздарыңның салымы бар екен, дәл келдіңдер, – деп қауқылдап қалды ол, – сірге мөлдіретіп жатырмыз.

Шаңыраққа сәлем беріп, ілгері оздық. Әншейінде әдейі іздеп барсаң таптырмайтын ауылдың ақсақал-қарасақалы осы үйге жиналыпты. Орта­ларында дәу табақ. Марқаның майлы етін жеп, сары қымызды сапырып ішіп, мәслихат құрып отыр екен.

– Қалада не жаңалық бар? – деді Қонысбай ақсақал, – біз міне, елде тіршілік етіп жа­тырмыз. Жағдай жаман емес, биыл ылғал мол болды, шөп те жақсы шықты. Мынау оңтүстіктен келген ағайын­­ның ізімен жақсы дәс­түр жалғаса келді. Өздері қан­дай ұйымшыл?! Бір-бі­ріне қолғанат көмектерін аямайды екен. Қамысақтының бойындағы қыруар жерді қол­шалғымен шауып алды. Біздің жақ мұндай қол көмекті асар деп, олар үме деп атайды екен. Есебі, бір-біріне қарайласып, ауқымды істі бірігіп бітіретін шара үме аталса керек. Өзен жиегіне үй тігіп, ас әзірледі. Ал жігіттер өзен аңғарындағы ұйысып біткен жоңышқаны қолшалғымен шауып алды. Біз атамыздан қалған шалғыны баяғыда техникаға сеніп лақ­тырып тастасақ, бұлар әлі ұс­тап жүр. Қолшалғымен шап­­қан шөп қандай тамаша, шаң-тозаңы болмайды. Қыс­тың күні жидектің иісі аңқып тұрады, тіпті бар ғой, мал тү­гіл өзің жегің келеді.

Жолсерігім Сабырбектің аңқасы кеуіп келген екен, дәу сырлы аяққа құйылған, бе­тінде майы жүзіп жүрген қы­мыздың үш кесесін сіміріп алды. Қып-қызыл болып піс­кен бауырсақты сары май­ға батырып жеген сайын әлгінің тәбетіне қарадан қарап отырып өзің де разы болады екен­сің. Ар жаққа ел қонған соң келген шаруамызды тындырып, кері аттанғанбыз.

Күзгі жол күреңітіп жатыр. Жолаушыға ой серік, әлден уақытта үнсіздікті жолсерігім бұзған.

– Аға, осы әлгі үй неге қо­нақ шақырып жатыр? – деп сұрады ол, – сірге мөлдіретер деді ме?

– Күздің күні бие ағытар уақытта соңғы қымызға ет жа­қын ағайын-туысты, ауылдың ақсақалдарын шақырып дәм береді. Оның арғы жағында қолында барымен бөлісе білген ұлтымыздың қонақжай қасиеті жатыр. Дәм адамдарды бірлікке шақырады, ал бір­­ліктің арғы жағында бе­ре­­ке бөгіп жатқан жоқ па? – дедік біз.

Жолсерігім қайтып үн қат­қан жоқ. Ежелден білемін ғой, қарны тойса болды, қазақтың қай кәдесі болса да қолайына дөп келеді.

 

Көкшетау