Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында ұлттық жобаның іс-шараларын іске асыру халық денсаулығының негізгі көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік бергенін хабарлады.
Дәрігерлердің орташа жалақысы 421 мың теңгеге жетті
Ведомство басшысы ұлттық жобаның негізгі мақсаты өмір сүру ұзақтығын арттыру екенін атап өтті. Жоба 4 бағыттан тұрады. Әр бағыт бойынша міндеттер, нәтижелердің көрсеткіштері және іске асыру іс-шаралары белгіленген. 2021 жылы 26 іс-шара іске асырылып, 17 көрсеткішке қол жеткізілді. 2022 жылы ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде 34 іс-шараны орындау және 17 көрсеткішке қол жеткізу жоспарланған. А.Ғиният биылғы бірінші жартыжылдықтағы іс-шараларды жүзеге асыру қорытындыларына тоқталып өтті. Ұлттық жобаның бірінші бағыты бойынша қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету шеңберінде өткен кезеңде медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарына қаралу саны 51 млн қабылдауды құрады. Жедел жәрдем қызметі 4 млн-ға жуық шақыртуға қызмет көрсетті, медициналық авиация 1 мыңнан астам ұшуды жүзеге асырды. Стационарларда шамамен 1,5 млн науқас емделді, 350 мыңнан астам операция жасалды, 200 мыңға жуық әйелді босандыру жүргізілді. Өткен кезеңде күрделі және жоғары технологиялық медициналық қызметтердің 80 түрі бойынша 18 мыңнан астам қызмет көрсетілді.
«Онкологиялық көмектің сапасын арттыру үшін Гамма-пышақ және ядролық медицина орталықтары жұмыс істейді, онда 300-ден астам операция жасалды және 400-ге жуық пациент емделді. Семей қаласының ядролық медицина орталығының бірегейлігін атап өткім келеді, онда өндірістен диагностика мен емдеуге дейін отандық радиофармпрепараттар толық циклде қолданылады», деді А.Ғиният.
Шалғайдағы ауылдардың 1 млн-нан астам тұрғыны үшін 149 жылжымалы медициналық кешен консультациялық-диагностикалық қызметтер, скрининг, дәрі-дәрмек ұсына отырып, медициналық көмек көрсетілді. Биыл 10 өңірде 38 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен 2 «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздарының жұмысы қайта жанданды. Ауылдық елді мекендерде 6 фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы аяқталды, 17 объекті салынуда, ғимараттарды жалдау арқылы 8 объектіні ашу жоспарланған. Сонымен қатар аудандық ауруханаларды заманауи компьютерлік томографтармен, рентген аппараттарымен жабдықтау 84%-ға дейін жеткізілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған «Адамға бағдарланған тәсіл» медициналық-санитарлық алғашқы көмектің озық практикаларының жобалары енгізілуде.
Биыл Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында озық практикалар көрсету бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірінің 53 мүше-мемлекеті үшін медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша әлемдегі алғашқы демонстрациялық алаң ашылды. «Алтын сағат» принципін шұғыл пациенттерге қамтамасыз ету үшін көпбейінді аудандық орталық ауруханалардың деңгейінде Жамбыл облысының Шу қаласында жұмыс істеп тұрған 12 ауруханаға ауданаралық аурухана ұйымдастырылды. Астана және Алматы қалаларында екі ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника салынып жатыр.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде халыққа қымбат тұратын медициналық қызметтердің қолжетімділігі артты. Қазіргі уақытта 886 мыңға жуық қымбат медициналық қызмет көрсетілді.
«Медицина қызметкерлерін ынталандыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысын 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан 2 есе жоғары деңгейге дейін жеткізу мақсатында жыл сайын арттыру бойынша шаралар қабылдануда. 2022 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 421 мың теңгеге дейін жеткізілді. Бұл ретте орта медицина қызметкерінің жалақысы шамамен 235 мың теңгені құрады. Жоғарыда көрсетілген іс-шараларды іске асыру арқылы ауылдық елді мекендерді медициналық-санитарлық алғашқы көмекпен және консультациялық-диагностикалық қызметтермен қамту жоспар бойынша 47% болғанда, 49%-ға дейін жеткізілді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде амбулаториялық деңгейдегі медициналық көмектің көлемі 56%-ға дейін жеткізілді», деді Денсаулық сақтау министрі.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 2 300 бала дүниеге келді
Жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту үшін жүкті әйелдерді жеке және пәнаралық босануға дейінгі бақылаумен қамту 2%-ға ұлғайып, 82%-ды құрады, жүктілікті ерте анықтау коэффициенті 10 аптаға дейін 11%-ға өсіп, 40%-ға жетті. Бұл жүктілікті уақтылы анықтауға және жүктіліктің мүмкін асқынуларын болжауға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында 2021 жылдан бастап 2026 жылға дейін экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7 мың квота бөлуді көздейтін «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаны іске асыру кезінде 3 мыңнан астам әйелде жүктілік басталды, көптен күткен 2 300 бала дүниеге келді.
Балалар мен жүкті әйелдерді, оның ішінде қауіп топтары бар балаларды зерттеп-қарау және консультация беру үшін Пренаталдық ультрадыбыстық зерттеу скринингін жүргізуді ұйымдастырудың жаңа стандарты бекітілді, 18 Ұрықты сақтау орталығы ұйымдастырылды. Нәтижесінде, жүкті әйелдерді пренаталдық скринингпен қамту 6%-ға артып, 79%-ды құрады. Сонымен қатар зат алмасудың тұқым қуалайтын 49 ауруына жаңа туған нәрестелерге скрининг жүргізу бойынша қанатқақты жоба іске қосылды, қауіп тобындағы барлық балалар зерттеліп-қаралды. 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингпен қамту 81%-ға дейін артты.
Биыл жылына 5 мыңға жуық баланы қамтитын 8 балаларды оңалту орталығы, сондай-ақ 3 жасқа дейінгі дамуында ауытқушылықтары бар және олардың туындау қаупі бар балаларға арналған 2 ерте араласу орталығы ашылды және 2023 жылдың соңына дейін 10 мыңнан астам баланы қамтитын 13 орталық ашу жоспарланған.
МӘМС жүйесін енгізуге байланысты медициналық оңалтуды қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 7 есеге, оның ішінде балалар үшін 27%-ға ұлғайды. 2022 жылы балаларды оңалтуға 15 млрд теңге бөлінді. Дәрілік заттардың тізбесіне балалардың орфандық және ауыр ауруларын емдеуге арналған 17 препарат енгізілді, 16 млрд теңге бөлінді. Осы жылдың 6 айында ана өлім-жітімінің көрсеткішін 2,4 есеге төмендетуге қол жеткізілді. Сонымен қатар ана өлімінің ең жоғары көрсеткіштері Павлодар, Қарағанды, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында байқалады. Себептер құрылымында акушерлік асқынулар – 70%, соматикалық аурулар 30%-ды құрады.
Нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші 1000 тірі туғандарға шаққанда 8,3-ті құрады. Нәрестелер өлімінің ең жоғары көрсеткіштері Шымкент қаласы, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында байқалады.
«Медициналық ұйымдардың кадрлық әлеуетін нығайту үшін резидентурада медицина кадрларын, оның ішінде акушер-гинекологтер, неонатологтер және анестезиолог-реаниматологтер сияқты арнайы және тапшы мамандықтарды даярлауға арналған гранттардың саны 1,5 мыңға дейін ұлғайтылды», деді А.Ғиният.
«Дені сау ұлт» ұлттық жобасының екінші бағыты бойынша халықтың санитариялық-эпидемиялық саламаттылығын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар іске асырылып жатыр.
«Жалпы республикада инфекциялық аурулар бойынша эпидемиялық жағдай тұрақты. 2022 жылдың өткен кезеңінде 25 инфекциялық ауру жағдайлары, оның ішінде тырысқақ, оба, туляремия, паратиф, іш сүзегі, сіреспе, дифтерия, полиомиелит бойынша тіркелген жоқ», деді ол.
2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 12 нозология бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуіне қол жеткізілді. Биылғы 21 мамырда Мемлекет басшысы биологиялық қатерлерді ерте анықтауға, уақтылы ден қоюға және оның алдын алуға бағытталған «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» Заңға қол қойды.
«2021 жылдан бастап инфекциялық ауруларды эпидемиялық қадағалаудың заманауи моделіне көштік. Коронавирус инфекциясын болжау және оған ден қою жүйесі құрылды. Бұл инфекцияның ден қою және алдын алу шараларын жедел түзетуге мүмкіндік берді. Осы жылы вакцинамен басқарылатын инфекцияларды үлгілеуге, болжауға және ден қоюға кірістік», деді министр.
Ұлттық жоба шеңберінде түрлі өнімдердің – тамақ өнімдерінің, ойыншықтардың, балаларға арналған өнімдердің, құрылыс материалдарының және басқа да өнім түрлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар іске асырылады. Мәселен, тауарлар қауіпсіздігін мониторингтеу шеңберінде биыл тамақ өнімдерінің 23 мыңға жуық үлгісі зерттелді, оның ішінде 3 мыңнан астам сынама немесе 13,2%-ы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеді.
Өнімнің қауіпсіздігін бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында зертханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту жүргізілуде. Осы жылы бірқатар өңірден дәлдігі жоғары жабдықтар сатып алынды. Түрлі өнімдердегі бояғыштарды, хош иістерді, дәрумендерді, ауыр металдардың тұздарын анықтау бойынша жаңа зерттеу әдістемелері енгізілуде, сондай-ақ мамандарды оқыту жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар ағымдағы жылдың өзінде техникалық регламенттерде белгіленген айқындалатын көрсеткіштер тізбесін 84%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Отандық өндірістің қолжетімді дәрілік заттары мен медициналық бұйымдары» үшінші бағыт бойынша 2021 жылы фармацевтикалық нарықтың жалпы көлемі 820,2 млрд теңгені құрағанын атап өткен жөн, мұнда жергілікті фармацевтикалық нарықтағы отандық өндірістің дәрілік заттары мен медициналық бұйымдарының үлесіне 198,8 млрд теңге келеді, бұл 24%-ды құрайды.
Бүгінгі таңда елімізде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 89 өндірушісі жұмыс істейді. Отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі тетігі – 10 жылға дейінгі мерзімге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасу. Бірыңғай дистрибьютор 92 ұзақ мерзімді шарт жасады. Дәрілік заттардың 33 өндірісінің 27 өндірушісі GMP стандартына сәйкес келеді (85%), бұл ретте отандық 2 ірі өндіруші өндірілген дәрілік препараттарды шетелге экспорттай алады. Елімізде дәрілік заттар бойынша 3 сынақ зертханасы жұмыс істейді.
Денсаулық сақтау министрлігі қымбат бағалы инновациялық өнімдер өндірісін дамытуға, саланы технологиялар трансфері, оны цифрландыру бағытында ілгерілетуге, сондай-ақ кластерлік бастаманы дамытуға мән береді. Қазір министрлік Ақтөбе, Астана және Шымкент қалаларында осы аумақтарда өндірістік алаңдар мен озық медициналық жоғары оқу орындарының болуына, сондай-ақ еркін экономикалық және индустриялық аймақтардың болуына байланысты 3 кластерлік аймақ құруда.
Өңірлерде ұлттық жобаны іске асыру барысы туралы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндады.
Медицина гранттары санын көбейту керек
Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр қазір жаңа денсаулық сақтау объектілерін салуға, медициналық техника сатып алуға, заманауи технологияларды енгізуге, кадрларды оқытуға қомақты қаражат жұмсалып жатқанын айтты. Мәселен, қымбат медициналық зерттеулер қолжетімді болды. Былтыр науқастарды радиохирургиялық емдеуге арналған Орталық Азия елдеріндегі тұңғыш Гамма-пышақ орталығы ашылды, медицина қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай өсті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты жобасы әзірленуде, 2025 жылға қарай ауылдық елді мекендерде 650 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектісін салу көзделіп отыр. Сондай-ақ 32 аудандық аурухана жаңғыртылады», деді Ә.Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр тез арада шешілуі тиіс бірқатар мәселені қозғады. Атап айтқанда, Үкімет басшысы азаматтардың ТМККК және МӘМС бойынша өтініштерін айтты.
«Бірінші кезекте дәрігерлік көмектің көлемі жеткіліксіз деп шағым айтуда. Денсаулық сақтау және Қаржы министрлігімен бірлесіп, 1 қарашаға дейін оларды қаржыландыруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырамын» деді Ә.Смайылов.
Премьер-Министрдің айтуынша, ана мен бала өлімінің көрсеткіштерін төмендету үшін шұғыл шаралар қабылдау және әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығына тұрақты мониторинг жүргізу керек. Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі балаларға уақтылы оңалту көмегін көрсетуге ерекше назар аудару қажет.
«Өңірлермен бірлесіп, заманауи перинаталдық орталықтар салу және балалар ауруханаларын керекті жабдықтарымен жарақтандыру жөнінде шаралар қабылдау қажет», деді Ә.Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру гранттарының санын арттыру мәселелерін пысықтауды және денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында медициналық ақпарат жүйелерінің интеграциялануын қамтамасыз етуді тапсырды.