• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 21 Қыркүйек, 2022

МӘМС жүйесін жетілдірудің маңызы

306 рет
көрсетілді

Қазір МӘМС қаражаты есебі­нен адамдар бұрын ақылы түр­де қолжетімді болған меди­ци­на­­лық қызметтерді ала алады. 2022 жылдың 7 айында Медициналық сақтандыру қо­ры салалық мамандардың 95 млн кеңесі мен диагностикалық тек­серулер, соның ішінде қым­бат тексерулер – КТ, МРТ, ПЭТ, 12,6 мың қымбат тұ­ра­тын операциялар, оның ішін­де шамамен 4 мың ЭКҰ қыз­метін көрсеткен. Бұл туралы Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен баспасөз мәс­ли­хаты барысында Әлеу­меттік медициналық сақтандыру қо­ры­ның басқарма төрағасы Айдын Ашуев мәлімдеді.

Саланы одан әрі дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, медициналық көмекті қаржыландырудың жаңа тәсілдері ұсынылады. Брифингте ӘМСҚ басшысы медициналық сақ­тандыру жүйесі медициналық кө­мек­ке мемлекеттік және жеке шы­ғындардың жеткіліксіздігіне бай­ла­ныс­ты денсаулық сақтау сала­сы­ның қар­жылық тәуекелдерін жою үшін енгізілгенін атап өтті.

«МӘМС жүйесін енгізу арқылы келесі мақсаттар көзделген: медици­на­лық қызметтерді қаржыландыру көлемін арттыру, халықтың қалта шығындарын азайту, халыққа меди­циналық қызметтердің қолже­тім­ді­лігін қамтамасыз ету, медицина қыз­меткерлерінің жалақысын арт­­тыру, медициналық ұйымдар ара­сында бәсекелестікті арттыру, амбу­­латориялық дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз ету тізбесін кеңейту. Мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесі енгізілген 2,5 жылда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді», деп атап өтті А.Ашуев.

Оның айтуынша, МӘМС жүйесін енгізгелі жетілдіруге ақша жетпеген медициналық көмек түрлері қосымша қаржыландырылды. Қыз­мет көрсететін медициналық ұйым­дар­дың саны артты, олардың көбі (52%) – жеке клиникалар.

«Ұзақ уақыттан бері алғаш рет меди­цина қызметкерлерінің жа­ла­­қысын жыл сайын жоспарлы түр­де арттыру жүргізіліп жат­қа­нын ерек­­ше атап өткім келеді. Нә­ти­же­сін­де, дәрігерлердің орташа жа­ла­қысы 189 мың теңгеден 415 мыңға дейін, ал орта медициналық пер­сонал­дың жалақысы 120 мыңнан 230 мың теңгеге дейін өсті. Халықты МӘМС жүйесіне тарту жөніндегі ведомс­тво­­аралық жұ­мыстың маңыз­ды­лы­ғы зор. Ол жер­гілікті атқарушы органдармен, мемлекеттік аумақтық бөлім­ше­лерімен және Ішкі істер ми­­нис­трлігімен, медициналық ұйым­­дар­мен бірлесіп өткізілуі керек. Қор барлық коммуникация арна­ла­ры бойынша халықпен кері бай­ланысқа ерекше көңіл бөледі. Жеті айда Бірыңғай медициналық ақпа­рат­тық call-орталыққа 460 мың өті­ніш келіп түсті. Өтініштердің 93%-ы – кеңес беру сипатындағы мә­се­лелер. Өтініштердің құрылымы ме­ди­циналық көмектің сапасына және денсаулық сақтаудың басқа да мәселелеріне қанағаттанбаудың барлық жағдайлары бойынша азаматтар шұғыл шаралар қабылдау үшін біздің қорға шағым жолдайтынын көрсетеді. Бізге 7 айдың ішінде 13 мыңнан астам шағым түсті (өтініштердің жалпы санының 3%)», деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төра­ға­сы.

Оның айтуынша, ең жиі кезде­се­тіні – медицина қыз­мет­кер­леріне емхана деңгейінде медициналық көмек көрсетпеу туралы шағымдар. Медицина қызметкерінің емхана дең­гейінде медициналық көмек көр­сет­пеуі – 26%, сапасыз меди­ци­налық көмек көрсету – 23%, КДҚ (оның ішінде профильдік дәрі­гер­лердің кеңесі, КТ, МРТ және т.б.) ұзақ уақыт күту – 8,4%. Ег­жей-тегжей қарауды талап ететін шағымдар бойынша қор мамандары экономикалық ықпал ету шараларын қолдана отырып, жоспардан тыс мониторинг жүргізуге ше­шім қабылдайды. Ұйымдарға көрсетілген медициналық қызмет­тер үшін ақы төлеу медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша қор медициналық ұйым­дар­ға қатысты 11,8 млрд теңге сомасына 882,6 мыңнан астам кемшілікті анықтады.

Қор басшысы МӘМС жүйесі жұмыстарын жетілдіру бойынша жос­парларын айтты. Қор жүйе­нің басқа қатысушыларымен – уәкілетті орган Денсаулық сақтау министрлігімен, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігімен, сондай-ақ өңірлік денсаулық сақ­тау басқар­маларымен және тіке­лей медициналық ұйымдармен бірлесіп, медициналық сақтандыру жүйе­сін­дегі проблемаларды шешудің жаңа тұжырымдамалық тәсілдерін әзір­леу­де.

Айдын Ашуев атап өткендей, процестердің ашықтығын қамта­масыз ету үшін қор деперсона­ли­за­ция­ланған айқаспалы және толассыз мониторинг жүргізуді көздейтін ақпараттық жүйені әзірледі және сынақтан өткізуде.

«Бұл, алдымен, сыбайлас жем­қорлық тәуекелдерін жояды. Екін­шіден, сарапшыға медициналық көмек алатын пациенттің бағытын көруге мүмкіндік береді (учаскелік дәрігердің қабылдауынан бастап, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және оңалтуға дейін)», деп қор басшысы әзірленген ақпараттық жүйенің маңыздылығын түсіндірді.

Сондай-ақ ол қордың медици­на­лық қызметті алу фактісін растау үшін жеке верификация тетігін ен­гізуге ниетті екенін айтты. Әрі қа­рай оны медициналық көмектің сапасын бағалау үшін де қолдануға болады. Осылайша, адамдар қан­дай қызметтерді алғандарын және қандай мөлшерде алғанын көре­тін болады, ал қор көрсетілген ме­ди­циналық қызметтер үшін ақы тө­леу кезінде осыны ескеретін бо­ла­­ды. Сондай-ақ қор басшысы па­­циенттерді қолдау қызметтерінің жұ­­мысы бойынша сұрақтарды атап өтті. Медициналық ұйымдармен бір­ге олардың тиімділігін арттыру­дың жүйелі тәсілдері пысықталуда.

Денсаулық сақтау министрлігінің МӘМС үйлестіру департаментінің директоры Гүлжан Шайхыбекова өз кезегінде Мемлекет басшысының саланы қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау жөніндегі тапсырмасы аясында бірқатар іс-шара іске асырылатынын атап өтті.

«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне арналған шығыстарды және халықтың 15 жеңілдікті санаты үшін мемлекеттің МӘМС жарналарын қосымша қар­жы­ландыру мәселесін пысықтау қажет. Сондай-ақ қаражатты әкім­ші­лендіруді оңайлату үшін және оларды тиімді пайдалану мақса­тын­да ТМККК және МӘМС пакет­те­рі­нің қаржы ағындарын бірік­ті­ру­ді заң­намалық реттеу керек», деп атап өтті ол.