Жетісудың жеміс-жидегі мен көкөнісіне қол жеткізе алмай жүрген елордалықтар үшін «Астана Арена» стадионының аумағында облыстың тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкенің алғашқы күнінен-ақ жетісулықтар алып келген 227,1 тонна өнімінің 150 тоннасын сатып үлгерді.
Алматы мен Жетісу өңірі бірлесіп өткізген жәрмеңкеге Жетісу облысының 8 ауданы мен 2 қаласы қатысты. Сонымен қатар Көксу қант зауыты да өз тауарын ұсынды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, астаналық тұрғындар үшін елордаға жалпы сомасы 401,4 млн теңге болатын 227,1 тонна өнімнің 54 түрі апарылған. Соның ішінде ет-сүт, шұжық, балық өнімдері, қант, ұн, жарма, өсімдік және жануар майлары, көкөніс, жеміс-жидектер, бал, ұлттық сусындар және т.б. азық-түліктер бар. «Сауда қызу жүрді» дейді шаруалар. Жалпы, жәрмеңкеге жетісулық 35 шаруа қожалығы қатысты.
«8 жылдан бері Астанада тұрамын. Өзім негізі Талдықорғаннан көшіп келгенмін. Жетісу облысы жәрмеңке өткізеді деп естігенде қуана-қуана келдім, туған жерімнің экологиялық таза өнімдерін сатып алдым. Жыл сайын жәрмеңкеде сары май, ет, алма мен көкөністерді молынан алып қайтамын», деді астаналық Марғуа Жадыраева.
Жәрмеңке алаңында Астана қаласының әкімдігімен бірлесе концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.