Кез келген мемлекеттің өсіп-өркендеуіне оның әлеуметтік-экономикалық дамуы және саяси тұрақтылығы оң әсерін тигізетіні түсінікті. Осы орайда халықтың денсаулығы да өте маңызды рөл ойнайды. Өйткені мемлекеттің алға қойған мақсат-мүддесін, стратегиялық жоспарларын іске асыратын сол елдің азаматтары. Демек ол міндетті орындау үшін бірінші кезекте ұлттың саулығы қажет. Ал бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ең алдымен бұқаралық спорт пен спорттық инфрақұрылымды дамыту керек. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында талай мәрте айтып, осы бойынша Үкіметке тиісті тапсырмалар берген-ді.
«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуға тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағытты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек», деген болатын Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.
Президенттің бұқаралық спортқа қатысты тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қаласында жастар лигасы жобасы қолға алынған. Аталған игі іс-шараның көздеген негізгі мақсаты өскелең ұрпақты спортқа баулу, сол арқылы жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттап, жаман әдеттерден сақтау. Өйткені бүгінгі жаһандану дәуірінде интернет, әлеуметтік желілерден келетін қауіп күшейіп тұрған шақта өсіп келе жатқан ұрпақты жамандықтардан сақтаудың бірден-бір жолы спорт болып отыр. Адамды аздыратын бос уақыт демекші, спортпен шұғылданған жаста оқу мен дене шынықтырудан басқа іс-әрекетке уақыты да қалмайтыны, зауқы да соқпайтыны белгілі. Сондықтан республиканың үшінші мегаполисінде қолға алынған тың бастама ұрпақ тәрбиесінде, ұлттың саулығын күшейтуде өзінің жемісін беретіні шүбәсіз.
Осы орайда жуырда қалалық әкімдіктің бастамасымен, соның ішінде ішкі саясат және жастар істері басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Шымкент жастар лигасы» жобасының үшінші кезеңінің тұсауы кесілді. Аталған спорттық жарыстың ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов бастаған бір топ депутаттар, спорттық бәсекеге демеуші болған «3-Энергоорталық» АҚ бизнес-серіктесі Ш.Нұртаева мен корпорация менеджері Ш.Нысамбекова және аудан әкімдері мен ұстаздар қауымы қатысты.
Мінберден сөз алған жарыс ұйымдастырушылары жобаның мақсаты – мектеп оқушыларының сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалану, спортпен шұғылдануға жол ашу, олардың ерік-жігері мен табандылығын қалыптастырып, Қазақстан Республикасының чемпионаттарына команда жасақтау деді.
Өз кезегінде спорттық бәсекенің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Шыңғыс Жұмабекұлы жарыс жолына шыққан жас спортшыларға сәттілік тіледі.
– Қаламыздың жалынды жастары «Шымкент жастар лигасын» жетістік пен саламатты өмірге бастайтын жаңа жол деп білгейсіздер. Осы бастама арқылы шаһарымыздың жастарында спортқа деген қызығушылық оянып, табанды күрес пен тынымсыз еңбектің нәтижесінде келешекте лига ойындарынан әлемдік додаларды бағындыратын жігерлі де қайратты спортшылардың шығатынына сенеміз! Тағы бір айта кететін жайт, Шымкент жастар лигасы – республика бойынша үздік жоба атанып, үлкен қолдауға ие болды. Бұл жоба жастарды патриот, отансүйгіш, елжанды болып өсуіне септігін тигізеді деген ойдамыз. Спорт денсаулықтың ғана кепілі емес, сонымен қатар ол адамды табандылық пен күрескерлікке үйретіп, ерік-жігерін шыңдай түседі. Бүгінде мемлекет сіздердің сапалы білім, саналы тәрбие алуларыңызға әрі бәсекеге қабілетті азамат болып өсулеріңізге қолайлы жағдай жасап отыр.
Тек спортта ғана емес, ғылымда да, өнерде де және өзге салаларда жүзден жүйрік атанып, еліміздің абыройын асқақтата берулеріңізге тілектеспін! Ел сіздерден, жастардан зор үміт күтеді. Ендеше жеңісті күндеріміз көп болғай! – деген қала әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан жастарды білім алумен қатар саламатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Осы тұста айта кету керек, ауқымды жобаға 2021-2022 оқу жылы аралығында 151 мектептен футбол, волейбол, баскетбол, шахмат ойындарынан, яғни спорттың төрт түрі бойынша 514 команда, жалпы саны алты мыңға жуық мектеп оқушылары қатысқан болатын. Ал үшінші рет ұйымдастырылып отырған «Шымкент жастар лигасы» 2022-2023 оқу жылы аясында сол бұрынғы талапқа сәйкес қаладағы жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында өтетін болады. Сайысқа футбол, баскетбол, волейбол, шахматтан 138 мектептен құралған 514 команда, яки 5926 оқушы қатысады. Лигадағы командаларды қолдап, демейтін жарысқа қатысушы әрбір мектептен арнайы фанклубтар жасақталды.
Өз кезегінде алғашқы жарыс спорттың волейбол түрінен басталып, екі команданың ойыны да өте тартысты өтті. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №50 мектеп-гимназиясы мен Жүсіпбек Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясының командалары өзара сайысқа түсті. Жарыс нәтижесінде №50 мектеп-гимназиясы өз қарсыласын ұтып, 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Тәрбиелі, білімді, алғыр әрі дені сау ұрпақ – еліміздің ең қымбат байлығы. Жастардың оқумен қатар, спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеті. Жалпы бұқаралық спортты дамыту мәселесіне өзінің Жолдауында айтқан Президент тапсырмасына сәйкес қазір Үкімет те, жергілікті әкімдік те ерекше назар аударып жатыр. Осы жағы бізді ерекше қуантады, деді халық қалаулылары.
«Шымкент жастар лигасы» ІІІ маусымының ашылу салтанаты барысында алдыңғы ІІ маусымның жүлдегері атанған үздік мектептерді де марапаттау рәсімі өтті. Онда жеңімпаз 4 командаға су жаңа автокөлік кілттері тапсырылды.
Тарқатып айтсақ, былтырғы додада шахматтан 4 ауданнан 130 команда, 520 оқушы қатысып, Өмірбек Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейі жүлделі орыннан көрінді. Сол секілді 1464 оқушыдан құралған 122 команда арасында баскетболдан сынға түскендер ішінде М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы бас жүлдені жеңіп алды. Ал волейболдан бәсекеге түскен 129 команда арасында Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта мектептің асығы алшысынан түсті. Сонымен қатар футболдан 133 құрама командадан алға суырылып шыққан Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы жүлделі І орынды иеленді.
«Шымкент жастар лигасының» ІІ маусымын қорытындылаған іс-шарада қала әкімі Мұрат Әйтенов жарыстың маңыздылығы, қоғамға берер пайдасы туралы сөз қозғаған еді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына орай бұқаралық спортты дамыту мақсатында кешенді бағдарлама әзірленді. Сол бағдарламаны жүзеге асыру аясында қаламызда жастар арасында ауқымды спорттық бәсеке қолға алынды. Дені сау жас – елдің келешегі. Сондықтан өскелең ұрпақтың өз Отанын сүйетін, жерін жаудан қорғай білетін жігерлі де батыл болып өсуі мемлекет үшін өте маңызды. Спорт арқылы бірінші кезекте адамның денсаулығы күшті болады, екіншіден, денені шынықтыра отырып жастар еңбекқор, өз мақсатына қалайда жетуге тырысатын табанды, ерік-жігері мықты азамат болып өсіп шығады. Мойындау керек, жарыста жеңіске жеткен оқушылар тек спортта ғана емес, өздерінің де мектептерінің абыройы мен беделі үшін күресті. Бүгін өзі білім алатын алтын ұя мектебінің намысын қорғаған жас жеткіншек ертең ер жеткенде елінің де намысын қорғайтын, Отанына адал қызмет ететін азамат болып қалыптасатынына сенім мол. Сондықтан бұл жарыстар мен жеңістер жастардың күреске толы өмір жолындағы алғашқы қадамы болмақ», деген еді шаһар басшысы М.Әйтенов.
Саламатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту аясында мегаполисте іске асырылып жатқан бұдан басқа да ауқымды іс-шараларды атап өтуге болады.
Соның бірі – Шымкент марафоны. Айта кету керек, биыл 5-ші рет өткен осы жүгіру марафонына 5 мыңға жуық азамат қатысып, өзіндік бір рекорд орнатылды. Жүгіру сайысында жас мөлшеріне шектеу қойылмағандықтан 6 жасар баладан, сексен жасты алқымдаған қарияға дейін жарыс жолында бақ сынасты. Өз кезегінде саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында қолға алынған бұқаралық жарыстың жүлде қоры 11 млн теңгені құрады.
Марафонға әр облыс, қаладан, тіпті Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан секілді алыс-жақын шетелдерден де келіп қатысқан спортшылар болды. Жүгіруде әуесқой спортшылар бірнеше қашықтық бойынша жүлдеге таласты. Ең ұзақ қашықтық 42 шақырымды Шохрух Давлатов есімді азамат бірінші болып бағындырды. Көрші ел Өзбекстан Республикасынан келген марафоншы аталған аралықты 2 сағат 25 минутта жүгіріп өтті.
Сонымен бірге биылғы марафон бағдарламасына скандинавиялық жүріс пен экиден сынды бағыттар да қосылды.
ШЫМКЕНТ